Еліміздің зергерлік нарығындағы көлеңкелі экономиканың көлемі 300 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Оған контрабанда мен шетелдік бұйымдарды қолдан жасайтын астыртын цехтардың көбеюі себеп. Бұл біріншіден, отандық зергерлік өнердің дамуына жолбайлау болса, екіншіден, қолдан жасалып, Түркияның, Дубайдың «алтыны» деп сатылатын бұйымдардың құрамының таза болмауынан нарықтағы тауарларға сенімсіздік туып отыр. Осылай деп дабыл қаққан Зергерлер қауымдастығының бар үміті – Үкіметте. Контрафакт – 90 пайыз Зергерлер қауымдастығының дабыл қағатындай да жөні бар. Өйткені еліміздегі зергерлік бұйымдардың 90 пайызы контрабандалық жолмен әкелінеді екен. Бұл – дүкен сөресінде тұрған 10 әшекейдің 9-ы арзан контрафакт деген сөз. Тіпті, сыртында сәйкес сынама белгісі тұрса да, сенуге болмайды. Өйткені олардың барлығы сырты алтын жалатылған күмістен бастап қорғасын, мыс, мырыш, алюминий, тіпті қалайы да болуы мүмкін. Жағдайдың мұншама ушығуына ең бірінші кезекте қадағалаудың жоқтығы себеп болып отыр. Зергерлер қауымдастығының жанайқайын Үкіметке Сенаторлар жеткізген болатын.
«Қазақстан – алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарында. Бірақ отандық зергерлік өндіріске алтынды негізінен ломбардтар мен көлеңкелі нарықтағы алыпсатарлар ғана жеткізіп келеді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2021 жылы еліміздің зергерлік бұйымдар нарығы 76 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 4 млн доллардың тауарын, яғни 5 пайызын ғана біздің зергерлер өндірген. Бұл өте мардымсыз. Мәселен, елімізде бұл нарықта 2 480 қатысушы тіркелген болса, оның тек 197-сі зергер, 1 956-ы ломбард қызметімен айналысатындар. Салық есебіне қарасақ, 2021 жылы бюджетке осы бизнес субъектілерінен 5,9 млрд теңге түскен. Әйтсе де, Қазақстанда зергерлік бұйымдар нарығының ауқымын бағалаудағы басты проблема – сенімді кедендік статистиканың жоқ екені. 2021 жылы Түркиядан келген зергерлік бұйымдардың айналымын «айна бейнесінде талдау» 7,5 миллион долларлық айырмашылықты көрсетеді. Бұл көлеңкелі импорттың үлкен ауқымын растай түседі», – дейді Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев.Осы орайда бір топ сенатор отандық зергерлік өнеркәсіпті дамыту үшін бес негізгі бағытты ұсынып отыр. Олар – көлеңкелі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу, ынталандыру шараларын енгізу арқылы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ломбардтардың пайдалануда болған зергерлік бұйымдарды тек қана ішкі нарыққа өткізуін міндеттеу, тауарларды таңбалау жолымен отандық өндірушілердің көлеңкелі айналымын заңдастыру және отандық зергерлердің құзыретін күшейту. Бұл мәселелерді шешу салық салу базасын едәуір ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді. Қылмыстық жауапкершілік қарастыру қажет Расында да, көлеңкелі нарықтың 300 млрд теңгеге дейін жетіп отырғаны аз сома емес. Бұл контрабанда болса да, ұсталғандар қатары аз. Тіпті, мұндай мәліметті жоқ деуге болады. Өйткені біздің заңнама бойынша шекарада ұсталса ғана контрабанда бабы қолданылады екен. Ал елге сіңіп кеткеннен кейін ұсталғандарды дәлелдеу қиын. Мәселен, биылғы ең үлкен сома сәуір айында Астана әуежайында қолға түскен «Ыстанбұл – Астана» бағытындағы жолаушыдан алынды. Жалпы салмағы 28 келі болатын зергерлік бұйымдарды декларациядан өткізбеген Қазақстан азаматының жүгінің құны 565 млн теңгеге бағаланған. Оны ҰҚК Шекара қызметі анықтап, Қаржылық мониторинг агенттігіне тапсырған болатын. Кейіннен жария болғандай, Нұржан Сұрапов есімді азаматқа сот шешімімен шартты түрде 1,5 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, жалпы саны 7 мыңнан астам зергерлік бұйым мемлекет кірісіне тәркіленген.
«ЕАЭО-ның барлық елінде, мәселен Беларусь, Ресей, Қырғыз Республикасы және Арменияда зергерлік бұйымдар мен асыл металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тек бізде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, онда да болса, ең жоғарғы айыппұл 1 млн теңге және мүлкі тәркіленбейді. Көлеңкелі нарықтың белең алып кетуінің бір себебі – осы. 2016 жылдың қаңтарында қабылданған «Қымбат металдар мен тастар туралы» заңда зергерлік бұйымдармен айналысатын тұлғалар арнайы есепке тұруы қажеттігі айтылған. Бірақ осындай 10 мың компанияның тек 280-і ғана тіркелген. Сондықтан да заңнаманы күшейту қажет. Мәселен, құжат бойынша нан пісірумен айналысатын кейбір кәсіпкер зергерлік бұйымдарын сатып жүргенін көріп отырмыз. Бұдан адал кәсіпкерлер зардап шегеді», – дейді Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев.Төрағаның айтуынша, қазір елімізде зергерлік бұйымдар жасайтын астыртын цех көп екен. Мәселен, Алматыдағы бір дүкеннен «Италияда жасалған» деген білезік көріп тұрсаңыз, оның Шымкенттегі бір зауытта жасалғанына шүбәңіз болмасын. Ондай таңба Ресейде немесе Түркияда жасалған деп те тұруы мұмкін. Тіпті, сол елдегі зергердің таңбасы да болуы ықтимал. Мұның барлығын біздің елде де айнытпай жасай алады. Мәселе оның сапасында. Айталық, 585 пробалы алтынның тек 58,5 үлесі алтын, қалғаны қорғасын, мышьяк, мыс болуы ғажап емес. Сондай-ақ 999 пробасындағы алтынның құрамын да барлық сынақтан өткізіп алған жөн. Сапасынан бөлек, мұндағы тағы бір мәселе – бюджеттің кірістен қағылып отырғаны. Егер осы саладағы кемшіліктер жойылар болса, ел қазынасына 40 млрд теңге салық түседі екен.
«Бұл бизнесте әділ бәсекелестік жоқ. Сол біз сияқты адал кәсіпкерлерге үлкен қиындық тудырып отыр. Өйткені барлық салығын төлеп, алымын беріп, терроризммен күрес, заңсыз ақшамен күрес сияқты мониторингтерден өтіп, саудаға шыққанымызда, арзан әрі сапасыз тауарлардың нөпіріне жолығамыз. Адамдар бірінші кезекте арзанға жүгіреді. Кейін онысы қымбатқа алған құр темір болып шығады. Сондықтан да азаматтардан алтын бұйымдарды міндетті түрде тексеріп алуын сұраймыз. Ондай қызмет біздің шеберханаларда 500 теңге ғана тұрады. Ал үй жағдайында тексергілеріңіз келсе, оны иодқа батырып көруге болады. Егер қою ізі қалса, онда шын алтын болғаны. Одан бөлек, Қазақстанда жасалған зергерлік бұйымдарда міндетті түрде барыстың басы таңбаланып, «KZ» деген аббревиатура тұрады», – дейді Kazyna Gold зергерлік үйінің директоры Екатерина Манашова.Үміт – Үкіметте Ендеше тығырықтан шығар жол қайсы? Заң бойынша әрбір зергер өз өніміне аты-жөнін бедерлеп, бірыңғай сынамалық таңба басуы тиіс. Қолында сарапшының ұйғарымы мен мемлекеттік қадағалау акті болуы міндетті. Әйтсе де, бұл талаптардың өзі жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан нарықтың қатысушылары Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық маркировка енгізуді ұсынады. Ондай жағдайда сатып алушы оның барлық мәліметін, мысалы жасаушы шеберді, алтынның сынамасын, қымбат тастың сипатын, бұйымның шығу тегін біле алады. Ал егер маркировка жоқ болса, онда сауда нүктесін тексеруге сол бойда өкілетті органдарға хабарласа алады.
«Цифрлық маркировка жобасы бүгінде пилоттық режимде жүзеге асуда. 2022 жылдың 1 наурызынан басталған ол 2023 жылдың 31 қазанына дейін жалғаспақ. Оған 8 компания қатысуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірыңғай оператормен бірігіп жүзеге асырып жатқан жобасы маркировкалау механизмін сынақтан өткізу және нарықтың барлық қатысушысы арасындағы өзара іс-қимылды реттеу мақсатын көздейді. Қазір маркировкалау ақпараттық жүйесінің функциялық мүмкіндіктері сыналып, процестерді интеграциялау жұмыстары жүруде. Осы ретте тізбектің осал тұстары анықталып, бизнеске түсетін салмағы есептелмек. Егер жүзеге асар болса, отандық зергерлік бизнесін қорғаудың белді шарасы болмақ. Импортпен тең талаптар қойылып, контрафактілік бұйымдардың жолын кесуге мүмкіндік тумақ», – дейді ИИДМ Түсті металлургия және сирек металдар басқармасының жетекшісі Ғалымжан Төребек.Қалай болғанда да, елімізде зергерлік бұйымдар нарығында жағдай ушығып тұр. 300 млрд теңгелік нарықты түгелге дерлік контрабанда мен контрафактінің жаулап алғаны – бұл салада ұзақ уақыттан бері қадағалаудың жоғын білдіреді. Сондықтан да бір цифрлық маркировкалаумен мұндағы жағдайда шешеміз деп айту қиын. Оның үстіне, пилоттық жоба қабылданбай қалуы да ғажап емес. Сол себепті одан бөлек те шаралар қарастырылуда. Мәселен, биылдан бастап отандық зергерлік бұйымдарды өндірушілер қосымша құн салығынан босатылды. 2016 жылдан бастап оларға жылына 300 келі алтын сатып алуға квота белгіленген болатын. 1 қаңтардан бастап зергерлерге алтын сататын аффинаж зауыттар да ҚҚС-дан босатылмақ.