Қазақстандықтарды біріктіретін үлкен ортақ құндылықтар бар. Ол – руханият пен идеология. Бұл ұғымдар ерекше. Рухани-адамгершілік және отансүйерлік тұрғыда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының жанды болуы бәрімізден бірлік пен ынтымақтастықты, елдік өзара ықпалдастықты талап етеді. Бұл жағдай қазіргі кезде бүкіл төрткүл дүние үстіне от көйлек киіп күйіп тұрғандай күйге түскенде тіптен маңызды. Халықтың санасында, көңілінің түкпірінде жатқан алаңдаушылықтың дені ұлттық тәлім-тәрбиеге, қоғамдық ой-сананы мейлінше тазалауға қатысты болып отырғанын сезінуге болады. Қоғамдық саясат әлемінде пікір алуандығының орнығуына, аға толқын мен бүгінгі жас буын арасында сабақтастықтың тығыз қалыптасуына нәр беретін тәрбие, мықты тәрбие аса қажетті іс болып тұр. Бұл қай ортада болмасын, әсіресе, өңірлерде болғанымызда өмір көрген, түйгені көп кісілердің тарапынан жиі айтылады. Данагөй, ақылды адамдар идеяны талқылайды, ал басқалары оқиғаны сөз етеді немесе адамдар туралы пікір айтысынан аспайды демекші, қоғамды ілгерілететін, ненің жақсы, ненің жаман екенін түсініп, ұғынуда ортақ елішілік ой қазанында бас қосу жағы кейде көпшіліктен гөрі жеке-жеке жағдайда көрініс табуда. Бұл назар аудартуға тиіс өзекті тәрбие мәселесі жергілікті атқару органдарының идеологиялық саласында әлі де жеріне жетіп, иі қанбай тұрған бір іс болып отырғанын ашық айтуға тура келеді. Мысалы, бір өңірде болатын жұртшылық жиналыстар мен түрлі кездесулерге қатысатын да, сонда сөз сөйлейтін де белгілі бір адамдар болып шығады. Рас, олар қоғамда белсенді кісілер, бұл қадамдарын іштей құптайсың, әлеуметшіл әдеп-әрекеттерін қолдайсың. Оның арғы жағында жергілікті жерде әр ауылдың беткеұстар, ұятқа қалдырмайтын тұлғаларына деген сенім бар екенін түсінуге болады. Қоғамдық кеңестің төрағасы не мүшесі, ардагерлер кеңесінің жетекшісі, кей жерде билер кеңесі деген қоғамдық ұйымдар бар, міне, осылай қайталана беретін үйреншікті дағдыға да өзгерістер керек. Оның қандай қиындығы бар? Жас ұрпақты осы бастан тәрбиелемесе, қалай, қашан тәрбиелейді? Жастар үйренуді білмесе, ертең өздері кімді үйрете алады? Жаңа, әділетті Қазақстан құрудың идеясы мен құндылығы-әділеттілікте екенін сөзбен емес, нақты іспен көрініс табуы тиіс екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстандық зиялы қауым тап бүгіндері жалпақ әлем тыпыршып тұрған кезеңде өткеннен сабақ алып, жаңа дәуірдің жүктейтін талаптары мен салмақты міндеттерін жүрегімен терең түсінуі керек-ақ. Бұл жөнінде қолға алатын тетіктер бар. Айталық, Батыс Қазақстан облысында тұрып жатқан көрнекті ақын, елімізге кеңінен танымал Ақұштап Бақтыгереева апайымыздың қазақ баспасөз беттерінде, ұлттық мәдениет, ұлттық мүдде, білімді ұрпақ және сабақтастықтың маңызды сипаттары жайында жазған өзекті мақалаларын қоғамдық ұйымдарда, жастар арасында талқылауға болар еді ғой. Идеологиялық тәрбие жұмыстары ертеден белгілі, биік рухы қуатты, дара, дана адамдардың ақыл-ойымен орнықты болмақ. Мемлекет басшысы еліміздің рухани орталығы Түркістан қаласында жастармен болған әңгімелесуінде адам қандай да сыннан жеңілмеуі үшін заманға лайық білім алып, терең білімге құштарлық, еңбекқорлық, күшті ізгілік құндылықтары болуы керек, мұның бәрі жастардың мінезінде болу қажеттігін, сол мақсатта жастарға жол ашудың басым саяси-әлеуметтік бағыт екенін ашық айтты. Білім жолына түскен жастардың алды ашық, табанды ұмтылыстары биіктерге жеткізетінін ұқтырды. Адамзатта қатігездік пен мейірімсіздік, зорлық-зомбылық атаулы етек алған жағдайда біздің жастардың бойында ұлттық сана, ұлттық сапа, ұлттық деңгей болуы керек. Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанда, тарихи бетбұрыс жасауға келгенде ұлттық сана-сезімді, рухты сақтап қалу – ұлт үшін үлкен мәселе. Ар-намысты көтеру жолында көптеген іс-әрекеттер жасалуда және ол тоқтаусыз жалғаса береді. Осы бағытта біз айналып келгенде өмірі әділдік іздеген, халқым деп қабырғасы қайысқан қоғамшыл қайраткер азаматтардың өнегелі істеріне жүгінеміз. Біз өз жағдайымызда аса қажетті, бәлкім, аса қиын мәселелерді бірлесе шешуге қабілетті тұлғалар ретінде қалыптасу әрқайсымыздың борышымыз болып табылады. Қазақстан Президентінің халыққа Үндеуі мен сөйлеген сөздерінен қоғамдық ой-сананың дамуы мен жеке адамның елдік мұратқа ұйыстыру саясатынан мейлінше халыққа деген сенім мен әділетті ту ететін қоғамға, мемлекеттің келешегіне деген ақ адалдықты көреміз. Біз ескі жүйеден алшақтап, мақтангерлік, даурықпа даңғазалықтан аулақ болуды да ойлап, қоғамды оятып, орнықтырып жатқанымызды біртіндеп сезіне бастадық. Ел тұтастығын сақтап, бірлікті бекемдеудің тура жолы – қоғамды тазартудан басталатын адалдық игіліктерін көзбен көріп, қолмен ұстауды жоғары бағалауға бет бұрдық. Жаңа Қазақстан құрудың тарихи мән-маңызын айтқанда, көп жыл бойы қордаланған кемшіліктер мен кедергілердің теріс әсерінен тезірек арылудың өзі қоғамдық ар-ұят пен азаматтық абырой-беделге сын деп білеміз. Бәрі де елдік тұрғыдан айтылуы керек. Жасыратын несі бар, өкінішке қарай, біздің қоғамда әуелі экономика, соңыра идеология деген бағыт-бағдар түпкі халықтық тәрбие мен мәдени ұғымдарға өз көлеңкесін түсірді. Мұндай ұстаным мен көзқарастың зардабы мен теріс қылықтарының ақыры адал адамдардың жігерін жасытты, құлқынқұмар пиғыл мен тойымсыз психологияның шегі жемқорлық пен қорқаулардың «жолын ашты» десек те болады. Олай болуына тағы да айтар болсақ, қоғамда жариялылық пен ашықтық белгілі бір озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттарды айналып өтіп жатқанын қарапайым адамдар да біліп жатты. Жоғары биліктегі шіренген шенеуніктер болса, жайлы өмірдің рахатын көріп, қызығына шомылып жатқан соң дүние-байлықтан шөміштеп алуды әлбетте, дағдыға айналдырды. Ұлттық құндылықтар ақылдың емес, арам ақшаның ұшына байланды. Сан жыл бойы тізбеленіп, жалғасын тауып келген қасірет-қауіптің қою бұлты мен сойқан салдары қайда апарып соққанын 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы көрсетті. Залалы мен зауалы бірдей ұйтқи соққан заман желіндей болды, ал жаппай реніш, ашу-ыза мен кек бірдей қоғамды қатты тітіркентті. Отанына опасыздық жасағандар мен ниеті бұзық қаскөйлер бейбіт өмірдің шырқын бұзды. Қосақтың арасында сондай сұмырайлардың кесірінен бейбіт адамдар да опат болды. Қаңтар сабақтары көп жыл даурықпа-даңғазаға ұласқан мақтангерлік пен жағымпаздықтың құйтырқылары және билік атаулының бір қолға шоғырлануының тиімсіз болғанын айғақтап берді. Егер Қ.Тоқаевтың биік өресі мен озық ойлы білім-біліктігі, жеке өзінің халықаралық деңгейдегі абырой-беделі болмағанда тәуелсіз елдің туы шайқалып, бей-берекетсіздік белең алып, астан-кестен дүние болар ма еді, кім білсін. Қазір ол айтуға ғана оңай. Сондықтан да бұдан былай мемлекетте түбегейлі өзгерістер қажет еді. Жұрт ұмыта қоймаған болар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылдан қоғамды шыншыл, мейлінше ашық, барынша әлеуметтік топтардың ой-пікірімен санасу, саяси реформалық бастамаларды қолға алуы сөз жоқ, әсіресе, қоғамдағы қарапайым еңбек адамдарының өзіндік көзқарастары мен ойлау жүйесіне бетбұрысты өзгерістер әкеле бастаған еді. Ұшқынды ұмтылыстар халықтың жүрегіне от жақты. Сең сөгіле бастады. Қит етсе, хит ән секілді, ескі әуенге әуестік секілді адамдардың топтасып, үн қатуына қарсы тұрып, басына әңгіртаяқ ойнатқан ескі жүйенің мұзын ертіп, семіп қалған түсінікті бұзды. Бұл ұсақ-түйек шешім емес, көптен бері баяны табылмай келе жатқан демократиялық талап болатын. Бейбіт митингіні әлеумет пен жұртшылық өкілдерінің жария өткізуге заң аясында ашық рұқсат етілді. Бұған ел Президентінің өркениетті даму жолын таңдауы мен қоғамға керекті нәрсені тереңінен түйсініп, сезінуінен себеп болғаны анық. Бұрынғыдан алғашқы айырмасының бастауында осы ой еркіндігін қастерлеп, ұлттық сапаға, ұлттық сананы оятуға деген соны талпыныс тұрды. Әрине, біз ұлттық мемлекеттігімізді белгілі бір дәрежеде қалпына келтірдік. Қазақстан мемлекетін әлем таныды. Өткен сол отыз жыл егемендік пен қазіргі 2022 жылдың қысы мен көктемінде, жазы мен күзінде атқарылған және атқарылуға тиісті ұлттық мемлекетті нығайту ісінің арасында орасан саяси жүйе өзгерістердің салмағы айқын сезілуде. Бүгінгі Қазақстан – әділеттілікті басты құндылық етіп, заң үстемдігін орнықтырып, мемлекеттік аппараттың өзін жаңартып, жаңғырту, саяси жүйені түбегейлі өзгертудің қат-қабат әрекеттері, конституциялық реформаны жүзеге асырудың мәртебелі қадамдары кезең-кезеңмен алға басуы қоғамды түрлендіріп, мазмұны халыққа тікелей байланысты болған соң бұқараның қолдауынан бастау алуда. Жаңа, әділетті Қазақстан құру идеясы мемлекет мәселесін білім мен мәдениетті дамытумен қарастыру өміршең десек, мен Президент ұсынған саяси реформалар мен түрлі жобаларды сыртқы ықпалға төтеп беруге және өзіміздің ұлттық бірегейлікті сақтап, мақсаттылық сипатқа негізделген бағыт-бағдар ретінде қабылдаймын. Бетбұрыс қадамдардың қай-қайсысы болмасын, әлеуметтік әділеттілік пен ой еркіндігіне кең жол ашатын жағдайда қолға алынса, реформатор буынның қалыптасуына, ретсіз нәрсенің бәрін кері ысырып, жаңашыл рух әкеледі. Жаңа Қазақстан жайында өңірлерде сайлаушылармен болған кездесулерде ашық пікірлесіп, ой қосамыз. Сондай бір жиында, шалғайда жатқан Мойынқұм да тұратын қарияның «Қарағым-ау, айтпса сөздің атасы өледі, демей ме, шындық керек халыққа. Осы ретте Президентіміздің қоғамды тазартудағы батыл шешіміне ризамыз. Ел байлығының тең жартысынан астамын 162 адам иелігінде екенін ашық айтқанын ерлік және нағыз адал басшының сөзі ғой!» деп ел дәулетін ту-талапайға салғандардың жолын кесіп, бәрін де заң алдында қатаң жауапкершілікке тарту мәселесіне зор мән берген бір ауыз сөзін көпшіліктің ортақ пікірі десек те болады. Шын мәнінде қоғам күндердің күнінде заңды белінен басып, қазынаның байлығын жымқырып, аузын айға білеген алпауыттардың маңдайы тасқа ұрылып, зауал келіп, қылмыстық әрекеттерінің әшкерленіп жататын жағдайын күтетін еді. Бәрін де көріп, естіп отыр қалың жұрт енді. Мемлекеттік тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттігі мен ел байлығын қоғам игілігіне жұмсауды қадағалаудың өзіне де бетбұрыс жасалуда. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кесірі болып еді. Заң алдында адамдардың бәрі бірдей деген заң үстемдігін түпкілікті орнықтыру талаптары жүзеге асуда. Қоғамда халықпен жүрген жол ғана қастерлі. Сол ғана таза қоғам болмақ. Бұл енді мемлекеттік тәртіпке бағындыру мен қоғамдық әділеттілікке тік тұрудың айқын көрінісі. Қазақ елінің тағдыры мен жаңа Қазақстан мемлекетінің келешегі үшін жауапкершілікті ұғындырған және әлемдік өркениетте демократиялық қадамдарын діттеген саяси бағыт-бағдарды қолдаймыз. Бұл тұрғыда өзіміз мүшесі болып табылатын, әрқашан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүрген «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жеткенін атап көрсете отырып, «Біз азаматтары дәулетті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақстанды көргіміз келеді. Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!» делінген. Ел аманатын арқалаған жетекші саяси партия Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын барша азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі реформаларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуге шақырады. Халық қалап, ашық қолдап отырған осы әділетті жолда бірге болайық!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты