Биыл адамзаттың назарын аударған көптеген оқиға болғаны белгілі. Соның бірі әрі бастысы – Ресей мен Украина арасындағы геосаяси қақтығыс. Басталғанына жылға жуық уақыт өткен майданның келешегіне қатысты болжам көп. Осы тұста біз де жағдайға шолу жасап, екі елдің ахуалын шамалап көрдік. Сүреңсіз сценарий Жалпы, Ресей тарапы әу баста ісінің әлқиссасын аңдысуынан-ақ аңғартқандай еді. Мәселен, соғыс басталмай тұрып, бірнеше ай бойы Ресей Украина шекарасы маңына мыңдаған әскерін әкеліп, Беларусь әскерімен бірігіп жаттығу өткізе бастады. Қаңтардың басында «Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін» деген алғашқы ақпарат шыққан. Ақпанның ортасында АҚШ, Ұлыбритания соғыс басталатыны жайлы бірнеше мәрте мәлімдеді. Бәрінде де Мәскеу Батыс елдерінің мәлімдемесін жоққа шығарып келген еді. Сонымен, 21 ақпанда Ресей Украинаның шығысындағы сепаратистердің «ДХР» мен «ЛХР» деп аталатын жікшіл аймақтарының тәуелсіздігін мойындап, 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірді. «Әскери операция» атанған бұл жайттың халыққа зардабы орасан тиді: Киев, Харьков, Херсон қалаларында жарылыстар болды. Хош, бұдан кейінгі оқиғалардың бәрін тізбектеп жатпаймыз. Екі тарап жақын арада келісімге келе қоймайтынын да анық байқатты. Енді қай ел өз мүддесін қорғауда айласын асыра алып жатқанына тоқталсақ. Алғашында абдырағандай көрінген Украина қазір ұрыс даласында да, ақпараттық соғыста да өз ықпалын сездіре бастады. Әсіресе, екінші тұста. Байқасақ, Украина ақпарат тарату мәселесіне келгенде бәрін жүйелі түрде істеп отыр. Ал Ресей жағында деректің ашықтығы жоқ. Бір ғана мысал, 24 ақпаннан 23 желтоқсанға дейін Украина аумағында Ресей әскерлерінің 100 950 адамы шығынға кеткен. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы мәлім еткен. Сондай-ақ олар 3005 (+2) танк, 5986 (+5) брондалған жауынгерлік машина, 1984 (+6) артиллериялық жүйе, 414 (+1) дүркіндетіп ататын реактивті жүйесін, 212 әуе қорғанысы құралын, 283 ұшақ, 267 тікұшақ, 1698 (+5) жедел-тактикалық деңгейдегі ҰҰА, 653 қанатты зымыран, 16 кеме/қайық, 4622 (+7) автомобилін жойған. Осының өзі Украина жағының ерлігін айқындап тұрғандай көрінеді. Кез келген мәлімдемесінде ашық әрі нақты фактілер арқылы қарсыластың мысын баса біледі. Соңғы кездерде ресейлік жауынгерлердің шабуылдан қорғанысқа ойысқаны айтылады. Бұдан бұрын Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов ресейліктерде үш-төрт шабуылға жететін зымыран қоры қалғанын мәлімдеген еді. Оның үстіне Украина әскерилері Ресей қолданып жүрген ирандық дрон-камикадзені атып түсіруді әбден меңгерді. Тағы бір айта кететін жайт, осы айда Ресейдің үш қаласындағы әскери аэродромдарға дрондармен соққы берілгені есімізде. Үш жауынгер қаза тауып, бомбалаушы ұшақтар зақымданды. Киев бұл шабуылдар үшін жауапкершілік алған жоқ. Дегенмен, Кремль де, кейбір батыс басылымдары да майдан шебінен 500-700 шақырым жерде орналасқан авиабазаларды Украина атқылады деп есептейді. Бұл мәліметтер рас болса, Киев Ресейдің азаматтық инфрақұрылымды кедергісіз қирататын мүмкіндігіне қауіп төндіріп тұр. Украинаны