Кәсіпкерлік – басты назарда
Кәсіпкерлік – басты назарда
362
оқылды
Атырау өңіріндегі кәсіп­керлік саласына қатысты өзекті мәселелер «AMANAT» партиясының облыстық фи­лилалы алаңында кеңінен қозғалды. Алқалы басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Мұнай-газ саласы комитетінің төрағасы Ғалым Әмреев қатысты. Сонымен қатар «AMANAT» пар­тиясы Атырау облыстық филиа­лы­ның төрағасы Абдолла Идресов, Қоғамдық кеңес төраға­лары мен мүшелері және кәсіп­керлер жиында күрмеулі тақы­рып­тарды кеңінен талқылады.
Жиында жергілікті кәсіп­керлер уәжі тыңдалды. Қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Азамат Асылбеков жергілікті тауар өндірушілерге қатысты мә­селені көтерді. Қазақстандық маз­мұн үлесінің төмен екенін атап өткен ол: «Мекемеміз биосинтети­камен айналысады. Осы жылы Президенттің қатысуымен өткен «Алтын сапа» байқауында үздік экспорттаушы ретінде аталым иегері атандық. Өнімдерімізді Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттаймыз. Осы елдердегі біздің тауарды алатын компаниялар халық­аралық деңгейдегі компаниялар. Ал, біздің өнім ТШО, NCOC секілді компанияларға өтпейді. Неліктен өз елімізде сұранысқа ие бола алмаймыз?» – деді.
Бұл мәселені талдаған мә­жілісмен Ғалым Әмреев «Самұрық Қазына» секілді компанияға ық­пал етуге болатынын атап өтіп, де­путат сауалында аталған компа­ниялардың жекеменшік екеніне тоқталды. «Бұл мәселелер соңғы 2-3 жыл көлемінде ғана айтылып келе жатқан мәселе емес, олардың қозғалғанына 15-20 жыл болды. Басталған кез-келген мәселені аяқсыз қалдырмаған жөн» деген ол тиімді келіссөздер жүргізу ар­қылы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Бұған қоса, кездесуде жергі­лікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері, жергілікті қамту, қазақ­стандық мазмұн үлесін арттыру туралы мәселелер айтылып, шешу жолдарына қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Ғалым Махмут­байұлы айтылған проб­лема­ларды жою бағытындағы ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.

Н.СӘРСЕНҒАЛИ