Аза сарайының іргетасы қалануы қажет – Смағұл Елубай
Аза сарайының іргетасы қалануы қажет – Смағұл Елубай
1,400
оқылды
Ұлы нәубет, ашаршылықтың ұлт тарихында қара әріппен жа­зылғанына ғасыр толды. Соңғы жылдары бұл тақырыпқа қалам тербеп, үлкен экранға шығаруға тырысып жүрген жандардың қатары да артып келеді. Де­ген­мен қазақ әдебиетінде ашар­шылық тақырыбы жазушы Сма­ғұл Елубаймен қатар айтылады. Себебі кинодраматургтің өмірлік әңгімесінің арқауы – тек осы зобалаң. Белгілі қаламгермен бүгінгі киноның жай-күйі жа­йын­да, ашаршылықтың ақиқаты төңірегінде әңгімелестік.   Қазақты сақтаған құдіретті күш – иман – Өткенге көз салғанда өкінішіңіз бар ма? – Біздің буынның өмірі кеңестік тоталитарлық режим тұсында өтті. Сол кезде әке-шешеміз намаз оқып жатқанда: «Бұл – ескіліктің соңы. Мұның бәрі қа­лады. Біздің заманымызда намазды ешкім оқымайды» деген балалық көзқарас бол­ды. Қазір ойлап қарасақ, бұл балалықтан туған көзқарас екен. Кеңестік мектеп бізді тарихқа, тілге, дін мен дәстүрге қарсы қой­ды. Қазақы салт-дәстүр дегенді кеңес­тік идеология ескіліктің қалдығы ретінде миға сіңірді. Бұл сұмдық қиянатшыл идеология еді. Сол себепті де біз құдайтану деген ойға кеш кірістік. Шындығында, құдайтануды дамыған елдер бастауыш сыныптан бастап оқытады. Еуропа, Англия, Америкада теология пәні бар. Сөйтіп, олар ата дінінің әліппесін мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап оқи­ды. Ал біз бастауыш тұрмақ, орта, жоғары мектепте де діни көзқарас жайлы дәріс тыңдаған емеспіз. Соның бәріне кеңестік атеистік идеология тыйым салды. Нәти­жесінде, құдайсыз ұрпақ дүниеге келді. Коммунистік дәуірде дүниеге келген біз­ден де үлкен ағаларымыздың кәлимаға тілі келмейтінін көзбен көрдім. Осындай ата-анадан тәрбие алған балалар көп жағдайда әке-шешесінің жағасына жармасып, тіпті қарттар үйіне тапсырып, соттасып та жатыр. Коммунистік тәрбие өтіп кеткен буынның ұрпағы ата-анасын жоққа шы­ғарып, үлкенді құрметтеуді білмейді. Қазір күн сайын елімізде өз-өзіне қол жұмсап, суицидке барып жатқан жастар­дың саны артып жатыр. Бұл сол коммунистік тәр­биемен өскен ұрпақтың ұрпағы. Халқымыз «Дін қонбаған жүрекке жын қонады» дейді. Өкінішке қарай, діннен кеткен шаңыраққа да жын қонады. Осындай отбасыдан тәлім алған жастар адам шошитын әрекеттерге барып жүр. Олар тіпті үй болуды білмейді, еркегі әйелін, әйелі еркегін құрметтемейді. Әулие Мәш­һүр Жүсіп кезінде: «Қазақ әлі жетпіс жыл құдайсыз жүріп қағынар, құбыласын ұмы­тып Кремльге табынар» деп айтқан. Сол буын қазір жер басып жүр. Қоғамда күн сайын бір шенеулік пара алып ұсталып жатыр. Ұйымдасқан қылмыс үдеп тұр. Полиция да, прокурорлар да жабылып, бұл мәселені шеше алмай жүр. Тіпті, олардың өзі кейде қылмысқа араласып жатады. Мұның бәрі отбасындағы берілген тәр­биеден. Ақша үшін арын сататын, барын сататын ұрпақ жер басып жүр арамызда. Ал бұрынғы, көшпелі заманда ауылда сот болмаса да, ажырасу, ата-анасынан бас­тарту, суицид жасау, ұрлық-қарлық деген қылмыстар жоқ еді. Қазақты сақтаған құдіретті күш иман болатын. Әулие Аллаяр: «Бір үй толған жансың, бір-біріңе меймансың. Иманың кәміл болмаса, бір-біріңе дұшпансың» дейді. Менің бүгінгі ұрпақ туралы, тоталитарлық режим жайлы айтып отырған әңгімемнің бірін сонау ХVII ғасырда сопы Аллаяр айтып кеткен. Біз ескінің көзін көрген әке-шешеден тәр­бие алған соң пайғамбар жасына келгенде басымызды сәждеге