Бес жылдан ауыр 5 күн
Бес жылдан ауыр 5 күн
454
оқылды
Қаңтар оқиғасы ел тарихына те­рең бедер салғаны секілді, оның әр бір азаматының өміріне де өшпес із қалдырды. Ал осы оқиғалардың бел ортасында болған отандастарымыз үшін бұл бедердің ізі одан да терең. Сондай жандардың бірі – Алматы қаласы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы Ақтан Зайнолда. Қаңтар айының 4-інен 9-ына дейін департамент ғи­маратын қорғауға атсалысқан по­лиция капитаны үшін басқармада қызмет етіп жүрген 5 жылының осы от пен оқтың арасында өткен 5 күні ерекше қастерлі. Барлау соңы бекіну Оқиғаға дейін оның осылайша өрбіп, ушығып кететінін ешкім ойламаған да болар. 4 қаңтар күні кешкісін «Алматы Аре­на» жақта адамдар жиналып жатыр деген хабар түскенде, оны барлап қайту үшін жі­берілген департаменттің 4 қызметкері алғашында жағдайдың мұншама күрделі екенін білмесе керек.
«Көп адам жоқ шығар, әрі кетсе жүз шақ­ты адам болар деп ойлағанбыз. Қас қа­райып қалған уақыт еді. Барсақ, әр-әр жерде топталып, жүз емес, мыңдаған адам жүр. Жол­дарды жауып тастаған. Өткісі келген көліктер қарсы бағытқа шығып кетіпті. Келген бойдан жағдайдың күрделі екендігін бірден байқадық. Өйткені арасында бейбіт шеру емес басқа мақсатпен жүрген адам­дарды да аңғарып қалдық. Әскери қызмет­керлер қаз-қатар тұра қалып, қоршау жасап жатқан кезінде, олар бір ауыз сөз айтпастан соларға шабуыл жасап жатты. Біз ажыра­та­мыз деп өзіміз де сол жерде соққыға жығыл­дық. Өйткені біз қызметтік емес азаматтық киімде жүрген болатынбыз, сондықтан әс­керилер бізді ажыратып жатыр деп ойла­май, ұрып жатты», – дейді Ақтан Зайнолда.
Содан әлгі жерде адамдар қарасы көбейе түскен соң шерушілер Орталық алаңға ба­рамыз деп сол жаққа беттеген. Бұлар да со­ңынан ере жүріпті. Араларында әйел адам­дар мен кішкентай балалар аз, басым бө­лігі жастар екенін, бір-екі танымал адам­дарды да көріп қалғанын басшылыққа ха­барлап үлгереді. Бұл интернет жоқ болса да, ұялы байланыс бар кез болатын. Ағын судай ағылған халық арасында сол кезде-ақ: «аки­матқа барып туды алып кетейік, өзін қи­ратып тастаймыз, әскер бізге кедергі емес» деген әңгімелер айтылып жатқан екен. Жол­да неше түрлі рухты оятатын, қазақы әндер қосып қойған. Араларында ту ұстап алғандары көп болыпты. Көлікпен де ше­ру­летіп, туларды желбіретіп, көшені азан-қа­зан етіп жүрген. Ал жүк көліктері адам­дарды тезірек жеткізу үшін жинап тасыған екен.
«Әйтеуір маған олардың бір дайындық­пен шыққаны сезілді. Біз 1 сағаттай соларға ілесіп жүрдік те, жұмыс орнымызға тез жету үшін жүк көліктерінің біріне мініп алдық. Сол кезде жолда ендігісі көптеген көлік­тердің, өрт сөндіру, жедел жәрдем, патруль­дік полиция көліктерінің төңкеріліп, қи­ратылып, өртеніп жатқанын көрдік. Осы кезде халықтың арасы бөліне бастағанын байқадым. Бірі – бейбіт шеру үшін шық­қа­нын айтып жатса, бірі іріткі салуға тырысып жатты, ал тонау мақсатымен жүргендер бой тасалап жүруге тырысты», – дейді ол.
