Қоғамдағы ой тазалығы – сенім мен құндылықтың тірегі
Қоғамдағы ой тазалығы – сенім мен құндылықтың тірегі
Қазақстандықтарды бірік­ті­ретін үл­кен ортақ құндылықтар бар. Ол – руханият пен идео­ло­гия. Бұл ұғым­дар ерекше. Ру­хани-адам­гер­шілік және отан­сүйерлік тұрғыда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының жанды болуы бәрімізден бірлік пен ынтымақтастықты, елдік өзара ық­палдастықты талап етеді. Бұл жағдай қазіргі кезде бүкіл төрт­күл дүние үстіне от көйлек ки­іп күйіп тұрғандай күйге түс­кен­де тіптен маңызды. Халықтың сана­сында, көңілінің түк­пірінде жатқан алаңдаушылықтың дені ұлт­тық тәлім-тәрбиеге, қоғамдық ой-са­наны мейлінше тазалауға қатысты болып отырғанын сезінуге болады. Қоғамдық саясат әлемінде пікір алуандығының ор­нығуына, аға тол­қын мен бүгінгі жас буын арасында сабақтастықтың тығыз қалып­та­суына нәр беретін тәрбие, мықты тәр­бие аса қажетті іс болып тұр. Бұл қай ор­­­та­да болмасын, әсіресе, өңір­лерде бол­­ға­нымызда өмір көрген, түйгені көп кі­­сілердің тарапынан жиі айтылады. Да­нагөй, ақылды адам­дар идеяны талқы­лайды, ал басқалары оқиғаны сөз етеді немесе адамдар туралы пікір айтысынан аспайды демекші, қоғамды ілгеріле­тетін, ненің жақсы, ненің жаман еке­нін түсініп, ұғынуда ортақ еліші­лік ой қазанында бас қосу жағы кейде көпшіліктен гөрі жеке-жеке жағдайда көрініс табуда. Бұл назар аудартуға тиіс өзекті тәрбие мәселесі жер­гілікті атқару органдарының идеоло­гиялық саласында әлі де жеріне жетіп, иі қанбай тұрған бір іс болып отырғанын ашық айтуға тура келеді. Мысалы, бір өңірде болатын жұртшылық жиналыстар мен түрлі кездесулерге қатысатын да, сонда сөз сөйлейтін де белгілі бір адамдар болып шығады. Рас, олар қоғамда белсенді кі­сілер, бұл қадамдарын іштей құптай­сың, әлеумет­шіл әдеп-әрекеттерін қолдайсың. Оның арғы жағында жер­­гілікті жерде әр ауыл­дың бет­кеұс­тар, ұятқа қалдырмайтын тұл­ғаларына деген сенім бар екенін тү­сінуге болады. Қоғамдық кеңестің төраға­сы не мүшесі, ардагерлер кеңе­сінің же­текшісі, кей жерде би­лер кеңесі деген қо­ғамдық ұйымдар бар, міне, осылай қайталана беретін үйреншікті дағдыға да өзгерістер керек. Оның қандай қиындығы бар? Жас ұрпақты осы бастан тәрбие­лемесе, қалай, қашан тәрбиелейді? Жас­тар үйренуді білмесе, ертең өздері кімді үйрете алады? Жаңа, әділетті Қазақстан құрудың идеясы мен құндылығы-әді­леттілікте екенін сөз­бен емес, нақты іс­пен көрініс табуы тиіс екенін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Қазақстандық зиялы қауым тап бү­гіндері жалпақ әлем тыпыршып тұрған ке­зеңде өткеннен сабақ алып, жаңа дәуір­дің жүктейтін талаптары мен салмақты міндеттерін жүрегімен терең түсінуі керек-ақ. Бұл жөнінде қолға алатын тетіктер бар. Айталық, Батыс Қазақстан облысында тұрып жатқан көрнекті ақын, елімізге кеңінен танымал Ақұштап Бақты­гереева апайымыздың қазақ бас­па­сөз беттерінде, ұлттық мәдениет, ұлт­тық мүдде, білімді ұрпақ және са­бақ­­тас­тықтың маңызды сипаттары жайында жазған өзекті мақалаларын қоғамдық ұйымдарда, жастар ара­сын­да талқылауға болар еді ғой. Идео­логиялық тәрбие жұ­мыстары ер­теден белгілі, биік рухы қуат­ты, дара, дана адамдардың ақыл-ойы­мен орнықты болмақ. Мемлекет басшысы еліміздің рухани орталығы Түркістан қаласында жастармен болған әңгіме­лесуін­де адам қандай да сыннан жеңілмеуі үшін заманға лайық білім алып, терең білімге құштарлық, еңбекқорлық, күшті із­гі­лік құндылықтары болуы керек, мұ­­ның бәрі жастардың мінезінде болу қа­жеттігін, сол мақсатта жас­тарға жол ашу­дың басым саяси-әлеу­меттік бағыт екенін ашық айт­ты. Білім жолына түскен жас­тардың алды ашық, табанды ұмтылыс­тары биіктерге жеткізетінін ұқтырды. Адамзатта қатігездік пен мейі­рім­­сіздік, зорлық-зомбылық атау­лы етек алған жағдайда біздің жас­тардың бойында ұлттық сана, ұлттық сапа, ұлттық деңгей болуы керек. Жаңа тарихи кезеңге аяқ бас­қанда, тарихи бетбұрыс жасауға келгенде ұлттық сана-сезімді, рухты сақтап қалу – ұлт үшін үлкен мәселе. Ар-намысты көтеру жолында көп­теген іс-әрекеттер жасалуда және ол тоқтаусыз жалғаса береді. Осы ба­­ғытта біз айналып келгенде өмірі әділ­­дік іздеген, халқым деп қабырға­сы қа­йыс­қан қоғамшыл қайраткер азамат­тар­дың өнегелі істеріне жүгі­неміз. Біз өз жағ­дайы­мызда аса қа­жетті, бәлкім, аса қиын мә­селелерді бірлесе шешуге қабілетті тұлға­лар ретінде қалыптасу әрқайсы­мыздың борышымыз болып табылады. Қазақстан Президентінің халық­қа Үндеуі мен сөйлеген сөздерінен қоғамдық ой-сананың дамуы мен жеке адамның елдік мұратқа ұйыс­тыру саясатынан мейлінше халыққа деген сенім мен әділетті ту ететін қоғамға, мемлекеттің келешегіне деген ақ адалдықты көреміз. Біз ескі жүйеден алшақтап, мақ­тан­герлік, даурықпа даңғаза­лықтан аулақ болуды да ойлап, қо­ғамды оятып, орнық­тырып жатқанымызды біртіндеп сезіне бастадық. Ел тұтас­тығын сақтап, бірлікті бекемдеудің тура жолы – қоғамды тазар­тудан басталатын адалдық игіліктерін көз­бен көріп, қолмен ұстауды жоғары бағалауға бет бұрдық. Жаңа Қазақстан құрудың тарихи мән-маңызын айтқанда, көп жыл бойы қор­даланған кемшіліктер мен кедергілердің теріс әсерінен тезірек арылудың өзі қо­ғамдық ар-ұят пен азаматтық абырой-беделге сын деп білеміз. Бәрі де елдік тұрғыдан айтылуы керек. Жасыратын несі бар, өкінішке қарай, біздің қоғамда әуелі эконо­мика, соңыра идеология деген бағыт-бағдар түпкі ха­лықтық тәрбие мен мәдени ұғымдарға өз көлеңкесін түсірді. Мұндай ұстаным мен көз­қарастың зардабы мен теріс қылық­тарының ақыры адал адамдардың жігерін жасытты, құлқынқұмар пиғыл мен тойым­сыз психологияның шегі жемқор­лық пен қорқаулардың «жолын ашты» десек те болады. Олай болуына тағы да айтар бол­сақ, қоғамда жариялылық пен ашықтық бел­гілі бір озбыр топтар мен бетімен кеткен ал­пауыттарды айналып өтіп жатқанын қара­пайым адамдар да біліп жатты. Жоғары биліктегі шіренген шенеуніктер болса, жайлы өмірдің рахатын көріп, қызығына шомылып жатқан соң дүние-байлықтан