McDonald's: қарынды емес, көңілді тойдырған
McDonald's: қарынды емес, көңілді тойдырған
© коллаж: Әсел Балтақызы
Әлемге әйгілі McDonald's фаст-фуд желісі Қазақстаннан кететін болды. Бұл жаңа­лық елді аса бір алаңдата қоймас, әйткенмен осынау алпауыт мейрамхананың өнім­де­рін сүйіп жейтіндер де аз емес. Әлем өркениетінен қалмаудың нышаны секілді көрі­нетін McDonald's-тың кетуі расында елемейтін дүние емес-ті. Сонымен, тамақтану желісінің елімізден алыстауына не себеп болды? Оның біз үшін қандай тиімді тұстары бар еді? Екі себеп, екіұшты ой Алғашқы мейрамханалары Қазақстанда 2016 жылы ашыла бастаған McDonald's брендінің елдегі ауқымы өте кең болатын. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Қарағандыдағы 24 мейрамханасы 2000-ға жуық адам­ды жұмыспен қамтып отырды. Осынша жанға жұмыс беріп, мем­лекетке салығын төлеп отырған желінің кетуі шынында қуантар­лық жайт болмаса керек. Негізі мейрамханалар осыдан бірнеше ай бұрын біртіндеп жа­была бастаған. Оны әуелде Ресей­дегі санкциялар әсерінен McDonald's Қазақстаннан кеткісі келеді деп болжағандар болған. Алайда ол қауесеттің мүлде мәселеге қатысы жоқ болып шықты. Қазір бізге анық екі жайт – ет жеткізу мәселесі мен мейрамхана желісінің фран­чайзингі Қайрат Боранбаевтың қамауда отырғаны. Көбіне бірінші себеп жиі айтылуда. Сәрсенбіде Bloomberg басылымы ет жеткізу мәселесіне байланысты мейрам­хананың Қазақстаннан кетуге ниет­ті екенін жазды. Басылым мә­ліметінше, Ресей нарығынан кет­кеннен кейін McDonald's Қа­зақ­стандағы франчайзилеріне Ре­сейдегі жеткізушілерден котлет­терге ет сатып алуға тыйым салған. Әңгіменің басы былтыр қара­шада басталған еді. Fod Solutions KZ ЖШС (McDonald's Kazakhstan) иелігіндегі 24 фастфуд мейрам­ха­насы жеткізу мәселесіне байланыс­ты жұмысын тоқтатты. Ізін ала 12 желтоқсанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстан­дық өндірушілердің McDonald's өнімдерін жеткізуге дайын екенін хабарлады.
«McDonald' s жаһандық стан­дарттарға ие, бұл әлемдік ком­па­ния. Бірақ кез келген өндіріс ірі желілік компанияға бейімделуі керек. Менің ойымша, бұл – ком­мерциялық мәселе. Бұл өндіріс кө­лемінің жеткіліксіздігін білді­реді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өндіріс жеткіліксіз болуы мүмкін. McDonald 's кетпей­ді және көлемді де, стандартты да қамтамасыз ете алатын өндірушіні табады деп үміттенемін», – деген еді палата басшысы Райымбек Баталов.
Кейін компания кәсіпкерлер палатасынан мүлде көмек сұрама­ғаны, жай «Атамекен» қол ұшын созуға ниетті болғаны айшықталды. Bloomberg мәліметінше, Қазақ­стандағы франчайзингтер жергі­лікті немесе еуропалық жеткізу­шілерден ет сатып ала алмаған, өйткені жоғары бағалар мен көлік шығындары бизнесті бәрібір шығынға әкелетін еді. Енді екінші себеп болуы мүмкін жайтқа тоқта­лайық. Республикадағы желілік мәселелерді McDonald's-тың Қа­зақстандағы франчайзингі Қайрат Боранбаев шешетін. Ол былтыр 17 наурызда квазимемлекеттік сек­тордағы қаржыны жымқырды де­ген айыппен қамауға алынды. Бұл мейрамхана желісіне қатысты проблеманы одан әрі қиындатты. Фастфуд патшасы жайындағы пайым Әрине, McDonald's-тың еліміз­ден кететіні хабарланғалы небір пікірлер айтылуда. Айтарлықтай зияны жоғын, еш дүние өзгер­мей­тінін, тіпті, «аш қалып жатқан жоқ­пыз» деген көзқарастарды аңғар­дық. Рас, ешкім де аш қала қоймас, дегенмен мәселенің берісі мәдени, түбін қазбалайтын болса­ңыз саяси мәні де бар. Мұндай қызықты фактіні блогер Асхат Қасенғали айтып отыр.
