Экс Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің үстінен қозғалған аппеляциялық сот тағы кейінге қалды. Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша апелляциялық сот өтті. ZOOM платформасы арқылы өткен сот отырысы ұзаққа созылмады.
«Елжан Амантайұлы әлі ауырып жатыр. Емделу мерзімін келесі дүйсенбіге дейін ұзартты. Сондықтан апелляциялық сот отырысын кейінге қалдыруды сұраймыз», – деді Е.Біртановтың адвокаты Серік Сағалиев.Өз кезегінде істі қарауды кейінге шегеруді сотталушы Олжас Әбішев пен бұрынғы министрдің қорғаушысы Есжан Біртанов та қолдады.
«Келесі сот отырысы 10 қаңтар сағат 10:00-ге белгіленді. Сот отырысы офлайн форматта және ашық өтеді», – деді судья Айбек Әмірғалиев.Айта кетерлігі, 2022 жылы 28 қазанда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты үкім шығарды. Бұрынғы министр сот шешімімен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеген болатын. Елжан Біртановтың апелляциялық соты бұдан бұрын да бір мәрте ауыстырылған еді.