«Жүрегі тоқтағанына жаным иланбады»
«Жүрегі тоқтағанына жаным иланбады»
© фото: Ернар Алмабек
16,030
оқылды
«Қасіретті қаңтар» оқи­ғасы қалың қазаққа үлкен сабақ болды. Сол бір ала­уыз­дық пен бірліктің арпа­лысқа түскен сын сағатында халық ақ пен қараны ажы­ратудан қалды. Ел ішіндегі дүрбелеңде ұрымтал сәтті өз пайдасына жаратуды мақсат еткендер алаңсыз жүрген жастарды да жымысқы саясатына араластырып, мемлекет мүлкіне орасан шығын келтірді. Онымен ғана тоқтаған жоқ. Халықты ақиқаттан адастырып, арам пиғылдарын жүзеге асырушылар баланы да, қартты да аямады. Сол бір ауыр күндері қаншама отбасы қара жамылды. Бірі арқа сүйер азаматынан, бірі бауыр еті ба­ласынан айырылды. Дәл сондай аласапыран шақта қаңғыған оқтың бірі режиссер, қазақ музыкасы мен мәдениетіне үлес қосып жүрген Сәкен Битайға да тиген еді. Біз бүгін Қаңтар оқиғасында қайтыс болған марқұмның жары Гүлбақыт Баекенова-Битаймен тілдескенді жөн санадық. – Ауыр тиген ескі күннің жаң­ғырығы естен кете қоймайтыны анық. Сіз қазір сол күндер жайлы не ойлайсыз? – Шынымды айтсам, сол кез­дерді еске алғым келмейді. Алайда әлі де болса халық «Қасіретті қаң­тардың» ақиқатын толық білмей жүр. Біз Сәкен екеуіміз де шығар­машылық жолды таңдадық. Содан ба екен, ол жұмысқа келгенде жа­уап­кершілікті бәрінен жоғары қоятын. Сол күні де қаланың әр же­рінде қақ­тығыс болып, дүрбелең болып жатқан шақта да жұмыс орнына асықты. Өздеріңіз де білесіздер, «Таңғы хабар» бағдарламасы өте ерте бас­талады. Әдеттегідей сол күні таң­ғы төрт жарымда эфирде бол­дым. Эфирден кейін елде осындай жағдай болып жатқан соң бәрімізді үйімізге қайтарып жіберді. Сәкен екеуіміз екі жыл бұрын Irge деген продакшн ашып, тендерге қатысып, мемле­кеттік арналарға сериалдар мен деректі жобалар жасап жүрген едік. Ол да мемлекеттік тапсырысқа бай­ланысты алған роликтерді жасау үшін офисіне кетті. Дәл сол күні ешбір жерде интернет ұстамады. Бірақ біз бір-біріміздің қайда екенімізді сәт сайын біліп отырдық. Басында үйге қайтамын деп тұрған. Артынан актерлер, өнер адамдары мен спортшылары бар, барлығы бірігіп, қарақшыларды тоқтатпақ болыпты. Бұл туралы естіген менен ес кетті. Сәкеннен тезірек үйге қай­туын жалынып сұрадым. Алайда Сәкен өте намысшыл еді. Оның Отанына деген махаббатын айтып жеткізе алмаймын. Дәл сол шексіз патриоттығынан да ма екен, қа­рақшыларды райынан қайтарамыз деп ойласа керек. Амал жоқ, айт­қанға көнбейтінін біліп, өзім үйге қайтаруды ұйғардым. Қалаға шық­сам айналада небір сұмдықтар бо­лып жатыр екен. Арасында Сәкенге хабарласып, қайда екенін біліп тұр­дым. «Қарақшыларды тоқтатып жүрміз» деді. Назарбаев көшесімен төмен түсіп келе жатқанда қарақ­шылар бір қарттың көлігін қиратып жатқанын көрдім. Әлгі кісі «Балам ауырып, ауруханаға бара жатырмын, жіберші» дегенін де құлақтарына қыстырған жоқ. Одан сайын өшік­кендер әп-сәтте қарттың көлігін талқандап тастады. Айналаның бәрі өртке оранып жатты. Сейфуллин көшесіне түсіп келе жатқанымда жол жөнекей өртенген полиция көлігін, арықта құлап жатқан жедел жәрдем көлігін шығара алмай жатқан адамдарды көрдім. – Сіз көрген қарақшылардың түр-әлпеті есіңізде ме? – Бәрі есімде. Олардың түсі қа­рапайым адамдарға ұқсамайтын. Кәдімгі кинолардан көретін қа­рақшылардан аумайтын. Көздерінен аяушылық сезімді көрмедім. Түр­лері сондай суық еді. Бір қарағанда өңменіңнен өтіп кете жаздайтындай еді. Сол күні Сәкенді үйге алып қай­ту үшін Төле би көшесіне тартып отырдым. Резиденция өртеніп жа­тыр екен. Мен одан бейхабармын. Қарсы алдымды қарақшылар жап­ты. Әрі қарай өте алмайтын болған соң сол жердегі өзіміздің қазақ балаларға өткізіп жіберуін сұрадым. Көліктерді тоқтатып, өткізіп жі­берді. Қазыбек би көшесіне келген­де