шөміштеп алуды әлбетте, дағдыға айналдырды. Ұлттық құндылықтар ақылдың емес, арам ақшаның ұшына бай­ланды. Сан жыл бойы тізбеленіп, жал­ғасын тауып келген қасірет-қауіп­тің қою бұлты мен сойқан сал­дары қайда апарып соқ­қанын 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы көр­сетті. Залалы мен зауалы бірдей ұйтқи соққан заман желіндей болды, ал жаппай реніш, ашу-ыза мен кек бір­дей қоғамды қатты тітіркентті. Ота­ны­на опасыздық жасағандар мен ниеті бұзық қаскөйлер бейбіт өмір­дің шырқын бұзды. Қосақтың ара­сын­да сондай сұмырайлардың ке­сірі­нен бейбіт адамдар да опат болды. Қаңтар сабақтары көп жыл дау­рықпа-даңғазаға ұласқан мақтан­герлік пен жа­ғымпаздықтың құй­тыр­қылары және билік атаулының бір қолға шоғыр­ла­нуының тиімсіз болғанын айғақтап берді. Егер Қ.Тоқаевтың биік өресі мен озық ойлы білім-біліктігі, жеке өзінің халық­аралық деңгейдегі абы­рой-беделі бол­мағанда тәуелсіз елдің туы шайқалып, бей-берекет­сіздік белең алып, астан-кес­тен дү­ние болар ма еді, кім білсін. Қазір ол айтуға ғана оңай. Сондықтан да бұдан былай мем­лекетте түбегейлі өзгерістер қажет еді. Жұрт ұмы­та қоймаған болар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылдан қоғамды шыншыл, мей­лінше ашық, барынша әлеу­меттік топтардың ой-пікірімен са­насу, саяси реформалық бастамалар­ды қолға алуы сөз жоқ, әсіресе, қо­ғам­дағы қа­рапайым еңбек адамда­рының өзіндік көз­қарастары мен ойлау жүйесіне бет­бұрысты өзгеріс­тер әкеле бастаған еді. Ұш­қынды ұмтылыстар халықтың жүре­гіне от жақты. Сең сөгіле бастады. Қит етсе, хит ән секілді, ескі әуенге әуестік се­кілді адамдардың топтасып, үн қатуына қарсы тұрып, басына әң­гіртаяқ ойнатқан ескі жүйенің мұзын ертіп, семіп қалған түсінікті бұзды. Бұл ұсақ-түйек шешім емес, көптен бері баяны табылмай келе жатқан демократиялық талап болатын. Бей­біт митингіні әлеумет пен жұрт­шы­лық өкілдерінің жария өткізуге заң аясында ашық рұқсат етілді. Бұған ел Прези­дентінің өркениетті даму жолын таңдауы мен қоғамға керекті нәрсені тереңінен түйсініп, сезінуі­нен себеп болғаны анық. Бұрынғыдан алғашқы айырма­сы­ның бастауында осы ой еркіндігін қастерлеп, ұлттық сапаға, ұлттық са­наны оятуға деген соны талпыныс тұрды. Әрине, біз ұлттық мемлекет­ті­гімізді белгілі бір дә­ре­жеде қалпы­на келтірдік. Қазақстан мем­лекетін әлем таныды. Өткен сол отыз жыл еге­­­мендік пен қазіргі 2022 жылдың қы­­сы мен көктемінде, жазы мен кү­зінде атқа­рылған және атқарылуға тиісті ұлттық мемлекетті нығайту ісі­­нің арасында орасан саяси жүйе өз­герістердің салмағы айқын сезілуде. Бүгінгі Қазақстан – әділеттілікті бас­ты құндылық етіп, заң үстемдігін орнық­ты­рып, мемлекеттік аппарат­тың өзін жаңар­тып, жаңғырту, саяси жүйені тү­бегейлі өзгертудің қат-қабат әрекеттері, конс­титуциялық рефор­маны жүзеге асы­рудың мәртебелі қа­дамдары кезең-кезең­мен алға басуы қоғамды түрлендіріп, маз­мұны халыққа тікелей байланысты болған соң бұқараның қолдауынан бастау алуда. Жаңа, әділетті Қазақстан құру идеясы мемлекет мәселесін білім мен мәдениетті дамытумен қарас­тыру өміршең десек, мен Президент ұсынған саяси реформалар мен түрлі жобаларды сыртқы ықпалға тө­теп беруге және өзіміздің ұлттық біре­гейлікті сақтап, мақсаттылық сипат­қа не­гізделген бағыт-бағдар ретінде қабыл­даймын. Бетбұрыс қадамдардың қай-қай­сысы болмасын, әлеуметтік әділет­тілік пен ой еркіндігіне кең жол ашатын жағдайда қолға алынса, реформатор буынның қалыптасуы­на, ретсіз нәрсенің бәрін кері ысы­рып, жаңашыл рух әкеледі. Жаңа Қазақстан жайында өңірлерде сай­лау­шылармен болған кездесулерде ашық пі­кірлесіп, ой қосамыз. Сон­дай бір жиын­да, шалғайда жатқан Мойынқұм да тұратын қарияның «Қарағым-ау, айтпса сөздің атасы өледі, демей ме, шындық ке­рек ха­лыққа. Осы ретте Президенті­міздің қоғамды тазартудағы батыл ше­шіміне ризамыз. Ел байлығының тең жартысынан астамын 162 адам иелігінде екенін ашық айтқанын ер­лік және нағыз адал басшының сөзі ғой!» деп ел дәулетін ту-тала­пайға салғандардың жолын кесіп, бәрін де заң алдында қатаң жауап­кер­­ші­лікке тарту мәселесіне зор мән берген бір ауыз сөзін көпшіліктің ортақ пікірі десек те болады. Шын мәнінде қоғам күндердің кү­нінде заңды белінен басып, қа­зынаның байлығын жымқырып, аузын айға білеген алпауыттардың маңдайы тасқа ұрылып, зауал келіп, қылмыстық әрекеттерінің әш­кер­леніп жататын жағдайын күтетін еді. Бәрін де көріп, естіп отыр қалың жұрт енді. Мемлекеттік тәртіпті қатаң сақ­таудың қажеттігі мен ел байлығын қоғам игілігіне жұмсауды қадағалау­дың өзіне де бетбұрыс жасалуда. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кесірі болып еді. Заң ал­дында адамдардың бәрі бірдей деген заң үстемдігін түпкілікті орнықтыру талап­тары жүзеге асуда. Қоғамда халықпен жүрген жол ғана қастерлі. Сол ғана таза қоғам болмақ. Бұл енді мемлекеттік тәр­тіпке бағындыру мен қоғамдық әділетті­лікке тік тұрудың айқын көрінісі. Қазақ елінің тағдыры мен жаңа Қа­зақстан мемлекетінің келешегі үшін жауап­кершілікті ұғындырған және әлем­дік өркениетте демокра­тиялық қадам­дарын діттеген саяси бағыт-бағдарды қол­даймыз. Бұл тұр­ғыда өзіміз мүшесі болып табы­латын, әрқашан қоғамдық-саяси үдеріс­тер­дің бел ортасында жүрген «AMANAT» партиясының саяси тұғыр­намасында өткеннен сабақ алып, бүгі­німізді әділ бағалап, бола­шағымызға бағдар жасайтын мезгіл жеткенін атап көр­сете отырып, «Біз азаматтары дәу­летті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақ­стан­ды көр­гіміз келеді. Тірегіміз – Тәуел­сіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!» делін­ген. Ел аманатын арқалаған жетекші саяси партия Қа­зақстанның бола­шағына бейжай қарамайтын барша азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі рефор­ма­ларын қолдауға, Әділетті Қазақ­стан құру идеясының төңірегіне бірігуге ша­қырады. Халық қалап, ашық қолдап отырған осы әділетті жолда бірге болайық!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты