Мәжіліс Конституциялық Соттың судьяларын тағайындады
Мәжіліс Конституциялық Соттың судьяларын тағайындады
Фото: Ж. Жұмабеков
435
оқылды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ҚР Конституциялық Сотының судьяларын тағайындау мәселелерін қарады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Конституциялық Сот өз жұмысын бастайды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов судьялар лауазымына Қанат Мусин, Еркін Оңғарбаев, Сергей Ударцевтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов олардың заң саласында мол тәжірибесі бар білікті әрі тәжірибелі мамандар екенін атап өтті.
– «Қанат Сергейұлы Мусинді өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Қазіргі таңда еліміздің Әділет министрі», – деді Арман Қожахметов.
Сондай-ақ мәжілісмен комитет кандидаттарды қарау нәтижесінде оң қорытынды қабылдағанын да айтып, әріптестерінен тағайындауды қолдауды сұрады. Депутаттар қолдап дауыс берді. Палата Төрағасы Ерлан Қошанов Конституциялық Соттың жаңа судьяларын қызметке тағайындалуларымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның бір жылдық қызметіне қорытынды жасады. Ол Парламенттің төменгі палатасының биыл көптеген заңнамалық жұмыс атқарғанын айтты.
– «Ең алдымен, тарихи деп атауға болатын конституциялық түзетулер блогы қабылданды. Біз Мемлекет басшысының ауқымды бастамаларына уақытылы және сапалы заңнамалық қолдау көрсеттік. Әлеуметтік маңызы зор бірқатар заң қабылданды. Жалпы биыл Мәжіліс жұмысында 154 заң жобасы болды. 93 заң жобасы қаралып, Сенатқа жолданды, оның 75-іне Президент қол қойды», – деді Спикер.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов жаңа жылдан бастап Палатаның жаңа конституциялық шарттар бойынша жұмыс істейтінін және бұдан былай заңдар қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ 2023 жылы Мәжіліс сайлауы өтеді.