«Артына хат жазып қалдырған»: Алматы облысында күйеуінен 2 күн зорлық көрген әйел өзіне қол салған
«Артына хат жазып қалдырған»: Алматы облысында күйеуінен 2 күн зорлық көрген әйел өзіне қол салған
Фото: Sputnik / Владислав Воднев
Соңғы үш күнде 2 әйел күйеуінен қорлық көріп, өзіне-өзі қол салған. Бір күнде 9 әйелден шағым түскен. Отбасылық жанжал жиілеп тұр дейді мамандар. Балаларға жасалатын әлімжеттік де көбейген. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады. Ал бұл жағдай жұрттың жағасын ұстатты. Алматы облысында жаңа жыл кешінде ер адам 5 баласының көзінше әйелін аяусыз соққыға жыққан. Екі күн бойы таяқ жеген келіншек өзіне-өзі қол салмақшы болды. Артына хат жазып қалдырған. Абырой болғанда, әйел аман қалды. Әпкесінің айтуынша, қазір ауруханада.
– Қазіргі жағдайы орташа ауыр деп айтты. Қазір ауруханадан келіп отырмыз. Бұрыннан болып тұрады екен. Бірақ бізге айтпаған, бір-екі рет айтқан, мән бермегенбіз ғой. Күйеуі бостандықта деді. Бүгін ауруханаға барған едік, меңгеруші күйеуі оның мазасын алып жатыр деп айтты. Өзінің сөйлеуге мұршасы жоқ», – дейді әпкесі Бағдагүл.
Зорлық-зомбылық көрген әйелдер дағдарыс орталықтарында бас сауғалауға мәжбүр. Орталық директорының айтуынша, 6 күннің ішінде 15-ке жуық әйел хабарласып, көмек сұраған. – «Орталыққа жылына шамамен 400-ге жуық әйел келеді. Жыл басталғалы 15-ке жуық әйел хабарласты. Олардың барлығы алғашқы көмек алғанша, жағдайлары реттелгенше орталықта болады. Жалпы өз тәжірибемде 17 жасында өз еркінен тыс тұрмыс құрып, артынша 4 баласымен осында келген әйелді көрдім. Оның өзінде, күйеуі басын жарып тастаған соң ғана келді», – деді «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының директоры Анна Рыль. Құзырлы органдардың хабарлауынша, елдегі тұрмыстық зорлықтың 70 пайызы ішімдік ішудің салдарынан болады. – «Отбасылық құқық бұзушылықтар үшін 20 тәулікке дейін жауапкершілік көзделген. Баптың нормасында 5 тәулікке дейін деген норма көрсетілген. Судья шешеді оны, 1 тәулік бере ме, 2 тәулік бере ме, бұл оның құзырындағы дүние. Ал біз көрсетіп отырған нормада 5 тәулік. Яғни, 5 тәулік отырған адам қандай да бір шешім шығарады, ой түйеді», – деді Астана қаласы ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Мамандар да әйелдерге күнделікті қайталанатын зорлық-зомбылыққа шыдап отырмай, құзырлы органдарға шағымдануға кеңес береді.