Осылайша, департаментке жеткен соң оларға ғимаратты қорғауға бұйрық берілген. Өйткені ендігісі «қақтығыстар басталды», «алаңда әскерилерді ұруға әрекеттеніп жатыр», «ғимараттарды қиратып жатыр» деген хабар арагідік түсіп жатқан еді. Департаментте қалған 150 шақты қызметкер түнімен ұйықтамастан, каска мен қалқан үлестіріліп, бронижилет таратылып, шарбақ периметрі бойынша үш постқа бөлініп, шулы-жарықты гранаталарды позиция­лар­ға тасып, қақпаны, есік-терезелерді бекі­тіп дайындала бастаған. Ал әйел қыз­меткерлер күндіз үйлеріне қайтарылып жі­берілген болатын. Әйтсе де, бұл түн ты­ныш өтті. Өйткені, жан-жақта атыс-шабыс болып жатқанымен, әскерилер тойтарыс бере алып тұрған кез болатын. қаңтар оқиғасы «Бәрі киндодағыдай өтіп жатты...  Соңына дейін сенгем жоқ...» 5 қаңтардың таңында қақтығыс тіптен үдеп, шерушілер көшеде әскерилердің дубинка, қалқандарын тартып алып, өз­дерін ұрып, қудалауды бастаған екен. Сол күні «ҰҚК ғимаратын, Алмалы аудандық ІІБ ғимаратын өртеп жіберді» деген хабар жетеді. Мемлекеттік күзет қызметіне де шабуыл жасалған. Көшеде жаппай тәртіп­сіздік, ұрлық-қарлық күшейген. Осы күні кешке бүлікшілер Алмалы аудандық ІІБ қызметкерлерінен тартып алған рациямен Департамент басшылығына шығып: «Сіздер ғана қалдыңыздар. Беріліңдер, әйтпесе Департаментті де тартып алып өртейміз, өздеріңізді өлтіреміз!» деген талап қойыпты. Бір сағат уақыт беріп, келіссөзге шақырған. Әйтсе де, басшылық онымен келіспепті. Бүлікшілерге департаментті босатып беру – өліммен бірдей еді. Бұл – қызметтік антты бұзу, ел алдындағы жауапкершіліктен бас тарту болатын. Өйткені, бүлікшілердің бар мақсаты қару-жараққа қол жеткізу еді. Олай болса, жағдай одан сайын ушыға түседі деген сөз. Осы күні 6 аңшылық дүкені то­нал­ғаны белгілі болады. Айтқан уақытында бүлікшілер Департаментке келіп, барлау мақсатымен әуелі үш посттың ең шеткісі – Винаградова көшесі жағынан келіп, шарбақтан асырып тас боратып тексере бастаған. Ол жерден тойтарыс алған соң, кейін лықсыған. Осы кезде жеке құрамды қаруландыру бойынша бұйрық түседі. Осылайша бірінші қақтығыс басталған еді.
«Травматикалық қарулармен, Калаш­ников автоматымен және қызметтік Ма­каров тапаншасымен қаруландық. Бұйрық: егер өміріміз бен денсаулығымызға тікелей қауіп төніп тұрмаса, оқты аспанға немесе жерге ату. Басында «Шынымен де осындай жағдайға жетеміз бе? Адамдарға оқ атамыз ба?» деген қынжылыс болды. Кейін олардың арынын көрген соң жағдайдың шынымен де қиын екенін түсіндік. Азғантай уақыттан кейін олар Масаншы көшесі жақ бетінен тағы келді де ешқандай әй-шәй жоқ ғи­ма­раттың 3-5 қабатына қарай оқ ата бастады. Ол жерде біздің жедел уәкілдер мен тер­геушілер отырған болатын. Жалпы көп оқ сол жаққа қарай атылды. Алғаш көзім шалғанда қолдарына қалқан, бастарында каска, түрлі от қару ұстаған – дайындықтары көрініп тұрды. Біздің департаменттің қа­сында 9 қабатты ғимарат болатын. Соның төбесіне екі-үш адам шығып алып, біздің плацтқа қарай ата бастапты. Бірақ оны біз кейін білдік. Біздің қызметкерлер оларға да тойтарыс бере алды. Шарбақтың сырты айғай-шу, ысқырық, азан-қазан дауысқа толып кетті, жан-жақтан тас жаңбырша жауды. Молотов коктейлдері де жарылып жанып жатты. Николь базарының бізбен жапсарлар шарбағы арқылы да секіріп кір­мекші болғандар болды. Солардың бар­лы­ғында оларға граната лақтырып, травмати­калық карумен атып, шама келгенше от қару қолданбай тойтарыс бере алдық. Қа­руды тек қорғану үшін атамыз. Өз басым Қарасай батыр – Масаншы көшелерін беттеп келген бір топ жақындап қалған соң тапаншаммен аспанға, сосын жерге атуға мәжбүр болдым. Оның алдында граната лақтырып, травматикадан атып тұрғанбыз, бірақ, жақыннан көргенімде оларға грана­таның ащы түтіні де, жарығы да әсер ет­пейтін, көздері бақырайған біртүрлі бір күйде жүргендерін көрдім. Оның үстіне, сол күні жел бізге қарсы соғып тұрды да, ащы түтін өзімізге қарай да ұшып жатты. Айт­пақшы, осы шабуыл басталмас бұрын біздің Департаментке қаладағы бір әскери ака­демияның 50 қызметкері көмекке келген болатын. Олар да жетемін дегенше соққыға жығылған екен. Сол топтың жа­ра­қат алғандарына көмек көрсетіліп, қару ұстауға жарайтындарынан жасақ құрылып, бас­шылық етуді департамент бастығының орынбасары қасымдағы серігім екеуімізге тапсырды. Оларды әр позицияға бөліп ор­на­ластырдық да, бірінші кезекте адам шығынына жол бермеу қажеттігін қадап тапсырдық», – дейді Ақтан Зайнолда.
