Жаралының жанын ұққан дәрігер
Жаралының жанын ұққан дәрігер
© фото: Назгүл Назарбек
816
оқылды
Осыдан бір жыл бұрынғы жағдай бәріміздің көз алдымызда өтті. Еліміздің біраз аймағы­ның орталық алаңында арандап қалған-ды.Талай жазық­сыз жан абайсызда жараланып, біразы оққа ұшқанын білеміз. «Қасіретті қаңтар» атанып кеткен осынау оқиғада жарал­анғандарға қол ұшын созған медицина қызметкерлері екені белгілі. Біз 3 күнге созылған осынау дүрбелеңде жаралыларға тапжылмай қызмет көрсеткен Шымкент қаласындағы №1 қала­лық емханасының хи­рур­­гиялық қызмет же­тек­шісі, қаланың бас хи­рургі Талғат Шауенов­пен шағын сұхбат құрған болатынбыз. – Сіз көрген Қаңтар оқиғасы қалай есіңізде қалды? – Негізгі сойқан 5 қаңтар күні болды ғой. Күндіз жұмыста болып, кешке үйге қайтқанмын. Жолда кетіп бара жатып-ақ жап-жас балалардың көшеде «Қазақтар алға!» деп ұрандатып бара жатқанын көр­дім. Іштей «Қап-ай, жап-жас екен өздері арандап қал­ма­са игі» дегенмін. Өз ойыммен алысып, арты жақсы болмайтынын сездім. Үйге барған соң да байыз тауып отыра алмадым. Кешкі асқа енді отыр­ған­да қатты дүмпу мен граната жарылған дауыс шық­ты. Келіншегіме «1-2 күндік ас-ауқатымды салып бер» дедім де, тез арада жиналдым. Артынша-ақ жұмыстан жаралылардың түсіп жатқаны туралы хабар келді. Келсем, біраз науқас түсіп қалыпты. Түнгі сағат 10-дарға таяу болатын, бірінен соң бірі тоқтаусыз жаралылар түсіп жатты. Барлығы да оқтың құрбаны. Жаралылардың көптігі сонша, қабылдау бөлімінде, дәлізде аяқ алып жүре алмайтындай жағ­дай­ға жетті. Ол кезде байланыс жүйесі де нашар бо­лып, хабарласа алғанымызша кешке үйлеріне қайтқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін де жұмысқа шақырғанбыз. Оқтан жараланғандарды мейлінше тіркеп, тез арада операция залына алып кете бердік. Барлық қызметкер таң атқанға дейін көз ілмей жедел жәрдем көрсетті. Отадан бірін шығарып, тағы бірін кіргізіп жаттық. Барлық мүмкіндікті пай­даландық. Травматология, нейрохирургия, жансақтау бөлімі, таңу бөлмесінде де 30 шақты дәрігер, бірнеше кіші медициналық қызметкерлер көмек көрсетіп жатты. – Қаңтар оқиғасының дүмпуі негізінен 4 қаңтарда басталды ғой. Ол күні ауруханаларыңызда тыныш бол­ды ма? Одан бөлек, науқастардың арасында құқық қорғау органдарының, жалпы мемлекеттік қызметтегі жандар болды ма, әлде барлығы да қарапайым халық па? – Иә, 4 қаңтар күні кешке де жараланған азамат­тар түсті. Бірақ ол күні ұрып-соғу сынды жеңіл жара­қат­тармен қабылданды. Негізінен, ол күні әскери құрылымдар, құқық қорғау органдарының қызмет­керлері болды. Әкімшіліктен 1 қызметкер бар еді. Оларда жеңіл жарақат болып, ішкі құрылыстарына зақым келмеген соң үйлеріне қайтардық. 4 қаңтарда түскен 38 науқастың 20-сы күштік құрылымдардың қызметкерлері болды. Ал ертесіне кешке оқ жара­қатын алып, қабылданған 56 жанның 2-еуі қайтыс болды. 4-еуі бізге келген кезде-ақ жан тапсырыпты. 1-еуіне ішкі құрылыстары жарамсыз халге түскен соң мүгедектікке шығуы тиістігі жөнінде анықтама бердік. Ауруханада қайтыс болған 2-еудің біреуіне 5-6 рет ота жасадым. 1,5 айдай төсекте жатты. Бірақ оңалып кете алмады. Өкінішті-ақ, Алматыда такси жүргізушісі болып жүрген шардаралық азамат екен. Жаңа жыл қарсаңында ауылына келген ғой. Көлігін шетке қойып, алаңға қызығушылықпен кіріпті. Адасқан оқтың құрбаны болған. Жалпы, біз келіп түскен науқастың барлығынан қандай жағдайда түскенін сұраймыз. Сонда олардың басым бөлігі өтіп бара жатқанын, жай қызығушылықпен кіріп көргенін айтып, өкініш білдіріп жатты. Науқастардың барлығы жедел жәрдем көлігімен келген жоқ. Жеке жеңіл көлікпен әкеліп жатқандар да болды. Негізінен, біз­дің аурухана бұрын жедел жәрдем бөлімшесі болған. Сондықтан болар, әлі күнге дейін осы топтағы нау­қастарға басымдық беріледі. Қай жерде төтенше жағ­дай болады, алдымен осында алып келеді. Өзге ауруханалардан ерекшелігіміз де осында. Хирургия­лық, травматологиялық қызметтер бөлім­ше­лері не­гізінен осында шоғырланған, Операция залдары да толық жарақтандырылған. – Сол кезде жалпы бұл жағдайдың қаншаға созы­ла­тынын ешкім білмеді. Осы күндері сіздерде үрей бол­ды ма? Күні-түні жұмыс істеген медицина қызмет­керлері арасында түсініспеушіліктер болған шығар? – Біздің негізгі жұмысымыз – науқасқа тез арада көмек көрсету. Халықта үрей болғаны рас. Келіп түсіп жатқан науқастарды көргенде өздері де, осындағы емделушілер де қорқып кетті. Бірақ оны бізге ойлап отыруға да мұрша болған жоқ. Осы ауруханда жұмыс істеп жатқаныма 32 жыл болыпты. Мұндай бір мезетте осынша адам түсу жағдайы алғаш рет кездесті. Әкімдік тарапынан құрылған штаб аясында кү­шейтілген режимде жұмыс істедік. Біз ғана емес, облыстық клиникалық аурухана, №2 қалалық аурухана да қызу жұмыс істепті. Ұжым жабылып жұ­мыла жұмыс істедік. Ел басына күн туғанда үстемеақы сұрағанымыз ерсі болар деген шығар. Бірде-бір медицина қызметкері, дәрігерлер де шағым айтпай, күндіз-түні тапжылмай жұмыс істеді. Басшылық құрам түгелдей осында болдық. Бір науқасқа бірнеше мәрте ота жасалған кездер де кезікті. Үшінші күні саябырсыды. 6 қаңтарда жеңіл жарақатпен 6 науқас түсті. Оның 1-еуі ғана емделуге жатса, қалғандарына алғашқы көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. – Әңгімеңізге рақмет!

Шымкент қаласы