«McDonald’s жай ғана тамақ­тану желісі деуге келмес, бұл жа­һанданудың (глобализация) ны­шанына айналғалы қашан. Тіпті, әлеуметтік ғылымда макдональ­дизация аталатын термин де енген. Еліміздегі желілері халыққа жұ­мыс, билікке салық беріп тұрғаны­нан бөлек, мемлекеттің әлемдік қауымдастықпен қатынасын да көрсететін бір өлшем іспеттес болған. Еуропалық туристердің барған елін осы бір әйгілі фастфуд патшасының бар-жоғымен өлшей­тін әдеті бар. Норвегиялық саяхат­шы, зерттеуші Эрика Фатландтың «Советистан» атты кітабы бар. Ол Орталық Азиядағы бес елді аралап шығып, әр елдегі өмір сүру салты, дін, экономика, саясат, әлеуметтік жағдай жазады. Міне, сонда ол Қазақстанға келіп, еуропалық си­паттағы фастфудтарды жей алға­нын айтады. Бірақ ол кезде Қа­зақстанда McDonald’s жоқ еді, ол басқа фастфуд өнімін жеген. Осы­ның өзі еуропалық үшін бір өлшем бірлік десек те болатын шығар. Сондай өлшем бірліктің бірі елі­мізден кетіп бара жатыр», – дейді ол.
Осы тұста ол тағы бір деректі келтіреді. 1979 жылы КСРО Ауған­станға басып кіріп, артынша Батыс КСРО-ға санкцияны үдетіп, 80-жыл­ғы олимпиадаға бойкот жа­риялайды. Міне, сол олимпиа­даның алдында 4-5 жыл бұрын КСРО McDonald’s-ты еліне кіргізу үшін АҚШ-пен жанталаса бей­ресми келісім жүргізеді. Өйткені олимпиадаға келетін еуропалықтар McDonald’s арқылы «КСРО да­мыған екен» деген баға беруі тиіс екен. Бірақ Мәскеу ақыры Ауған­станға кірді, McDonald’s келмей қалды. Алғашқы мейрамханасы КСРО-да тек 1990 жылы ашылды. КСРО халқы сол мейрамханадан бургер жеуге күні-түні кезекте тұр­ды. Бұл жабық қоғамға жаһан­данудың есігі ашылғандай сәт еді. Ал биыл Ресей Украинаға басып кірген соң 850 мейрамханасы қай­та жабылды. Бұл шынында өрке­ниетті әлем Мәскеу үшін есігін тарс жапқандай әрекет еді. Кейін ол мейрамханалар атын өзгертіп, ресейлік сервиспен қайта ашылды, бірақ оның деңгейі мүлде төмен, әлем білетін McDonald’s-тай емес еді.
«McDonald’s-тың біздегі жа­былуында қандай сипат жатқанын білмедім. Өз басым фастфудты қатты ұната қоймасам да, бұл брендтің кетіп жатқанына қуана алмаймын. Ресейдегі сияқты жаңа атпен басқа мейрамханалар ашы­лар, алайда өзі секілді болмай­ды», – дейді Асхат Қасенғали.
Қорыта келе айтарымыз, McDonald's-тың елден кетуінде жұртты жаппай алаңдататындай түк жоқ. Бірақ соған қарамастан өркениеттің бір бөлшегінен айы­рылғандай күй кешіп жатқандар баршылық. Ол негізсіз де емес. Ел қызыға қарайтын танымал фильм­дердің өзінде осы мейрамхана жылт етсе, көзге жылы ұшырай­ты­ны бар еді. Құдды қарынды емес, көңілді тойдырғандай.