Сәкенге хабарлассам, үйге қай­тып келе жатқанын, маған да дереу кері қайтуым керектігін айтты. Кері қайтып бара жатқанымда қасыма кішкентай «Лада» көлігі тоқтады. Көліктің ішінде қазақ ұлтына ұқ­самайтын 6-7 жігіт отыр екен. Те­резелерін ашып алыпты. Алдында отырған кісінің қолында қару бол­ды. Маған тесіліп қарағанда денем түршігіп кетті. Көлікте отырған­дардың бөтен адамдар екенін түр­лері анық көрсетіп тұрды. Мысалы, қалың сақал алынғаннан кейін аппақ болып тұрады ғой. Қорық­қанымнан аяқ-қолым дірілдеп, көлікті жүргізе алмай қалдым. Сөйтіп тұрғанда, екінші көлік тоқ­тады. Оның да ішінде өзге ұлт өкіл­дері толып отырды. Алдыңғы те­резесі ашылғанда анық естідім, бір-біріне түсініксіз тілде айғайлап сөйлеп жатты. Маған қарай тесіліп қарады да, тез бір-бірінің артынан ілесіп кетіп қалды. Қорықсам да, Сәкеннің амандығын ойлап отыр­дым. Үйге келсем, Сәкен де келіпті. Тамағын ішіп болған соң қайтадан жұмысқа жиналды. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды ма «офиске бармай-ақ қойшы» деп өтіндім. Бірақ мені уайымдатқысы келмеді ме «Есіктің алдына шығып келемін» деп кетіп, маған айтпай офиске кетіпті. Жұмысына бара жат­қанда Полиция департаментінде дүрбелең болып жатқанын естіп, соны көруге барған. Қасында бірге болған бала «жай ғана көрейік, ары қарай кетеміз, маңынан өтейік деп айтты» дейді. Сол маңнан өткен кезде атыс болған. Қарақшылар мен полицейлер бір-біріне оқ жау­дыр­ған. Дос баласының айтуынша, сол кезде алдарынан жиырма шақты адам шығыпты. Тұраққа келгенде көлікті өшіріп, орындығын артқа қа­рай еңкейтіп көрінбей жатамыз деп ойлаған. Сол кезде қарақшылар терезені ұрып, есікті жұлқылап кө­ліктерін беруін сұрайды. Ішінде бі­реуі көлікке оқ жаудырады. Кө­лікке төрт оқ тиген. Бір оқ Сәкен жа­ғынан атылғанда еңкейіп, ты­ғылған. Арттан тағы оқ атылған. Сол оқ Сәкеннің өкпесіне тиіпті. Ауруханаға жеткенше ішіне қан толып қайтыс болып кетті. – Қайғылы қазаны сізге кім естіртті? – Сағат түнгі 1-ден 10 минут кет­кенде дос баласы хабарласып «Сәкен ауруханаға түсті. Тез жетесің бе?» деді. «Не болды?» деп сұрап едім, оқ тигенін айтты. Бірақ қайтыс болды деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Балаларды әжесіне тастай салып 5-ші ауруханаға тартып отыр­дым. Аурухана біздің үйдің қасын­да еді. Көшенің қарама-қарсы бе­тінде болатын. Көшеге шықсам тү­сініксіз адамдардың қарасы кө­бейіп кетіпті. Дәрігерлер бір сағат бойы Сәкеннің қайтыс болғанын айтпады. Қайда екенін нақты­лама­ды. Ол күні дәрігерлердің маған жауап беретін жағдайы болмағанын енді түсініп жатырмын. Қатты қор­қып қалған. Қарақшылар қай жақ­тан тап беретінін білмей елең-алаң­да отырған болу керек. Бірақ мен де күйеуімді тауып беруін сұрап тұрып алдым. Өйткені ол жерде ешқандай жансақтау бөлімі жоқ болатын. Ауруханаға келген екінші дос ба­ла­сы тек артынан жолдасымды мәң­­гілік жоғалтқанымды айтты. Шы­нымды айтсам, басыма не кел­генін білмеймін. Бірақ бірінші ой­лаға­ным «Біздің бірге істейтін тір­лігіміз көп еді ғой» дедім. Өйткені ат­қа­ратын жұмысымыз, бірге аша­мыз деп жүрген жобаларымыз бар еді. Сәкен Битай – Көше толған қарақшы екеніне қарамастан жолдасыңызды іздеуге түрткі болған қандай жанкештілік? – Көбісі солай айтады. Бірақ табиғатымнан кез келген жағдайда тез шешім қабылдап, батыл қадам жасауға бейімделген адаммын. Содан да шығар, қорқыныш дегенді білмеймін. Осы Сәкенмен өткізген 8 жылда оның ауыр зат көтергеніне де алаңдап тұратынмын. Ауырып қалса да алаңдап қатты уайымд­ай­тын едім. Алла сол жақсы көрген адамымды қасымнан алып кетіп, үлкен сынақ бергісі келді ме екен. Сол күні де бар ойым – Сәкенімді аман-есен қауыштыру ғана болды. Соңғы сәтке дейін оның жүрегі тоқ­тап