Шымкентте емшілер жылан уынан сорпа, тасбақа етінен дәрі жасап жатыр
Шымкентте емшілер жылан уынан сорпа, тасбақа етінен дәрі жасап жатыр
24,227
оқылды
Шымкентте емшілер жылан уынан сорпа, тасбақа етінен дәрі жасап жатыр, – деп хабарлайды "Астана" арнасы. Шымкентте емшіліктің ерекше әдісін қолға алып, төсек тартып қалған талай жанның дертіне шипа тауып берген емші бар көрінеді. Ол желі қолданушыларына жыланның басын кесіп, уын алған видеосы арқылы танылды. Тәуіп «суық жануардың етінен жасалған сорпа мың ауруға ем болады» дейді. Жыланның дертке ем екенін 66 жастағы Астана қаласының тұрғыны Маржан Шаймерденова да құптап отыр. Оның жүрегі жиі ауырыпты. Тіпті, бірнеше рет жүрек талмасы ұстаған. Ақ жаулықты ана жаны қиналғаннан кейін медицинамен қатар, халық еміне де жүгінген. Оған емші жыланның майы қосылған дәрі істеп беріпті.
– “Пайдасы тиді, жақсы болды. мен өзім инсульт алдым да, содан жатып қалғанмын, тұра алмай. Сосын әлгіні ішкеннен кейін, міне, қазір жүрмін”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Маржан Шаймерденова.
Ауру айтып келмейді. Тұрғындардың біразы дерт мазалаған сәтте бірінші дәрігерге барамыз десе, енді бірі емшіге емделгенді жөн көреді.
– “Халық еміне жүгінуге болады негізі. Мысалы, жер ұшықтау деген бар. Мысалы, балаға тіл-көз тиген кезде дәрігерге емделе алмайсыз ғой. Ол бар негізінде. Мен сенемін”, – деп сенім білдірсе. “Кез келген әркімге жүгіне беруге болмайды ғой. Біреулер сынған аяқғын салдырады сондайларға. Талайын көріп, естіп жүрміз ғой. Аяқтарын ақыр сонында кесіп тастаған”, – дейді енді бірі.
Ал, өзін "халық емшісімін" деп таныстырған Омарбек Балтабаев қазір тәуіпке жүгінетіндер көбейгенін айтты. Бірақ медицина мен емшіліктің аражігін ажыратып алған жөн дейді.
– “Емшілерге қаралатын пенделер өте көбейіп кетті. Медицинадан ем таппай, емшілерді жағалап кеткен пенделер көп. Сол себепті қазірде 50/50, емшіге де, медицинаға да қаралады. Сондықтан айтарым, емшінің ем саласы, аурулары, емші емдейтін сала – ол бөлек, медицинаның саласы бөлек”, – дейді емші Омарбек Балтабаев.
Қазір кім көп, емші көп. Қайсысы дерт жазатынын, қайсысы дертіңе дерт қосатынын білмейсің. Сондықтан, мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров ауру емдеймін дегендерді бақылауға алу керек дейді. Айтуынша, 90-жылдары белсенділер халық медицинасын жүйелеп, ақ-қарасын ажырату қажет деген бастама көтерген. Алайда, неге екені белгісіз, тоқтап қалды.
– “Мемлекет бір реттеу, жүйелеу, оны бір құқықтық немесе бір сапалық шеңберге келтіру керек. Мысалы, сертификат беру ма немесе бір тізімге алу ма деген секілді. Өйткені бұл адам өмірімен, адам денсаулығына байланысты нәрсе. Жеңіл қарауға болмайды. Мүмкін сол ем-домнан кейін бір адамдар қайтыс болып кетіп жатқан шығар. Оны ешкім білмейді. Сондықтан бәрібір реттеу, бақылау, қадағалау болу керек деп ойлаймын”, – дейді мәдениеттанушы Абылай Қалназаров.