Осылайша, 5-і кешке басталған қақ­тығыс 9-ы күнгі кешке дейін созылған. Шабуыл жасаушылардың қарасы 5 мың адамның жобасы. Осынша көп топқа Департаменттің басшылығы бастаған жеке құрам қарсы тұра алған екен. Қарулы қақтығыстың ең бір қайнаған уақыты – 5-7 қаңтар. Қаншама полиция қызметкері жарақат алды, абырой болғанда қаза тап­қандар жоқ. Ал егер Департамент сол қиын-қыстау күндерде берілген болса, онда бүлікшілер одан сайын күш алып, мүлдем жазасыз екеніне масаттанып, одан да зор бүлікшілікке баруы әбден мүмкін еді. Полиция департаменті басшылығының ең бірінші кезекте көңілге түйгені осы болды. Ал аға инспектор үшін Қаңтар оқиғасынан түйгені одан да зор.
«Сол қиын күндерде шарбақтың сыр­тындағылар «босына билік үшін өліп қаласыздар ғой, өздеріңізді аясаңыздаршы! Әке-шешелеріңді, бала-шағаларыңды ойлаңдар!» деп айқайлап жатты. Тіпті маған алыс бір танысым телефон соғып, «жағдай қиындап кетпей тұрғанда берілсеңдерші, көріп отырсыздар ғой көшеде халық көп, департаменттің алынатыны анық, аман қалуды ойласаңыздаршы» деп те хабарласты. Әке-шешеміз де, жұбайларымыз да ха­барласқан сайын «қайтыңдар-қайтыңдар!» деп жатты. Қасымдағы жігіттерге де осылай айтып жатты. Осындай шақта қатты құла­зып кеткеніміз есімізде. Бірақ сол кездегі Департамент басшысы Қанат Таймерденов бізді әркез рухтандырып отырды. Өзі де бізбен бірге бронижилетін іліп, каскасын киіп, қалқанын ұстап, алғы шепте жүрді. Басшылық жасау, ұйымдастыру жұмыстарын өте шебер ұйымдастыра білді. Біз қан­шалықты қиындықтарды бастан кешсек те, рухымызды биік ұстап қала алдық. Бір-бірімізге демеу болдық. Осының бәрін қарауылда тұрып қадағалап тұрған күндерде, мен үшін қалада біздің Департаменттен басқа ештеңе қалмағандай, бейне бір қаңырап қалғандай көрінді. Бәрі де кино­дағыдай өтіп жатты... Шын екеніне аяғына дейін сенбедім. Сол сезімнен әлі де болса арыла алмай жүрмін», – дейді біздің батыр замандасымыз.
Капитан Ақтан Зайнолданың биыл ака­демиядағы оқу кезеңін қосқанда органдағы қызметіне – 11 жыл толған екен. Әуелгіде Қаржы полициясы академиясында оқып жүргенде полиция қызметкері боламын деп әсте ойламаса керек. Ұйымдық сипаты өзгеруіне байланысты Қаржы академиясы ІІМ-ге берілген. Осылайша, ол ішкі істер саласы қызметкері атанып шыға келеді. Онысына өкінбейді де, өйткені өмір мек­тебі оған антына адал болуды үйретсе, Қаңтар оқиғасы қызметтік борышының қадірі мен маңызын тереңірек түсіндірді. Ал ол борыш – қандай жағдай болмасын: «Тәуелсіз Қазақстанға қызмет ету!».