Қаңтардан қайраттанған ел
Қаңтардан қайраттанған ел
404
оқылды
Сонымен, Қаңтар оқиғаларына бір жыл толды. Ежелгі аңыздарда айтылатындай, өртеніп, күлден түлеп-тірілетін Феникс құсы сияқты сол қаңтар күндері жалынға оранған қазақ елі қайта жаңғырды. Ескінің тозығынан арылып, Жаңа, Әділетті Қазақстан құруға мүмкіндік алды. Қазақстан халқы бірлігінің арқасында бұл сынақтан морт сынбады, шың­далып шықты. Әйтпесе, бақ-бере­ке­сінен, барынан, жерінен, жетістік­терінің бәрінен айырылып қалуы мүмкін еді. «Қасіретті қаңтарда» қазақстандықтар азаттықтың қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді десек, артық айтқандық емес. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңыз­ды екенін жете түсінді. Қазақстан көшбасшысы тұжырымда­ғандай, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтас­тығына, елдігі мен егемендігімізге зор қауіп төнді. Өз лидерінің айналасында топтаса білген Қазақстан халқы мызғымас бірлігі­нің, ырысты ынтымағының арқасында мемлекетті қорғап қалды. «Елу жылда ел жаңа» дейді халық даналығы. Қазақстан былтыр сол елу жылдық белесті аз уақытта жүріп өтті. Бір жылда көп нәрсе өзгерді. Қазақ елінде қос билік жойылды. Саяси трансформация аяқталды, екіұшты жағдай, екіұдай дүние тудырған көзбояушы саяси транзитке нүкте қойылды. Елбасы институты жойылды, бірінші Президентке берілген артықшылықтар мен жеңілдіктер алда жойылады деп күтілуде. Сарапшылардың бағалауынша, қаңтар оқиғаларына дейін билікте болған, елді жатқызып-өргізген биік лауазымды тұлға­лардың 80%-ға жуығы бүгінде саясат сах­насынан алыстатылған. Яғни, билік жаң­ғырды. Қаңтар оқиғаларынан кейін, 16 нау­рызда халыққа Жолдау жариялаған Мемл­екет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейтінін мәлімдеді.
– Бірақ осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қор­қуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісті. Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады. Бірақ біз алған бетімізден қайт­паймыз. Қоғамның барлық саласында жа­салып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз, – деп уәде етті және бұл уәдесінде тұрды.
Бұрынғы билікке жақындығын пайда­ланып, ел қазынасын талан-тараж еткен біраз адамның, соның ішінде бұрынғы Президенттің туысқандарының үстінен қылмыстық іс қозғалды, алды ұзақ жылға түрмеге қамалды. Ел қаржысы, мемлекеттік активтер, жер телімдері біртіндеп елдің өзі­не қайтарылуда. Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 5 маусымдағы №908 Жарлығымен елден заңсыз жолмен шығарылған қаржы қара­жатын Қазақстанға оралту, сондай-ақ заң­сыз жолмен алынған экономикалық ресур­стардың монополиялық шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару мақ­сатында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Қаһарлы комиссия олигархтардың ондаған жыл бойы ішкен-жегенін, тыққан, жұтқанын таптырып, кері қайтартқызуда. Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаевтың мәліметінше, содан бергі 6 айда мемлекет 631 миллиард теңгені қайтара алды.
«Оның ішінде 421 миллиард теңге қылмыстық істер аясында өтелді. Бұл ретте 314 миллиард теңге ақшалай күйде енгізіл­ді, тағы 107 миллиард теңгесі асыл тастар мен алтын, күміс сияқты құнды металдар түрінде тапсырылды. Қалған сома демо­нополизациялау жұмыстары тәртібінде өндіріліп жатыр», – деді А.Ластаев.
