Атырау өңіріндегі кәсіпкерлік саласына қатысты өзекті мәселелер «AMANAT» партиясының облыстық филилалы алаңында кеңінен қозғалды. Алқалы басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Мұнай-газ саласы комитетінің төрағасы Ғалым Әмреев қатысты. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, Қоғамдық кеңес төрағалары мен мүшелері және кәсіпкерлер жиында күрмеулі тақырыптарды кеңінен талқылады.
Жиында жергілікті кәсіпкерлер уәжі тыңдалды. Қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Азамат Асылбеков жергілікті тауар өндірушілерге қатысты мәселені көтерді. Қазақстандық мазмұн үлесінің төмен екенін атап өткен ол: «Мекемеміз биосинтетикамен айналысады. Осы жылы Президенттің қатысуымен өткен «Алтын сапа» байқауында үздік экспорттаушы ретінде аталым иегері атандық. Өнімдерімізді Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттаймыз. Осы елдердегі біздің тауарды алатын компаниялар халықаралық деңгейдегі компаниялар. Ал, біздің өнім ТШО, NCOC секілді компанияларға өтпейді. Неліктен өз елімізде сұранысқа ие бола алмаймыз?» – деді.Бұл мәселені талдаған мәжілісмен Ғалым Әмреев «Самұрық Қазына» секілді компанияға ықпал етуге болатынын атап өтіп, депутат сауалында аталған компаниялардың жекеменшік екеніне тоқталды. «Бұл мәселелер соңғы 2-3 жыл көлемінде ғана айтылып келе жатқан мәселе емес, олардың қозғалғанына 15-20 жыл болды. Басталған кез-келген мәселені аяқсыз қалдырмаған жөн» деген ол тиімді келіссөздер жүргізу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Бұған қоса, кездесуде жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері, жергілікті қамту, қазақстандық мазмұн үлесін арттыру туралы мәселелер айтылып, шешу жолдарына қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Ғалым Махмутбайұлы айтылған проблемаларды жою бағытындағы ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.
Н.СӘРСЕНҒАЛИ