Осыдан үш жыл бұрын, ел өнеркәсібінің ірі салаларының бірі мұнай-газ өнеркәсібінің даму жолындағы ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі мақсатында бірқатар ел ағалары бірігіп, өзара ұйымдасып, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысын жолға қойды. Бұл бірлестік жұмысы мұнай-газ кешені ардагерлерінің қызметін ұйымдастыру және көмек көрсету, сондай-ақ өнеркәсіптегі жас мамандардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, инновацияларды енгізуге, аға ұрпақтың телегей-теңіз тәжірибесін жас мамандарға үйрету мен мұнайды игерудегі қазақстандық сүрлеудің тарихын сақтауға бағытталған еді. Бүгінде сол әдепкі мақсат толықтай жүзеге асырылуда. Оған қоса әуелгі миссиямыздың аясы да кеңейіп, қазіргі кезде ұйымға мүше ардагерлер арасында оларды еңбек және шығармашылық қызметке тарту, салауатты өмір салтын ұстану насихатталуда. Экскурсиялар, сауықтыру және мәдени іс-шаралар, спорттық шаралар мен турнирлер ұйымдастыру арқылы олардың денсаулығын нығайту жұмыстары атқарылуда. Ең бастысы, аға буын мен кейінгі буынның сыйластық тіні, тәжірибе алмасуы бекіді. Қоғамымызда жастарға жұмыс табылмай жатқан кезде жасы келген мамандар неге орын бермейді деген пікір қалыптасқан. Біздіңше, бұл өте өрескел қате пікір. Әлеуметтің дұрыс бағытта дамуына, әсіресе, тәжірибе өте қажет салаларда «ересек» мамандардың орны өлшеусіз. Өйткені олар жүріп өткен жол мен сыни көзқарас, ең бастысы, тәжірибе жүзіндегі білім қоры құндырақ. Егер екі буын арасында байланыс тығыз болса, сол саланың жүйеге қойылуы, табыстылығы да арта түсетінінің дәлелін біз өз үлгімізде көрсете алдық деген ойдамыз. Жалпы қарт кісілерге, зейнеткерлерге байланысты елімізде жүргізіліп жатқан реформалар әлеуметтік сала мен зейнетақы жүйесіндегі құқықтарын қамтып отыр. Әлеуметтік құқықтық саланы реттеу мақсатында заңнамалық база құрылды, міндетті зейнетақы қорлары бірыңғай жинақтаушы қорға бірікті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де тәжірибеге енгізіліп жатыр, базалық зейнетақы өсірілуде. Алайда әлеуметтік белсенді азаматтарымыздың әлеуетін пайдалануға арналған шаралар өте аз, оның үстіне ардагерлер мен зейнеткерлермен жұмысты артық жүк көретіні тағы бар. Осы орайда қазақтың «қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақыл сөзі еске түседі. Біздің пайымымызда кез келген сала ардагерлерінің маңдай тері мен ұзақ жылдар бойы жасаған қызмет өтілі кейінгі жастардың іс-әрекетіне бағыт беріп қана қоймай, өмірлік тәжірибесі арқылы мемлекетке де тигізетін пайдасы орасан зор. Оған «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмысы дәлел бола алады. Қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – сала ардагерлеріне қолдау көрсету, мұнай және газ кешенінің жас буынын дайындауға көмектесу, жас қызметкерлерге тәжірибе беру мақсатында кездесулер ұйымдастыру, саланың инновациялық ғылыми зерттеулерді дамытуға және ілгерілетуге көмектесу. Мұндағы әр міндеттен бірлестік мүшелерінің мемлекетіміздің болашағына бей-жай қарамай, зейнет жасында болса да оның тұрақты әрі табысты дамуына қолғабыс тигізуге ұмтылатынын байқаймыз. Оған ресурс та жеткілікті. Ол ардагерлердің жылдар бойғы жинаған абыройлы қызметінің нәтижесі мен дағды-машықтары. Саланың қыр-сырына жастардың тісі батпаған кезде, көп жағдайда ардагерлердің тәжірибесінің үлкен көмегі тиіп жатады. Осылайша, бірлестік жас буын мен тәжірибесі мол ардагерлердің арасында сауатты диалог жүргізіп, байланыс орната алып отыр. Бүгінде кез келген қоғамда медицинаның және әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы себепті жас ұзақтығы артқаны мәлім. Бұл көптеген елдердің әлеуметтік саясатына үлкен күш болары анық. Өйткені қазіргі таңда көптеген елдің экономикалық бағыты мен ресурсы көп жағдайға жастарға ыңғай беретіні шындық. Дегенмен тәжірибесінің молдығымен ересек азаматтардың да жастармен бірге қоғамға тигізетін