қойдық. Өткеннің өкініштерін көріп, көзіміз ашылды. Оны көру үшін адам хақ жолына шығу керек. Өмірде екі жол бар. Бірі – Алланың жолы, екіншісі – сайтанның жолы. Адам осы екеуінің біреуімен міндетті түрде жүреді. Хақ жолына қадам басқаннан кейін өткенімізден, жастық шақта жасаған қателіктерімізден, өз-өзімізден шоши бастадық. Ата жолынан ауытқымаған аға болсақ, өз балаларымызды жастайынан намаз оқуға, салт-дәстүрді сақтауға үйретіп, қазір жемісін көрер едік. Менің өкінішім – осы. Бұл – біздің буынның барлығының басында бар жағдай. – Тарих пен әдебиетті қатар алып жүретін қаламгер аз. Сіздің бұл екі салаға да еңбегіңіз сіңді. Дегенмен жүрегіңізге жақыны қайсы? – Менің жазатын, зерттейтін тақы­рыбым – 20-30-жылдардағы ашаршылық. Бұл тақырыпты неге ен салып айтып отырмын? Себебі мен сол ашаршылыққа, Голощекиннің тепкісіне шыдай алмай жер ауып кеткен ауылдың баласымын. Сон­дықтан да мен Қазақстанда туған жоқпын. 1947 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келіппін. Ол кезде біздің ауыл отырық­шылыққа, колхоз, совхозға жоламай, тіпті кеңестік паспорт алудан қорқады екен. Осылайша, біз дүниеге келгеннен кейін Әмудариядан өтіп, Түрікменстанға ба­рады. Ауғанстанның шекарасында жүріп, 1953 жылдары ақыры колхозға кіріп, советтік паспорт алуға мәжбүр болды. Сонда Кеңес үкіметі 1917 жылы құрылса, біздің ауыл араға ширек ғасыр салып барып қана бұл жүйені мойындайды. Голощекин жасаған ашаршылықтан көрген қиындықтарын үлкендер жиі айтып отыратын. Біз соны құлағымызға құйып өстік. 1961 жылы әкеміз Абат біздің жергілікті балалармен сыйыса алмағаны­мызды көріп, атажұртқа көшуге шешім қабылдады. Біздің ауылдың шыққан жері Ақтөбе облысының Байғанин ауылы бо­латын. Содан бала-шаға Ақтөбенің суына шыдамайтын болған соң Алматы облысы Іле ауданының Ақши дейтін ауылына көшіп келдік. Мен сол 1963 жылдан бері Алматыдамын. №12 мектепте оқып жүріп, тарих сабағына қарасам, 20-30-жылдардағы оқиғалардан аттап өте береді. Ашаршылық деген бірауыз сөз жоқ. Сол жылдары асыра сілтеу болды деп қана өтеді. Содан: «Біздің ауылдың тарихы қайда? Қазақтардың кешкен қиындықтарын неге жазбайды? Мұғаліміміз неге ол туралы айтпайды?» деп ойланамын. Сөйтіп, Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факуль­тетіне келіп түстік. Журналистикаға кел­ген балалардың бәрі, Жақау Дәуренбеков, Сұлтанәлі Балғабай, Жеңіс Шыныбек бірдеңе жазады. Түн ішінде біреулері ро­ман жазады. Содан өз ауылымның тарихын жазайын деп: «Ақ боз үй» романының алғашқы идеясын, концепциясын, кейіп­керлерін, сюжетін тіптен тілін қоңыр дәп­теріме «Қашқан ауыл» деп түсіре бас­тадым. Сол замандағы газеттерді ашсам да ақпараттар бұрмаланған, ешкім Компар­тияға шаң жуытпайды. Негізі, 1932 жылғы ашаршылықты Голощекин мен Сталин қолдан жасаған. Себебі елді басқаруға келген Голощекин: «Аймақта октябрь революциясының иісі де байқалмайды. Сондықтан кіші октябрь жасайық» деп хат жазды. Сталин осыған қол қойды. Бұлар­дың кіші қазаны қазаққа тиген соққы болды. Сол шындықты жазайын деп мен кірісіп кеттім. Сөйтсем, бұл өте күрделі та­қы­рып болып шықты. Студенттің қанжығасына байлауға келмейтін, тым салмақты тақырып еді. Сондықтан бастаған туындымды қоя қойдым. Тарих та, әдебиет те менің жұмысым. Біреуі жақын деп бөліп-жара алмаймын.   100 жылда 1 минут үнсіздік жариялай алмадық – Иә, «Ақ боз үй» романы оқырман­дардың арасында үлкен сұранысқа ие бол­ды. Жақында осы романмен аттас фильміңіз түсірілді. Енді киноға таспаланған «Ақ боз үй» өз көрерменін таба ала ма? – Тек 1982 жылы біздің ауылдың шық­қан жері Байғанинге барып, ел-жерді көріп, үлкендермен сөйлестім. Содан кейін Қарақалпақстанға барып, көшкен елдің ағаларымен сөйлесіп, ары қарай Түрікменстанға барып қазақтармен кез­дестім. Сөйтіп, романға көзі тірі кейіпкер­лерден материал жинадым. Нәтижесінде, 1982 мен 1985 жылдың арасында Алма­тының батысындағы Ақсай деген сайға шопан ағамның жаман киіз үйін тігіп, жалғыз өзім 3 жыл жатып, «Ақ боз үй» деген роман жаздым. Бірақ ол жарыққа шықпай қалды. Брежневтың заманында ашаршылық дегенді естіген бетте бас­паның редакторлары ат тонын ала қа­ша­тын. Осылайша, кеңестік цензура құла­ғанша, 1989 жылға дейін ол тақырыпқа ешкім жоламады. Коммунистік партия құлағаннан кейін ғана «Ақ боз үй» романы шықты. Мінеки, тарих деген біздің бала­лық шағымыз. Сондықтан қалам ұстаған қаламгер ретінде тарихты жазбау мүмкін болмады. Кеңестік мектеп бізді шындықты айтыңдар деп үйреткен. Ал мен сол қоғам­ның бүркеп отырған шындығын, жасаған қиянатын аштым. Ол кезде кеңестік әде­биетте ешкім ашаршылық тақырыбын көтерген жоқ. Тіпті, бұл тақырыпты қозға­ғандар қудалауға түсетін. Солай роман өмірге келді. Кейін 1990 жылдары «Сұра­пыл Сұржекей» деген фильм шықты. Сценарийін Дамир Манабаев екеуміз жаздық. Ол фильмде романды басынан аяғына дейін алуға тырысқанымыз қателік екен. Өйткені бәрін бір жарым сағатта қамту мүмкін емес екен. Онымен қоса, фильмнің соңын түсіретін кезде кино тобы қаражаттан қысылды. Осылайша, фильмде компенсация, ауылдың көшуі бар, ашар­шылық жоқ болып шықты. Осы фильм Ашхабадта өткен Кеңес үкіметінің соңғы кино фестивалінде бас бәйге алды. Бірақ менің кинодраматург ретінде арманым «Сұрапыл Сұржекейде» қамтылмай қалған ашаршылықтың сұрқия бейнесін ашу еді. 20 жылдай ойланып, 2-3 жыл бұрын сценарийге отырдым. Кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде «Ақ боз үйді» оқығанын айтты. Мен Прези­ден­тімізге дайын сценарийді ұсынып: «2022 жылы 1922 жылы болған ашаршылыққа 100 жыл, 1932 жылдағы ашаршылыққа 90 жыл толады. Ашаршылықта қырылған 5 миллион қазақтың аруағы 100 жыл жоқтаусыз қалды. Жарты халыққа үлкен экран арқылы жоқтау айтатын кез келді, сондықтан осы сценарийді әкелдім» деп айттым. Президент «Ақ боз үй» фильмін түсіруге пәрмен берді, тек «нәтиже жақсы болсын» деп айтты. Бұл үлкен жауапкер­шілік еді. Фильмнің түсіру тобымен бірге жүрдім. Ең үлкен жауапкершілік сол алпыс маманның иығына түсті. Режиссері бұған дейін «Аңшы бала», «Оазис», «Бала ғашық» фильмдерін түсірген Бекарыс Елубай. Дегенмен мен режиссерге кеңесші болдым. Өйткені қалада туған режиссер көшпелі ауылдың тыныс-тіршілігін қайдан біледі? Маңғыстаудағы Үштаған ауылының жанындағы құм Түрікменнің қара құмына қатты ұқсайды екен. Былтыр жазда сол жерде кино түсірдік. Романның «Ғарасат майданы» деген соңғы тарауында ауылдың биі болған, бас кейіпкер Пах­раддин мен оның бәйбішесі Сырға екеуі далада көмусіз қалады. Фильм осы соңғы тарау бойынша түсірілді. Соңғы тарау бойынша сценарий жазылды. Өйткені романды басынан бастап түсіру үшін кем дегенде 20 серия болу керек. Бірақ бізде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан тек қана ашаршылыққа арналған «Ғарасат майданы» түсірілді. Қараша айында Түркі әлемінің мәдени астанасы Бұрса қала­сында өткен «Қорқыт ата» түркі әлемі фильм фестивалінде «Ақ боз үй» филь­міндегі Пахраддин образы үшін Қайрат Кемалов «Үздік ер адам бейнесі» номи­нациясы бойынша жеңімпаз атанды. Фильм­нің жабық көрсетілімі бірнеше қалада болды. Фильмнен кейін ашаршы­лықта құрбан болған аруақтарға арнайы ас берілді. Көрсетілімді Исламбек Сал­жа­новтың «Алтын қыран» қоры ұйымдас­тырды. Ең үлкен алғысты фильм титрында Президентімізге айттық. Өйткені осы фильмнің жарық көруіне себепкер болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еді. Egemen Qazaqstan-ға жазушы Тұрысбек Сәукетаев «Бір жарым сағат бойы қасымда жайғасқан бейтаныс кексе әйел қайта-қайта бето­рамалын көзіне басып, тұншығып өксумен болды. Міне, фильм құдіреті, міне, өнер магиясы!» деп жазды. Жалпы «Ақ боз үй» фильмі жайлы барлық БАҚ жарыса жазды. Талғампаз көрерменнің осы сынды пікірі айтылып жүр. Біз 100 жылда бір минуттық үнсіздік жариялай алмаппыз. Оның себебі Кеңестік идеология үнсіздік тұрмақ, үніңді шығаруға жол бермейтін. Тәуелсіздік алғаннан кейін де біздің Парламент үн­сіздік жарияламапты. 5 миллион аруақтың алдында бәріміз қарыздармыз. Енді парызымызды өтеуіміз керек. Сонда ғана қызыл террор құрбандарының аруағы бізді қолдайды. Осы фильмнің шығуының өзі бір жарым сағаттық жоқтау. Дамыған елдер ұлттық қасіреттерін өз деңгейінде ұлықтай біледі. Тіптен соған арналған Аза сарай­ларын да салып қойған. Жыл сайын сонда барып көз жасын төгеді. Алматы қаласында Аза сарайының іргетасы қалануы қажет. Мысалы, Израильде бір күн бар, жыл сайын сол күні сирена ойналғанда адамдар көшеде тұрған жерлерінде қалып, Екінші дүниежүзілік соғыста қырылған 6 миллион құрбанды еске алады. Осындай дәстүр Қазақстанда да болса екен деп арман­даймыз. Сол үшін роман жазылды, сол үшін өмір бойы айтып келемін, сол үшін «Ақ боз үй» түсірілді. Ақ боз үй – Сонда Аза сарайының артықшы­лығы қандай? – Аза сарайын салу туралы пікірімді Президентімізге де айтқанмын. Бұл сарай мақсаты жағынан Лондондағы Мадам Тюссо музейімен қарайлас болғандықтан, француз революциясының құрбандары мен әлемге әйгілі қанішерлердің мүсіні арқылы тарих шындығын боямасыз баян­дап тұрған осы музейдің форматында жа­салса деген ұсынысымыз бар. Бұл музейде орта ғасырдан бері Еуропа басынан кеш­кен күллі қатыгездікті балауыз өнерінің шеберлері толықтай түсіндіріп береді, әр балауыз мүсін үнсіз кейіппен тарихтан сыр шертіп тұрады. Осыны айтқанымда, Қ.Тоқаев: «Сіз білесіз бе, Қазақстанда балауыздан мүсін жасайтын бір-ақ адам бар ғой» деді. Балауыз өнерін өз энту­зиазмымен үйренген жалғыз мүсіншінің елордада тұратынын Президенттен ес­тідім. Бұл өнер елімізде мүлде дамымаған. Бір есептен ескерілмей елеусіз келе жатқан өнерді өрістетуге септігі де тиер ме еді. Бұл музейге кіріп-шыққан кез келген адам, шетелдік туристер 1916 жылдан басталып, 1938 жылға дейін созылған ақтаңдақтар тарихымен танысып, ашаршылық зұл­ма­тын, Алаш қайраткерлерінің тірі бейнесін көріп, көзінің жасы мөлтілдеп шыққан болар еді. Аза сарайының концепциясы – осы. – Бір сұхбатыңызда «ашаршылықтың ақиқатын айтатын уақыт келді» депсіз. Былтыр халқымыздың тарихындағы қаралы қырғынның болғанына 100 жыл толды. Бірақ тарихтың осы бір ақтаңдағы неге лайықты бағасын ала алмай келеді? – Қазір Мемлекеттік комиссия ашар­шылық және репрессияға ұшырағандар тізімін жасап жатыр. Президент «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық және репрессия құрбандары жүйелі зерттеліп, оған саяси баға берілуі тиіс екенін айтты. Президент сайлауынан кейін Парламентте ұлттық қасіреттің 100 жылдығына орай ашаршылық, репрессия құрбандарының рухына 1 минуттық үн­сіздік жариялануы керек еді. Бұрын 31 мамыр Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні еді. Өкініштісі, осы атаулы күн туралы заң қабылданған кезде «ашаршылық» деген сөз мәтіннен қасақана алынып тасталды. Сол себепті Парламентіміз заңдағы «ашаршылық» деген сөзді орнына қойып, тарихи әділет­тілік ізімен қайта жазуы керек. Сөйтіп, «31 мамыр – Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып қайта қалпына келуі керек. Сонда ғана біздің ашаршылықтың да, қуғын-сүргін құр­бандарының да алдында жүзіміз жарқын болады. Ашаршылық құрбаны болып жоқ­таусыз кеткен жарты халықтың аруағын мемлекеттік деңгейде еске алатын уақытты қашанғы күтіп отырамыз? Қазақтың ба­сына орнаған ең үлкен қасірет осы – ашаршылық. Мемлекеттік деңгейде азалы күн жарияланып, Ту төмен түсіріліп, мешіттер мен шіркеулерде дұғалар оқылуы керек. Мұны жасамай, коммунистік идеологияның салдарынан арылуымыз мүмкін емес. – Кеңес үкіметі кезінде цензураның қатты болғанын білеміз. Сіздің қай шы­ғармаңыз цензураның соққысына ілікті? – «Қызыл империя» құламағанда «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» жа­рық көрмес еді. Алланың әмірімен тота­литарлық режим құлап, тәуелсіздік таңы атты. Онсыз репрессияланғандар тізімін біз де толтырған болар едік.   Сценарийлердің 90 пайызы орыс тілінде жазылады – Сіз сценарийін жазған «Алмас қы­лыш», «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» тарихи фильмдері көрерменнің зор ықы­ласына бөленді. Тарихи фильмнің сценарийін жазу қаншалықты қиын? Жас сценаристерге қандай кеңес бересіз? – Рүстем Әбдірашев түсірген аталмыш тарихи фильмдер түрік телеарналарында былтырдан бері қайта-қайта көрсетіліп келеді. Араб елдерінің прокатына шықты. Мәдениет туралы заң Парламенттен өтті. Киноға жыл сайын бөлінетін бюджеттің 70 пайызы тарихи және әлеуметтік аса маңызды киножобаларға жұмсалатын болды. Бұл жаңалыққа үлкен үміт артып отырмыз. Тарихи фильм сценарийі дейсіз бе? Бұл – кез келген драматургтің қолынан келмейтін нәрсе. Ол үшін сценарист ұлттық мәдениеттің уызына жарыған тұлға болуы керек. Тілін, дінін, тарихын терең меңгерген тұлға болып қалыптасуы қажет. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сондай сценаристер дайындауға атсалысып жүргенімізге талай жыл болды. – Қазақ хандығы жайлы соңғы шыққан «Қасым хан» фильміне көңіліңіз толды ма? – Өкінішке қарай, «Қасым ханды» әлі көре алмай жүрмін. – Қазіргі кинолардың сөздік қоры неге жұтаңданып кетті? – Өйткені 70 жыл бойы кино өндірі­сінің тілі орыс тілі болып келді. Қазірге дейін сценарийлердің 90 пайызы орыс тілінде жазылады. Киноны мемлекеттік қолдау орталығында осы құбылыспен күрес жүріп жатыр. – Қазір не жазып жүрсіз? – «Алтын Орда», «Қорқыт ата», «Үміт үзгім келмейді» сияқты сценарийлерді аяқтадым. Тапсырма беруші табылса, «Абылай хан» атты телесериал сценарийін жазуға дайынмын. – Мемлекеттік сыйлыққа қатыстыңыз ба? Жалпы сыйлыққа қалай қарайсыз? – «Ақ боз үй» романымен мемлекеттік сыйлыққа қатысып едім, комиссия құ­лат­ты. Бірақ түркілер жақында қолтығы­мыз­дан көтеріп алып, «Ақ боз үй» үшін ха­­лықаралық «Түркі дүниесінің әдеби сый­лығын» табыс етті. – Әңгімеңізге рақмет!