«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша 2022 жылы 17,7 шақырым газ құбырын тарту жоспарланған. Жол картасы аясында Ақшұқыр ауылының Бегей жерінде газ құбыры тартылып, іске қосылды. Шараға арнайы қатысқан Түпқараған ауданы әкімі Рахат Елтизаров тұрғындарды көгілдір отынмен қамтылуымен құттықтап, Бегей жерінің тұрғындары үшін мерейлі күн екенін, көптен күткен газбен қамту мәселесі шешілгенін айтты.
«Көгілдір отынмен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамайды. Алда ауылдың басқа да көшелері мен орамдарына газ құбыры тартылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Осы уақытқа дейін Ақшұқыр ауылының теңіз жағалауы мен Бегейдегі жерлерді қосқанда 1500-ге тарта учаскеге газ желісінің қажеттілігі анықталып, жобалық-сметалық құжаты дайындалған болатын. Биыл қаржы мәселесі шешіліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған құрылыс толыққанды аяқталғаннан кейін ауылдағы газ мәселесі біржолата шешіледі», – деді ол.Мердігер мекеме «Шебер құрылыс» ЖШС. Жоба аясында Бегей жерінен бөлек, І, ІІ, V орамдар, Кезбаев, Қазиев, Бекжанов, Әбілхайыров көшелеріндегі тұрғын үйлер газбен толықтай қамтылмақ. Аталған жұмыстар 2023 жылы толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр.