Бас прокурор Қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап берді
Бас прокурор Қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап берді
ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте Қаңтар  оқиғасына қатысты депутаттар сауалына жауап берді. Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қаңтар  оқиғасына қатысты сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын.
«Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды. Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз. Олардың ішінде қызмет мүддесінде опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап жатырмыз», – деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бас прокуратура сол оқиғаларды, олардың салдарын еске салу үшін Қаңтар оқиғасы туралы бейнеролик ұсынды. Бейнеролик мәліметіне сәйкес, қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері.
«Бұл күні қасиетті Тәуелсіздігімізге орасан зор қатер төнді. Көптеген ірі қалалардың ғимараттары өртке оранып, астаң-кестең болды. Басты құндылығымыз – адам өміріне қауіп төнді. Президент қабылдаған батыл қимылдар нәтижесінде ғана елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты. Ол күндері барлық заңнама бұзылды. Өкінішке қарай, қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз қажет. Адамдар жиналып, көшеге шыққанда, бейбіт митинг туралы заңның барлық нормалары бұзылды», – деді Бас прокурор.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, мыңдаған адам жиналды. WhatsApp пен Telegram арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуы мен қозғалысын үйлестірген.
«Алматыда санаулы сағат ішінде бір топтың ғана ішінде қатысушылар саны 5,5 мыңға дейін көбейді. Сол сияқты Жамбыл облысында қатардағы қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін тобыр әсері болды. Адамдар полицияның заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсетті, өртеді, тонады және күш қолданды. Бұл үшін Алматыда арнайы көрші облыстардан адамдар келе бастады. Кейін жағдай ушыға түсті. Тек бір күні 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдікке шабуыл жасалды. Тәртіпсіздікке қатысушылар мұны биліктің символы ретінде басып алғылары келді. 5 қаңтарға қараған түні шабуылдаушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына басып кірді. Бір сағаттан кейін, Шымкенттегі әкімдік ғимаратына шабуыл басталды. Сол күні қылмыскерлер Атырау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің ғимаратына шабуыл жасай бастады. Шамамен сол уақытта Алматыда шабуылдаушылар әкімдікті өртеп, Президент резиденциясына қарай бағыт алды», - деді Б. Асылов.