Ерлігіне ел сүйсінген батырлар
Ерлігіне ел сүйсінген батырлар
Бейбіт күннің өзінде ел сүйсіндірер ерлігімен танылып, көптің алғысына бөленген азаматтар ортамызда жүр. Сын сағатта дереу шешім қабылдап, өзгенің өміріне араша болған жандар қандай құрметке де лайық. Осы орайда өткен жыл өрнегінде Сыр өңірінде көзсіз ерлікке барып, бейбіт күннің батыры атанған жандарға тоқталып өтсек. Өртпен арпалысқан азамат Қызылордалық Бақтияр Оспанов – бейбіт күннің батыры. Ол бір емес, бірнеше мәрте адам өмірін оқыс оқиғадан арашалап, ерен ерліктің озық үлгісін танытқан. Талай жанға екінші өмір сыйлаған батырға көптің құрметі де шексіз. Сондай оқиғаның бірі – өткен жылдың соңына таяу ол бүтіндей бір отбасын қызыл жалыннан аман алып қалды. Тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, өзгенің өмірі үшін өз өмірін қатерге тіккен батыр азаматтың ерлігі көпті сүйсінтті.
«Ол кезде мен інімнің үйіне қонаққа барған едім. Подъезге кіргенде мақта секілді бір заттың күйген иісін сездім. Алғашында мән бермедім. Қайтар уақытта иістің өршігенін байқадым. Жалынның иісі подъезді алып кетті. Әйтеуір, бір үйде оқыс жағдай болғаны белгілі болды. Содан дереу біреуге көмек қажет екенін түсініп, әрекетке көштім. Інім екеуміз подъездегі барлық үйдің есігін қақтық. Ешкім ашпады. Содан бірінші қабаттағы көршінің есігін қаққанымда, кішкене саңылаудан түтін шыға бастағанын байқадым. Тез арада өрт сөндірушілерді шақырып, әзер дегенде есікті аштық. Есікті аша бергенімізде үйден ер адам шықты. Иістен есеңгіреп қалыпты», – деп еске алады сол сәтті Бақтияр Оспанов.
Бақтияр дер кезінде газ құбырын жауып, қауіптің бетін қайтарады. Өрт сөндірушілер жалынды өшіріп, отбасын апаттан аман сақтап қалады. Бейбіт күннің батыры мұның барлығы қас-қағым сәтте болғанын айтады. Қаршадай қыздың қаһармандығы Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданы Аққұм ауылының кішкентай тұрғыны Мерейдің көзсіз ерлігі де көпке үлгі. Қаршадай қаһарман қыздың үйінен тоқ кернеуінің күшеюі салдарынан абайсызда өрт шығады. Тілсіз жаумен арпалысқан қыз жанкештілігінің арқасында үш бауырын терезеден шығарып, ажалдан аман алып қалыпты. Батыр қыз сол сәтті қорқынышпен еске алады.
«Ол мен үшін өте қорқынышты кез еді. Сол сәтте тек бауырларымды құтқарсам деген ой болды. Өрттен құтқару үшін үш бауырымды терезеден сыртқа шығардым. Содан кейін өзім көшеге шығып, адамдардан көмек сұрадым. Осы кезде ауыл тұрғын­дары дер уақытында өртті сөндіріп үлгерді», – дейді Мерей Бақыт.
Мерей Мерей бүгінде Аққұм ауылындағы Алдаберген Бисенов атындағы №38 орта мектебінде 2-сыныпта оқиды. Осы ерлігі үшін жуырда Астана қаласына арнайы шақыртумен барып, Мәдениет және спорт министрінің төсбелгісін кеудесіне таққан. Сол кезде өте қуанышты сезімде болғанын жеткізді. Мерей өскенде дәрігер болуды армандайды екен. Барлық адамға ем жасап, екінші өмір сыйлауды мақсат тұтады. Адам өміріне араша Тілшілік тіршілігімен танылған, Қызылорда қоғамдық телеарнасының журналисі Назгүл Қажытаева да бір-ақ сәтте бейбіт күннің батыры атанып шыға келді. Әлеуметтік желіде белсенді ол бір адамның өмірін сақтап қалуға үлкен себепші болды. Бұл оқиға өткен жылдың қараша айында болған.
«Желіде көптеген жан көмек сұрап, хат жазады. Сол кезде қызылордалық бір тұрғын жақын туысы таңертең үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмағанын айтып, жәрдем сұрады. Сол себепті парақшама із-түзсіз жоғалған адамды жариялап, іздеу жұмыстарын жүргіздім. Туыстарының айтуы бойынша полиция бөлімшесіне бардым. Осылайша, екіге бөлініп, тез арада іздеуге кірістік. Бас-аяғы 40 минуттың ішінде жоғалған адамды дария жағасынан таптық», – деп түсіндірді бұл жайында ол.
Назгүлдің айтуынша, зардап шегушілерді судан алып шыққан бойда дереу ауруханаға жеткізеді. Ақ халаттылар шұғыл көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан сақтап қалды. Осы оқиғадан кейін батыр қызға әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, хат жазатындар қатары артқан. Өзі де сондай жандарға әрдайым көмек қолын созуға тырысып жүреді. Назгүл мұны өзінің азаматтық парызы деп есептейді.

Қызылорда облысы