қалғанына жаным иланбады. ­«Әр­түрлі оқиға болуы мүмкін ғой» деп ойладым. Орталық клиника­лық ау­руханасына келгенде ғана соңғы үмітім сөнді. Сол кезде ғана жыладым. – Екінші рет үйден шығып кетпегенде аман болар ма еді деп жатырсыз ғой. Өкінішіңіз бар ма? – Мен оған осы уақыт ішінде «Қайда барасың? Қашан келесің?» деп сұрамаған екенмін. Өйткені оған өзіме сенгендей сендім. Оның үстіне өзі де қаладағы жағдайды көріп келген соң, қайтадан кетіп қалады деп ойламадым. Әрине, бі­рақ сол күні оның офисіне баруы­на жол бергенім үшін өкіндім. Жал­пы, Сәкен жәй күндері де кө­шеден кетіп бара жатса, екі адам шекісіп қалса, екі көлік соқтығысып қалса да адамдардың арасында түсіністік орнатып, жағдайдың оң шешілуіне тырысып жүретін. Сол күні де ол болған оқиғаның ақи­қа­тын ашуға тырысып, көзбен көріп, таспаға түсіріп қалсам деген болуы керек. Өз басына қауіп төнсе де кәсібіне адалдық көрсетіп кетті. – Жарыңызды атқан адамдар­ды таппаған екен. Өйткені өздері­ңіз тергеуді тоқтатыпсыздар. Бұл ше­шімге не түрткі болды? – Өлім тек Алладан. Ол – бұй­рық. Атқан адамның жазасы бұл дүниеде болмаса да, мәңгілік дүние­де міндетті түрде беріледі. Тергеу бір жыл жүргізілді. Ойымдағы сұрақтың бәріне жауап алдым. Соңғы тергеу жүргізген адам оқиға қалай бол­ғанын түгел ашты. Алайда тергеудің ары қарай жалғасқанын қаламадым. Себебі, оқиға болған күні тұман болды. Дәлел табу өте қиын. Қандай тапаншадан атылған оқ, кімнің қолында болды, кім атты? Ол сұ­рақтың жауабын табу күрделі. Ол күні атылған оқты емес, адамдар бір-бірін дұрыс көре алмайтын жағ­дай болды. Қаладағы бейнекаме­ралар дұрыс жұмыс істемей тұрды. Сол үшін тергеуді тоқтату туралы шешімге келдім. Адамды жарататын да, жанын алатын да, жазалайтын да Алла. Әр нәрсенің қайыры бар. – Қаңтардан кейін өмірден қандай сабақ алдыңыз? – Адамдар көп жағдайда басына іс түскенде ғана тәубеге келеді. Кө­зімізбен көргенде ғана әр нәрсенің құнын бағамдаймыз. Өмірге келген соң, лайықты өмір сүре білу ке­ректігін түсіндім. Мендегі бар өкі­ніш, Сәкенмен бірге отау құрған 8 жылда үй-жұмыс деп жүріп өзімізге көңіл бөліп, ел көріп, жер көруді кейінге ысыра бергеніміз болыпты. Қолымызда болып тұрып, тәтті естеліктерді көп болуына мүмкіндік бермеппіз. Соның алдында ғана Сәкен қымбат камера сатып алған еді. Сол камераның қызығын да көр­ген жоқ. Сондықтан материал­дық жағдайдан бұрын адамгершілік құндылық, отбасындағы тәтті ес­теліктердің көп болуына көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Жақсы адам­дардың жанындағы жарқын сәттер­ді бағалау қажет екен. Тірі кезде от­басылық құндылықтың құнын түсіну керек. – Марқұм жарыңыз бұл дүние­ден артында ізбасары қалғанын білмей кеткен екен. Құрсағыңыздағы кішкентай Сәкеннің жалғасы бар екенін естігенде қандай сезімде болдыңыз? – Рас, Сәкеннен айырылу қатты ауыр тиді. Ол да, мен де көпбалалы болуды армандадық. Жарымнан айырылған сәтте кіші қызым 4-те, үлкенім 6 жаста еді. Сонда «Әттең, ең болмағанда аяғым ауыр болғанда ғой» деген өкініш қалған. Бір күні түс көрдім. Түсімде босану бөлме­сінде жатыр екенмін. Бір кезде дә­рігерлер қолыма ұл баланы ұстатып жатыр екен. Екі айлық сәбиге ұқ­сай­тын баланы көріп «Бұл менің балам емес. Мен жаңа ғана босан­дым» десем, «Біз қазір балаларды осылай үлкен етіп беріп жатырмыз» деп жауап беріпті. Көрген түске аса мән берген жоқпын. Сәкеннің қыр­қына он күн қалғанда аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ қайғыдан бас алмай жүргенде қуанудың не екенін де түсінбеппін. Кейін Сәке­нім­нің ұрпағын жалғастырушы ке­летінін білдім. Бұл да жарымның тірі күнінде ешкімнің ала жібін ат­тамай, тура жолда жүргені үшін бер­ген Алланың берген сыйы шығар. – Әңгімеңізге рақмет!