Алматыда директордың тапсырмасымен мұғалімдерден ақша жиналып, келіспейтіндердің сағаты қысқарып, жұмыстан босатылған
Алматыда директордың тапсырмасымен мұғалімдерден ақша жиналып, келіспейтіндердің сағаты қысқарып, жұмыстан босатылған
© egemen.kz
494
оқылды
Алматы қаласында директордың тапсырмасымен әр мұғалімнен ақша жиналып, келіспейтіндердің сағаты қысқарып, жұмыстан босатылған. Ал Қарағанды облысында мектеп директоры қол астындағы жұмысшылардың сыйақысының жартысын талап етіп отырған. Бүгін «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі білім саласында анықталған осындай жемқорлық деректерін жариялады, – деп хабарлайды Almaty.tv. Аталмыш фактілерді ескерген мамандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы» атты науқан жариялады. Соның аясында жымқыруға қатысты хабар беріп, кеңес алуға болатын 1463 нөмірлі колл-орталығы іске қосылды. – «Жемқорлыққа тиесілі тәуекелдер өте көп. Мысалы ол ұстаздарды жұмысқа қабылдаудан бастап, студенттерге баға қою, курстан курсқа ауыстыру, жатақханамен қамтамасыз ету, өз еңбегін бағалау, үй жұмысына тарту, т.с.с. Соның бәрін әшкерелеп, жемқорлықты тыю үшін атсалысуға шақырамын», – деді, «Әділдік жолы» ҚБ қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев. Бұдан бөлек күмән келтіретін 1000 (мың) мемлекеттік сатып алуларды әшкерелеп, 600-ден аса тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірлестік бір жылдың ішінде жемқорлыққа қатысты 42 қылмыстық істің қозғалуына ықпал жасаған. Осы орайда «бармақ басты, көз қыстылықты» тыю үшін үздік идея мен жобалар байқауы өтпек. Өтініш 15 қаңтарға дейін қабылданады. Арнайы комиссия үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықпен марапаттайды. Тың идея тәжірибе ретінде жүзеге асырылады. – «Акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені өзім де ата-ана, қазақ елінің азаматы ретінде әділдікті талап етеміз. Балаларымыз өсіп жатыр. Жаңа Қазақстанда, жемқорсыз Қазақстанда балалары өскенін әрбір ата-ана қалайды», – деді кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.