қорғаушылар Киевтің шетіндегі аэродромды басып алуға әрекеттенген ресейлік элиталық десантшыларды соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ жойды. Сәуірде олар Ресейдің Қара теңіздегі флагмандық крейсері «Москваны» құрдымға жіберіп, жақында Путин «мәңгілік Ресейдікі» деп жариялаған Херсонды азат етті. Сонымен, осы күні Ресей шабуылдан қорғанысқа көшіп, жүздеген резервисті сапқа тұрғызып, оккупациялаған территорияларды уысынан қайтсе де шығарып алмауға жанталасып жатыр. Кезінде Киевтің бірнеше күнде күйрейтінін болжаған әскери сарапшылар бүгінде Украинаның жеңіске жету мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ал Киев Ресей әскерін бүкіл елден, соның ішінде 2014 жылы уысынан шыққан Қырымнан да қуып шыққанша тоқтамайтынын ескертіп отыр. Қанша уақытқа созылары беймәлім Бұл тақырыптың айналасындағы әңгімелер қазір «соғыс қашан бітеді?» деген сауалға жетелеп жатқаны анық. Әр жерде болжамдар да жетерлік. Жоғарыда айтқанымыздай, екі тарап өз мүддесін соңына дейін қорғайтыны анық. Яғни, белгілі бір келісімнен дәмеленудің реті жоқ секілді. Екі жақтың алдында жаңа проблемалар жол тосып тұр. Ресейдің шегіністері, соның ішінде кең Днепрдің арғы жағына өтіп, майдан шебін әлдеқайда қысқартқаны олардың бекіністерін күшейте түскені даусыз. Осыдан соң Украинаға күзде соғыстың бағытын өзгерткен жетістіктерді қайталау мақсатында қарсыластың осал тұстарын табу қиынға соға бастайтындай. Десе де, қыс мезгілі украиналықтарға басымдық беруі де мүмкін. Себебі олар енді Ресейде таяуда ғана әскерге шақырылған, майданда аса тәжірибесі жоқ резервистермен шайқаспақ. Мәскеу болса жауынгерлерін мыңдаған шақырым жерден тамақтандыруға, керек-жарағымен қамтамасыз етуге тиіс. Осы тұста АҚШ-тың Еуропадағы құрлықтық күштерінің бұрынғы қолбасшысы Марк Хертлингтің соғысқа қатысты бір ойы назар аудартады. «Украина әскері осы уақытқа дейін ресейліктерге шеберлікпен шабуылдап, тойтарыс беріп келді. Алайда оған қарсыластың шығыстағы қорғанысын бұзып, оңтүстіктегі Днепр өзенінен өту қиын болады. Дегенмен украин жауынгерлері бәрібір табысқа жетеді, бірақ тез арада емес», – деген ол. Біздің білетініміз, соңғы уақытта соғысты аяқтау немесе оған үзіліс жариялау жайлы келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Киев тіпті уақытша бітімнің өзі Ресейге қайта топтасып, басып алынған жерлердегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейтіндей. 2022 жыл аяқталуға жақындағанда Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына зымырандармен соққы беріп, миллиондаған украиналықты қаратүнекке батырып, жылусыз қалдырды. Мәскеу осылайша Киевті өз шарттары бойынша келіссөздерге көндіруден үмітті. Украина көршісінің зымырандарымен азаматтық нысандарды қиратуын әскери қылмыс деп есептейді. Өйткені оларды азаматтарының жай-күйі алаңдатпай қоймайтыны белгілі. Қорыта айтқанда, бұл қақтығыс екі ел үшін де аумалы-төкпелі кезеңде тұр. Дегенмен соңғы кезде Украина тарапының басымдығы байқалады. Бұлай жалғаса берген күннің өзінде тараптардың бір-біріне илігуі қиын-ақ. Шамасы, бұл тақырыпта әлі талай толғанамыз.