Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар!
Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар!
677
оқылды
Барыс жылы батыл шешім мен ерекше оқиғаларымен есте қалды. Соның ішінде ел жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленгендер көп. Бірі адам өмірін құтқарып есте қалса, ендігісі әсерлі сөзімен, әрекетімен желі жұлдызына айналды. 2022 жылы танылған жұлдыздар кімдер? батыл әйел Батыл әйел Қаңтар оқиғасынан кейін біраз тұлғамен таныстық. Соның бірі – Бибігүл Дәндіқара­қызы. Ол 7 қаңтарға дейін Алматыдағы ұлттық музейде болған. Директор ретінде ішін­дегі жәдігерлер мен адамдарды қорғау­ды азаматтық борышым деп түсінген. Таң­данар­лығы, музей сыртындағы камерадан жаралы әскерилердің ішке кіре алмай жүр­генін көріп, 15 шақты сарбазды жертөлеге жасырады. Жараларын таңып, алғашқы көмек көрсетеді. Музейге ентелеп кірген бүлікшілерге бұл жердің киелі орын екенін, жәдігерлер жоғалса ұлттық рух сынатынын ескертеді. Мұндай жалынды сөзден кейін біразы қаймығып қалған. Осылайша, Бибі­гүл Дәндіқарақызы түскі сағат төрт пен кеш­кі тоғыз арасында бүлікшілердің «көңі­лін» аулап, жағдайды контрольда ұстайды. Бұл жағдай аяқталғасын көпке дейін терең ойда жүреді. Жақындары себебін сұрағанда музейге ентелеп кірген жастардың «Алтын адамды» сұрағанын, оларды алтын-күміс қызықтырғанын айтып ашынады. Тарих алдын­дағы борышты түсінбейтін ұрпақ өсіп келе жатқанына күйінеді. Ал осындай әсерлі оқиғаны естіген жұрт батыл әйелдің әре­кеті­не, биік бейнесі мен ішкі рухының асқағына таңданады. Сәбит пен Сағи Сәбит пен Сағи 2022 жылдың жазында Астана тұрғыны Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиев тұрғын үйдің 8-қабатында балконда ілініп тұрған қызды құтқарады. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше балконда салбырап тұрған қызды аман-есен үйіне алып кіреді. Мұны көрші қабаттағы тұрғын видеоға түсі­ріп алады. Желіде лезде таралып кеткен ви­део­ны халық жылы қабылдап, тілегін жаудырады. «Көп тілегі – көл дегендей» кәсіпкерлер мен халық Сәбиттің елордада пәтер жалдап тұратынын біліп, қор жинауды бастап кетеді. Жұрттың бұл әрекеті ешкімді бей-жай қалдырмай, күллі Қазақстан болып азаматтың үйлі болуын қалайды. Осылайша, кәсіпкерлер Сәбит Шонтақбаевқа да, көмектескен Сағи Жылқышиевқа да пәтер кілтін табыстайды. Халық жинаған ақшасын жаңа пәтерге жөндеу жұмысын жүргізсін деп қос батырға бөліп береді. Осындай жүректі ұлды тәрбиелеген ата-анаға да алғыс айтып, сый-сияпат беріледі. Бұл оқиға қаң­тардан есеңгіреген ұлттың еңсесін көтеріп, бірігуіне, жүректерге үміт отын ұялатуға се­беп болғандай. қызыл раушан Қызыл раушан Биыл хит ән мен қошемет Ұланғасыр Қамиды нұсқайтындай. «Қызыл раушан» деп ретро стильмен эстрада есігін қаққан әншіні аудитория бірден қабылдады. Әсіресе, той-томалақтың көркін қыздырып жүр. Әннің сөзі де естелікті еске түсіріп, 90 жылдарға апарып тастайтындар әсер қалдырады. Имиджі де, жазған жаңа әндері де лезде хитке айналып шыға келеді. Өзіндік стилі бар әншіге кәрі де, жас та қолдау білдіріп жүр. тиктокер имам Тиктокер имам Жақында тиктокер имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы «Жыл блогері» атанды. Оның діни ұғымдарды әзіл-қалжыңмен араластыра жастарға икемдеп жатқаны көптің көңілінен шыққан. Tik-tok желісінде әр сұрақты жауапсыз қалдырмай, ынта-шынтасымен ұғындыруға тырысқаны да жан жылытады. Оның Tik-tok желісінде жинаған лүпіл саны 3,9 миллионнан асқан. Жазылушылар саны да күн сайын артып келеді. Телеарна бағдарламаларына да жиі қонақ болып жүр. Берген сұхбаты мен кей мәселеге қатысты мәлімдемесі де жиі талқыланып, танымал тақырып қатарынан түспейтіні тағы бар. Әбиба Әлем таныған Әбиба Танымалдар тізімін спорттағы есіммен жалғағанымыз жөн болар. Әбиба Әбужақынова – дзюдо әлеміндегі жаңа есім. Бұлай дейтініміз – ол биыл 48 келі салмақта нөмірі бірінші спортшы атанып, әлемдік додаларда бақ сынады. Жаһан да қазақ қызының жігері мен ынтасына тәнті болды. Айта кетерлігі, ол әлем чемпионатында медаль алған тұңғыш қазақ қызы. Grand Slam турнирінде де қола жүлде иеленді. Бастысы, жұрт Әбибаның «өліспей беріспейтін» мінезіне, татамидегі күшіне разы. Содан ба, оны Өзбекстанда өткен әлем чемпионатындағы белдесуі желіде қызу талқыланды. Оған қоса спортшының болмысы мен мінезіне тәнті болғандар жетерлік.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