ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қаңтардағы тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушылары кім деген сұраққа жауап берді. Мәжіліс кулуарында журналистер Бас прокурордан жаппай тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушысы кім екенін сұрады.
– «Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық болды, қастандық жасалды. Бүгін айтқанымдай, негізгі ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығы – К. Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деп жауап берді Бас прокурор.«Кәрім Мәсімов бас ұйымдастырушы ма?», – деп сұрады тілшілер. «Солай деуге болады», – деп жауап берді Берік Асылов. Бұған дейін Бас прокурор Кәрім Мәсімов ісі «аса құпия» режимінде тергелгенін айтқан еді. К. Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау; билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер; лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді.