Қаңтар оқиғасы ел тарихына терең бедер салғаны секілді, оның әр бір азаматының өміріне де өшпес із қалдырды. Ал осы оқиғалардың бел ортасында болған отандастарымыз үшін бұл бедердің ізі одан да терең. Сондай жандардың бірі – Алматы қаласы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы Ақтан Зайнолда. Қаңтар айының 4-інен 9-ына дейін департамент ғимаратын қорғауға атсалысқан полиция капитаны үшін басқармада қызмет етіп жүрген 5 жылының осы от пен оқтың арасында өткен 5 күні ерекше қастерлі. Барлау соңы бекіну Оқиғаға дейін оның осылайша өрбіп, ушығып кететінін ешкім ойламаған да болар. 4 қаңтар күні кешкісін «Алматы Арена» жақта адамдар жиналып жатыр деген хабар түскенде, оны барлап қайту үшін жіберілген департаменттің 4 қызметкері алғашында жағдайдың мұншама күрделі екенін білмесе керек.
«Көп адам жоқ шығар, әрі кетсе жүз шақты адам болар деп ойлағанбыз. Қас қарайып қалған уақыт еді. Барсақ, әр-әр жерде топталып, жүз емес, мыңдаған адам жүр. Жолдарды жауып тастаған. Өткісі келген көліктер қарсы бағытқа шығып кетіпті. Келген бойдан жағдайдың күрделі екендігін бірден байқадық. Өйткені арасында бейбіт шеру емес басқа мақсатпен жүрген адамдарды да аңғарып қалдық. Әскери қызметкерлер қаз-қатар тұра қалып, қоршау жасап жатқан кезінде, олар бір ауыз сөз айтпастан соларға шабуыл жасап жатты. Біз ажыратамыз деп өзіміз де сол жерде соққыға жығылдық. Өйткені біз қызметтік емес азаматтық киімде жүрген болатынбыз, сондықтан әскерилер бізді ажыратып жатыр деп ойламай, ұрып жатты», – дейді Ақтан Зайнолда.Содан әлгі жерде адамдар қарасы көбейе түскен соң шерушілер Орталық алаңға барамыз деп сол жаққа беттеген. Бұлар да соңынан ере жүріпті. Араларында әйел адамдар мен кішкентай балалар аз, басым бөлігі жастар екенін, бір-екі танымал адамдарды да көріп қалғанын басшылыққа хабарлап үлгереді. Бұл интернет жоқ болса да, ұялы байланыс бар кез болатын. Ағын судай ағылған халық арасында сол кезде-ақ: «акиматқа барып туды алып кетейік, өзін қиратып тастаймыз, әскер бізге кедергі емес» деген әңгімелер айтылып жатқан екен. Жолда неше түрлі рухты оятатын, қазақы әндер қосып қойған. Араларында ту ұстап алғандары көп болыпты. Көлікпен де шерулетіп, туларды желбіретіп, көшені азан-қазан етіп жүрген. Ал жүк көліктері адамдарды тезірек жеткізу үшін жинап тасыған екен.
«Әйтеуір маған олардың бір дайындықпен шыққаны сезілді. Біз 1 сағаттай соларға ілесіп жүрдік те, жұмыс орнымызға тез жету үшін жүк көліктерінің біріне мініп алдық. Сол кезде жолда ендігісі көптеген көліктердің, өрт сөндіру, жедел жәрдем, патрульдік полиция көліктерінің төңкеріліп, қиратылып, өртеніп жатқанын көрдік. Осы кезде халықтың арасы бөліне бастағанын байқадым. Бірі – бейбіт шеру үшін шыққанын айтып жатса, бірі іріткі салуға тырысып жатты, ал тонау мақсатымен жүргендер бой тасалап жүруге тырысты», – дейді ол.Осылайша, департаментке жеткен соң оларға ғимаратты қорғауға бұйрық берілген. Өйткені ендігісі «қақтығыстар басталды», «алаңда әскерилерді ұруға әрекеттеніп жатыр», «ғимараттарды қиратып жатыр» деген хабар арагідік түсіп жатқан еді. Департаментте қалған 150 шақты қызметкер түнімен ұйықтамастан, каска мен қалқан үлестіріліп, бронижилет таратылып, шарбақ периметрі бойынша үш постқа бөлініп, шулы-жарықты гранаталарды позицияларға тасып, қақпаны, есік-терезелерді бекітіп дайындала бастаған. Ал әйел қызметкерлер күндіз үйлеріне қайтарылып жіберілген болатын. Әйтсе де, бұл түн тыныш өтті. Өйткені, жан-жақта атыс-шабыс болып жатқанымен, әскерилер тойтарыс бере алып тұрған кез болатын.
