Семейде пәтер өртеніп, 2018 жылы туған бала зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кеше сағат 17:16-да 112 пультіне Шәкәрім көшесінде пәтер жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен дереу 2 автоцистерна мен 1 автошатыр, жеке құрамның 8 адамы жіберілді. Өрт сөндірушілер жеткен уақытта 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде 5 қабатта жеке заттар, жиһаздар, терезе жақтауы жанғаны белгілі болды. Өрттің жалпы ауданы – 5 шаршы метр. Барлау барысында қабырға құрылымын бөлшектеп, сол арқылы МӨС-1 бөлімшесінің командирі Искаков Ермек 2018 жылы туған баланы құтқарды. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр. Дәрігерлер бақылап отыр. Абай облысының ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керегін ескертеді.