Қанат Мусин Конституциялық соттың судьясы болып тағайындалды
Қанат Мусин Конституциялық соттың судьясы болып тағайындалды
Фото: parlam.kz
562
оқылды
Қанат Мусин Әділет министрі қызметінен кетті. Inform.kz-тің жазуынша, Мәжіліс отырысында Конституциялық соттың судьялары тағайындалды. «Конституцияға сәйкес, Парламенттің әр палатасы Конституциялық соттың үш судьясын қызметке тағайындайды. Олар өз қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Осы орайда ҚР Конституциясының 58-бабы 3-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес, Мәжіліс төрағасы ҚР Конституциялық сотының судьясы лауазымына Қанат Сергейұлы Мусин, Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев пен Сергей Федорович Ударцевті тағайындау туралы ұсынысын айтты. Депутат Арман Қожахметов ұсынылған кандидатуралар заң және құқықтық салада көп жыл еңбек еткен білікті әрі тәжірибелі мамандар екенін айтты.
«Қанат Сергейұлы Мусинді өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев әйгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Қазіргі уақытта Еуразия Ұлттық университетінің проректоры. Сергей Федорович Ударцев те атақты ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Бұрын Конституциялық Соттың судьясы болған. Қазіргі таңда М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ Университетінің ғылыми зерттеу институтының директоры. Аталған кандидатураларды қарау нәтижелері бойынша Комитет оң қорытынды әзірледі. Конституцияның 57-бабы 1)-тармақшасына сәйкес, ҚР Конституциялық Сотының судьясы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы ұсынған Қ. Мусиннің, С. Ударцевтің және Е. Оңғарбаевтың кандидатураларын 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындауды қолдауларыңызды сұраймын», – деді Арман Қожахметов.
Жалпы отырыста палата депутаттары аталған адамдарды Конституциялық Сотының судьясы қызметіне тағайындау туралы ұсынысты қолдады.