Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. Марат Қарабаев 1987 жылы 4 шілдеде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің Су шаруашылығы имараттарының желілерін пайдалану және дамыту басқармасының сарапшысы ретінде бастады. 2011 жылдан 2013 жыл аралығында – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаменті Сервистік индустрияны технологиялық дамыту басқармасының бас сарапшысы. 2014-2015 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары. 2015-2017 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы. 2018-2019 жылдары – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры. 2019 жылғы тамыздан бастап қазірге дейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды. 2020 жылғы шілдеден 2021 жылғы қаңтарға дейін – ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2021 жылғы қаңтардан сол жылдың шілде айына дейін – ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы. 2021 жылғы шілдеден бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып жұмыс істеді.