Ұлттық жүйеге реформа жүргізілді
Ұлттық жүйеге реформа жүргізілді
Президент Қаржылық мониторинг агент­­тігінің төрағасы Жанат Элимановты қабыл­дады. Мемлекет басшысына Агенттіктің былтыр атқарған жұмыстары туралы есеп берілді. Президентке бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін Агенттіктің жүйелі жұ­мыстар жүргізіп жатқаны жөнінде баяндалды. Соңғы төрт жылда тіркелген істер саны екі есе кеміген. Жанат Элимановтың айтуынша, жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды. Мемлекет басшысына қаржы пирамидаларын жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Былтыр қаржы алаяқтары­ның қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды. Сондай-ақ 29 қаржы пира­мида­сының жолы кесіліп, зардап шеккен азамат­тардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәти­жесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік үйлес­тіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге рефор­ма жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл қолданыс­тағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүм­кіндік берді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.