Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, былтыр маусым айында өртенген Водопьянов көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындармен кездесті. Бұл туралы ол Twitter-дегі парақшасында хабарлады. "Шымкентте былтыр маусым айында өртенген Водопьянов көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындармен кездестім. Қыркүйек айындағы алдыңғы сапарымнан соң бұл нысан партиялық бақылауға алынды. Қазіргі уақытта «Отау строй» жеке құрылыс компаниясы 85 пәтерлі үйдің 2 қабатын салып үлгерді. Барлық ұйымдастыру мәселелері шешілді. Қала басшылығының айтуынша, жақын арада бюджетті нақтылау кезінде зардап шеккен тұрғындарға тұрғын үй сатып алу үшін қажетті қаражат бөлінеді. Nur Otan бастамасымен қолға алынған қайырымдылық көмекке атсалысқан жергілікті меценаттар мен ҮЕҰ-дарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Олар сол кезде баспанасыз қалғандарға уақытша тұратын пана тауып, дәрі-дәрмек, киім-кешек беріп, балаларды мектепке дайындауға да көмектесті", - деп жазды ол.