«Травматикалық қарулармен, Калашников автоматымен және қызметтік Макаров тапаншасымен қаруландық. Бұйрық: егер өміріміз бен денсаулығымызға тікелей қауіп төніп тұрмаса, оқты аспанға немесе жерге ату. Басында «Шынымен де осындай жағдайға жетеміз бе? Адамдарға оқ атамыз ба?» деген қынжылыс болды. Кейін олардың арынын көрген соң жағдайдың шынымен де қиын екенін түсіндік. Азғантай уақыттан кейін олар Масаншы көшесі жақ бетінен тағы келді де ешқандай әй-шәй жоқ ғимараттың 3-5 қабатына қарай оқ ата бастады. Ол жерде біздің жедел уәкілдер мен тергеушілер отырған болатын. Жалпы көп оқ сол жаққа қарай атылды. Алғаш көзім шалғанда қолдарына қалқан, бастарында каска, түрлі от қару ұстаған – дайындықтары көрініп тұрды. Біздің департаменттің қасында 9 қабатты ғимарат болатын. Соның төбесіне екі-үш адам шығып алып, біздің плацтқа қарай ата бастапты. Бірақ оны біз кейін білдік. Біздің қызметкерлер оларға да тойтарыс бере алды. Шарбақтың сырты айғай-шу, ысқырық, азан-қазан дауысқа толып кетті, жан-жақтан тас жаңбырша жауды. Молотов коктейлдері де жарылып жанып жатты. Николь базарының бізбен жапсарлар шарбағы арқылы да секіріп кірмекші болғандар болды. Солардың барлығында оларға граната лақтырып, травматикалық карумен атып, шама келгенше от қару қолданбай тойтарыс бере алдық. Қаруды тек қорғану үшін атамыз. Өз басым Қарасай батыр – Масаншы көшелерін беттеп келген бір топ жақындап қалған соң тапаншаммен аспанға, сосын жерге атуға мәжбүр болдым. Оның алдында граната лақтырып, травматикадан атып тұрғанбыз, бірақ, жақыннан көргенімде оларға гранатаның ащы түтіні де, жарығы да әсер етпейтін, көздері бақырайған біртүрлі бір күйде жүргендерін көрдім. Оның үстіне, сол күні жел бізге қарсы соғып тұрды да, ащы түтін өзімізге қарай да ұшып жатты. Айтпақшы, осы шабуыл басталмас бұрын біздің Департаментке қаладағы бір әскери академияның 50 қызметкері көмекке келген болатын. Олар да жетемін дегенше соққыға жығылған екен. Сол топтың жарақат алғандарына көмек көрсетіліп, қару ұстауға жарайтындарынан жасақ құрылып, басшылық етуді департамент бастығының орынбасары қасымдағы серігім екеуімізге тапсырды. Оларды әр позицияға бөліп орналастырдық да, бірінші кезекте адам шығынына жол бермеу қажеттігін қадап тапсырдық», – дейді Ақтан Зайнолда.Осылайша, 5-і кешке басталған қақтығыс 9-ы күнгі кешке дейін созылған. Шабуыл жасаушылардың қарасы 5 мың адамның жобасы. Осынша көп топқа Департаменттің басшылығы бастаған жеке құрам қарсы тұра алған екен. Қарулы қақтығыстың ең бір қайнаған уақыты – 5-7 қаңтар. Қаншама полиция қызметкері жарақат алды, абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Ал егер Департамент сол қиын-қыстау күндерде берілген болса, онда бүлікшілер одан сайын күш алып, мүлдем жазасыз екеніне масаттанып, одан да зор бүлікшілікке баруы әбден мүмкін еді. Полиция департаменті басшылығының ең бірінші кезекте көңілге түйгені осы болды. Ал аға инспектор үшін Қаңтар оқиғасынан түйгені одан да зор.
«Сол қиын күндерде шарбақтың сыртындағылар «босына билік үшін өліп қаласыздар ғой, өздеріңізді аясаңыздаршы! Әке-шешелеріңді, бала-шағаларыңды ойлаңдар!» деп айқайлап жатты. Тіпті маған алыс бір танысым телефон соғып, «жағдай қиындап кетпей тұрғанда берілсеңдерші, көріп отырсыздар ғой көшеде халық көп, департаменттің алынатыны анық, аман қалуды ойласаңыздаршы» деп те хабарласты. Әке-шешеміз де, жұбайларымыз да хабарласқан сайын «қайтыңдар-қайтыңдар!» деп жатты. Қасымдағы жігіттерге де осылай айтып жатты. Осындай шақта қатты құлазып кеткеніміз есімізде. Бірақ сол кездегі Департамент басшысы Қанат Таймерденов бізді әркез рухтандырып отырды. Өзі де бізбен бірге бронижилетін іліп, каскасын киіп, қалқанын ұстап, алғы шепте жүрді. Басшылық жасау, ұйымдастыру жұмыстарын өте шебер ұйымдастыра білді. Біз қаншалықты қиындықтарды бастан кешсек те, рухымызды биік ұстап қала алдық. Бір-бірімізге демеу болдық. Осының бәрін қарауылда тұрып қадағалап тұрған күндерде, мен үшін қалада біздің Департаменттен басқа ештеңе қалмағандай, бейне бір қаңырап қалғандай көрінді. Бәрі де кинодағыдай өтіп жатты... Шын екеніне аяғына дейін сенбедім. Сол сезімнен әлі де болса арыла алмай жүрмін», – дейді біздің батыр замандасымыз.Капитан Ақтан Зайнолданың биыл академиядағы оқу кезеңін қосқанда органдағы қызметіне – 11 жыл толған екен. Әуелгіде Қаржы полициясы академиясында оқып жүргенде полиция қызметкері боламын деп әсте ойламаса керек. Ұйымдық сипаты өзгеруіне байланысты Қаржы академиясы ІІМ-ге берілген. Осылайша, ол ішкі істер саласы қызметкері атанып шыға келеді. Онысына өкінбейді де, өйткені өмір мектебі оған антына адал болуды үйретсе, Қаңтар оқиғасы қызметтік борышының қадірі мен маңызын тереңірек түсіндірді. Ал ол борыш – қандай жағдай болмасын: «Тәуелсіз Қазақстанға қызмет ету!».