Қызылордада үй кезегінде тұрған тұрғындар баспаналы болды
Қызылордада үй кезегінде тұрған тұрғындар баспаналы болды
578
оқылды
Қызылордада үй кезегінде тұрған тұрғындарға Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспананың кілті табысталды. Жыл аяғында күтпеген тосынсыйға бөленген қызылордалықтар зор қуанышқа кенелді. Бір баспанаға қол жеткізе алмай, апатты үйде қорқынышпен тұрмыс кешіп жатқан тұрғындарды қауіпсіз баспанамен қамту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Талай есікті жағалап, табанынан тозған халықтың жанайқайы қоғам талқысына да түсті.    width= Жалпы Қызылорда қаласында 2019 жылдан бастап 48 тұрғын үй апатты деп танылып, 525 адам үй алу кезегіне тіркелген. 2021 жылы осы кезектілік негізінде қаланың сол жағалауынан бой көтерген көппәтерлі тұрғын үйден 93 отбасыға пәтер кілті табысталған.    width= Осынау жарасымды істің жалғасы ретінде биыл 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің іргесі қаланды. Кезек реттілігімен жыл соңы келгенде жайлы баспанаға зәру отбасылар жаңа қонысқа жайланды. – «Үйіміз апатты деп танылып, үй кезегінде тұрғанымызға біршама жыл болды. Міне, жыл соңында кезегіміз келіп, жаңа пәтердің кілтін алдым. Бұл біз үшін жаңа жылға жасалған үлкен тосынсый болды. Апатты үй мәселесіне қатты алаңдап, қорқынышпен өмір сүріп келген едік. Бұдан кейін жаңа да жайлы баспанамызда жаңа жылды ерекше көңіл күймен қарсы алатын болдық», – деп қуанышымен бөлісті жаңа пәтер тұрғыны Марал Сәрсенова.   width= Қызылорда қаласының сол жағалау аймағынан бой түзеген 60 пәтерлі арендалық көпқабатты тұрғын үйді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен салтанатты түрде ашып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.  width=   – «Бұған дейін де мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы қатар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірімізде 40 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жалғыз үйі апатты жағдайда болуына байланысты кезекте тұрған 500-ге тарта отбасына арналған баспана да салынуда. Бүгін міне, игі бастаманың жалғасы ретінде 60 жанұяға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз. Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін», – деді Қызылорда облысының әкімі. Жалпы аймақта жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көздері есебінен 604 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40-пәтерлі және бір 50-пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына қарай, сол жағалауда 50 пәтерлік  арендалық тұрғын үйден   халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына - 35, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 15 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Ал, келесі 3 жылда көлемі 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы