Еліміздің бірқатар аймағында электр желілерінің тозығы жетіп тұр. Бұл бүгінгі өте өзекті мәселенің бірі. Соның ішінде Қызылорда облысында да бұл проблема шешімін таппай келеді. Бұған нөсер жауын жауса, қатты жел соқса жарықтың жиі өшетіні айқын дәлел. Жыл басталған күннен еліміздің барлық аймағында күн райы айтарлықтай құбылып тұр. Қызылорда облысында күн күрт жылынып, қаңтар жаңбырмен басталды. Толассыз жауған жауыннан көшелерді су басып, көпқабатты үйлерді су шайып кетті. Соның салдарынан облысқа қарасты бірқатар аудандар мен қала кейбір аумағы жарықсыз қалып, келеңсіздік көрініс тапты. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың наразылығын туғызды. Себебі, жарықпен бірге жылу жүйесі де ажырап, зардап шеккендер қарасы көбейді. Негізінен облыстың электр желілерінің тозып тұрғаны бұған дейін де айтылып келеді. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Алайда жыл сайын құрғақ сөз күйінде қалып отыр. Оны қалпына келтіруге асығар емес. Басты себеп, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғанымен шектеледі. Ала жаздай қыстың қытымыр мінезіне сақадай сай екендігін айтқан құзырлы орындардың сөзі құр дақпырт екені осы ахуалдан-ақ байқалды. Төтенше жағдайға төтеп бере алмайтын күйде екені өздігінен дәлелденді. Төтенше жағдайдан кейін Қызылорда облысы әкімдігінде шұғыл жиын өткізілді. Халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ете алмаған бірқатар тұлғаларға облыс әкімі сөгіс жариялады. Соның ішінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халыққа қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген басшылардың жұмысы көңіл көншітпейтінін еске салып, орынбасары Мархабат Жайымбетов пен қала әкімі Асылбек Шәменовке ауызша қатаң ескерту берлі. Сонымен қатар энергетика және ТКШ басқарма басшысы мен «Қызылорда электр тарату компаниясының» директорына және қала әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялады. Кезінде қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 4 млрд теңге қаржы қаралған. Алайда бөлінген қаржы уақтылы игерілмей, кері қайтарылған. Яғни 2021 жылы бөлінген қаржыға межелі жұмыстар дұрыс жүргізілмеген. Кейіннен шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн теңгені қаржы қаралғанымен, одан да көңіл көншітерлік нәтиже жоқ. Жыл басында болған ахуал әлі де атқарылатын жұмыстардың ауқымдылығын аңғартып отыр. Бұл тұрғыда «Қызылорда Электр Тарату тораптары компаниясы» АҚ тарапынан келеңсіз жағдайдың болу себебін сұрағанымызда, ахуалдың әлі де ушығып тұрғанын аңғардық.
«Расында жыл басында болған күрделі ахуал бәріне оңай тиген жоқ. Бүгінде облыста электр желілері мен қосалқы стансалардың 70 пайызының тозығы жетіп тұр. Ал мұны қалпына келтіру үшін үлкен көлемде инвестиция қажет. Әрі бұл қысқа мерзімде атқарылатын жұмыс емес. Бұл жұмыстарға жұмсалатын шығынды 15 пайызға азайтқанның өзінде шамамен 73 млрд теңге қаржы қажет екен. Дәл қазіргі уақытта мұндай қаржыға мүмкіндік болар емес. Бір кездері бұл мекеме жекенің қолына өтіп, жөндеу жұмыстарына көңіл бөлінбеген. Соның салдарынан осындай жағдайға жетіп отырмыз», – деп түсіндірді бұл жайында «Қызылорда Электр Тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Батыржан Қаракөзов.Жалпы облыста электр жүйелерінің тозу деңгейін 68 пайыздан 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд теңге қажет. Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында да осы мәселе көтерілді. Оның ішінде мамандардың қаржы мәселесі де қамтылған. Дей тұрғанмен, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес.
«Жыл сайын біз 330-350 шақырым болатын электр желілері мен подстанцияларды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуіміз керек. Негізінен балансымызда 10 мың 121 шақырым электр желілері бар. Одан бөлек 2000-ға жуық жоғары кернеуден төменгі кернеуге түсіретін қосалқы станциялары бар. Кеңес кезеңінен келе жатқан бұл қондырғылар да жөндеуді қажет етеді. Осы орайда, айта кету керек, біздің облыста кернеулік айналым 35 киловатты құрайды. Ал өзге аймақтарда кернеулік айналым 110 киловатқа тең. Яғни, екі есе үлкен. Сондықтан да Үкіметтен осы кернеулік айналымға сәйкес қаржы бөлінеді. Бұл арнайы ережеде бекітілген. Нақты айтқанда, 35 киловаттан төмен болса облыстық бюджеттен, бұл көрсеткіштен жоғары болса республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Сондықтан көп қаржы ала алмаймыз. Соның салдарынан дәл қазіргі уақытта тек ақауларды жамап қана күн көріп келеміз», – деді Батыржан Көмекбайұлы.Басқарма төрағасының айтуынша, тариф мәселесін көтеру де өзектілігін жоғалтқан емес. Тарифтың төмен болуы қаржылық қиындықтарды туғызып тұр. Қазірдің өзінде мекемеде орташа жалақы мөлшері 113 мыңды құрайды екен. Ал ауа райының қолайсыздығына қарамастан бағана басында жұмыс жасайтын электр монтерлерге 80 мың теңге айлық төленеді. Айлықтың тым төмен мөлшерде болуынан жұмысшылар да тұрақтамайды. Соның салдарынан білікті маман тапшылығы да сезіледі. Осы мәселе де шемімін таппай отырғанын алға тартты. Қалай дегенде де жыл басталмай жатып, күрделі ахуалға тап болған облыс тұрғындарының талабы бүгін-ертең орындалмайтыны белгілі. Құзырлы орындар тарапынан қажетті қаржы көздерін іздеп, ахуалды тұрақтандыруға күш салып жатқанын мәлімдеп отыр. Алайда тозығы жеткен электр желілері әлі де болса табиғаттың кез келген тосын мінезіне тосқауыл бере алмайтындай күйде екені ащы да болса шындық.
Қызылорда облысы