Ал Бас прокурордың бірінші орын­басары Тимур Тәшімбаевтың дерегінше, аталған 631 миллиард теңгенің 400 миллион доллары қылмыстық қудалау аясында шет­ел­ден қайтарылды. Бұған қоса, олигархтар иелігінен жалпы құны 6,5 миллиард теңге тұратын 398 мың гектар жер телімі мемлекетке кері оралды. Бас прокурордың қарсылығы бойынша бұрын олигополия субъектілерінің пайдасына шешілген 17 сот шешімінің күшін Жоғарғы Сотқа жою­ға тура келген. Осының арқасында 600-ден астам теміржол өтпежолдары мемлекетке қайтарылды, теміржолдағы тарифтер төмен­детілді, мемлекеттің мүддесі 21,1 миллиард теңге көлемінде қорғалды. Өткен жылдың соңында жарияланған дерекке жүгінсек, қаңтар оқиғалары кезінде Алматы, Тараз, Қызылорда, Талды­қорған қалалары зардап шекті. Жалпы саны 1 466 ғимарат пен мекеме қирады, оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме бар. Төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем, басқа мемлекеттік қызметтердің 345 қызметтік автокөлігі және 116 азаматтық автокөлік жойылып, өртелген. 16 медицина, 34 өртке қарсы қызмет және 8 құтқару қызметінің қызмет­керлері дене жарақатын алды. Қылмыскерлер бейбіт тұрғындарды өздеріне қосылуға, такси жүргізушілерін, ауыр көліктер мен автобустардың жүргізу­шілерін көшелерді жауып тастауға мәжбүр­леген. Ұрлық фактісі бойынша 2 645 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, сол үшін 484 тұлға күдікті деп танылды, 2 адам қа­мау­да, 460 адам сотталды. Ал жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Бас прокуратураның 1 қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың мәлімдеуінше, осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылды. 96 адам қамауда, 471 адам сотталды. Жалпы алған­да, «қанды қаңтар» трагедиясы бойынша құқық қорғау органдары барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеді. Оның ішінде былтыр 1 350 адамға қатысты 673 істі сотқа жіберіп үлгерді, нәтижесінде, 1 113 азамат сотталды. 315 адамға қатысты 127 қылмыс­тық іс тергеу сатысында. Қаңтар қырғынына жол берген күштік құрылым өкілдері, қылмыскерлер және лаңкес­тер ұсталды. Дегенмен уағызға еріп, немесе қорқытудан ығып, жаза басқандар жетерлік. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті, оларды қамаудан босатты. Азды-көпті қылмысқа барғандары темір торда қалған еді. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ел Президенті оларға рақымшылық жария­лады. Ол ел бірлігі ауадай қажеттігін алға тартты. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Бірақ амнистия жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны, мемле­кетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға, лаңкестік және экстре­мис­тік қылмыс жасағандарға, рецидивис­терге, жұртты азаптағандарға қолданыл­майды. Сөйтіп, 2022 жылдың 3 қарашасынан бері қаңтар оқиғаларында қылмыс жасаған 1 071 адамға рақымшылық жасалды. Сон­дай-ақ соттар 902 сотталушының жаза мерзімін қысқартты, оның 827-сі есеп бере­тін пробациядағылар, ал 75-і жазадан босатылды. Ресми мәліметке сәйкес, «қаралы қаң­тар» күндері 238 азамат қаза тапты. «Қазақ­стан халқына» қоры 91 қаза тапқан­дардың отбасыларына 637 млн теңге материалдық көмек көрсетті. Мемлекет және қор тара­пынан күштік құрылымдар­дың қаза тапқан және жараланған барлық қызметкерінің отбасыларына материалдық жәрдем бе­ріліпті. Былтырғы зұлматты күндерге қатысты қылмыстық істерді тергеу, болған оқиға­ларды зерттеу жалғасуда. Жұртшылық сол оқиғаларға қатысты кейбір сұрақтарына жауап таба алмағанын айтады. Сондықтан Мәжіліс бүгінгі жиынын, биылғы жылғы алғашқы жалпы отырысын қаңтар оқи­ға­лары тақырыбына арнамақ. Депутаттардың сауалына Бас прокурор Берік Асылов және басқа құзырлы органдардың өкілдері жауап береді. Ендеше біраз жайттың басы сонда ашылуы мүмкін.