пайдасын ескерсек, болашақта ересектер әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін мұндай қоғамдық бірлестіктің маңызы жоғары екенін сеземіз. Оның үстіне, мемлекетке өзін маман ретінде пайдалы екенін білетін, ал мемлекет тарапынан қамқорлық сезінетін ардагерлер озық экономиканың негізін құрай алады. Олардың қатарында шығысазиялық мемлекет Жапония да бар. Жапонияның еңбек нарығындағы қарттар мен мүгедектерге қатысты мемлекеттік саясаты елдегі туу деңгейінің төмендеуі секілді халықтың қартаюы демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты. Жапон үкіметі жұмыс күшінің жетіспеушілігі проблемасын егде жастағы адамдардың жұмыспен қамтылуын арттыру арқылы шешуге тырысуда, әрине бұл ерікті түрде. Әлемдік рейтингте қарттар мен мүгедектердің жағдайын жасау бойынша сегізінші орында тұрған мемлекеттің дәл осы саясаты еңбек нарығындағы теңдікті ғана емес, әлеуметтік тұрғыда елдің тыныс-тіршілігін, көңіл-күйін реттестіріп отыруға үлкен септігін тигізіп отыр. Алайда бізді Жапониямен салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені экономикалық индикаторлар әр түрлі болғандықтан, көшіріп ала алмаймыз. Дегенмен бұл саяси модельдің түпкі идеясы еліміздегі жасы үлкен азаматтардың еңбекке қабілеттілігі, өмірге құштарлығы, қаржылық тұрғыдағы әлеуеттілігі ескерілмей, көп жағдайда санаттан тез шығарылып қалу проблемасын шешуге көмектесетін секілді. Әдетте руханият саласындағы азаматтардың еңбегі көпшілік аузында ескеріліп жатса, өндірістік, медициналық, қаржы және басқа да өнеркәсіптік салаларындағы еңбек ардагерлерінің ауызбіршілігінің жоқтығы немесе ұйымдастырылудың төмендігі – олардың әлеуетін жоқ деп тануға бірден-бір негіз береді. Осы тұрғыда қоғамдық бірлестік тарапынан ардагер мұнайшылардың қоғамға қажет екенін сезіндіруге бағытталған жұмыстар легі аз емес. Еліміздің марқасқа азаматтарының орны ерекше екенін білдіріп, үлкендерге ілтипат жасалуын орынды түрде насихаттау арқылы қоғамда әнші-бишілерді ғана емес, қарапайым еңбек адамының жоғары дәрежеде құрметтелуін көздедік. Бұл орайда, мақтанышпен айтар ұйымдастырылған шаралардың бірі ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №936 шешімін орындау мақсатында Бірлестік, Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамымен бірлесе отырып, NCOC, КПО және ТШО сияқты компаниялар кіретін «Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығын құру жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Бұл шара ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. «ҚМГ» ҰК АҚ инновациялық дамуына өз үлесін қосуға ниет білдіре отырып, жанынан Сарапшылар кеңесін құру туралы бастамамызды да ұлттық компания басшылығы қолдады. Оған Қазақстандық мұнай және газ кен орындарында үлкен тәжірибесі бар ардагер мұнайшыларымыз енгізілді. Бұл саладағы алғашқы ауқымды іс «Өзен» кен орнындағы қалыптасқан жағдайға талдау жасауға арналды. Осы мақсатта, Бірлестіктің бас директоры А.Тегісбаевтың жетекшілігімен, Х.Кусаев, А.Бердімұратов, А.Аққұлов және т.б. өз саласының үздік мамандары кен орнында болып қайтты. Іс сапар қортындысымен «Өзен» кен орны басшы мамандарының қатысуымен, екі жақты тиімді, келелі кеңес өткізілді, ардагер мұнайшылардың ұсыныстары қабылданды. Бүгінде бірлестікке мүше болғысы келетін ардагерлер қатары артуда. Олардың ішінде 20 ғылым докторы мен кандидаты, 30-дан астам ірі мұнай компанияларында басшылық қызмет атқарған, басқа да мұнайгаз саласын дамытуға үлкен үлес қосқан азаматтар бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл бізге қоғам қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі, ардагерлердің кәсіби және өмірлік тәжірибесін жастарға беру мақсатындағы жұмыстарымызды белсенді атқаруға септігін тигізіп отыр. Осылайша біз, ғылыми әрі тәжірибелік әлеуетімізді ескере отырып, тиісті министрліктер мен бөлімдерге, олардың ғылыми-техникалық комиссияларына, қоғамдық кеңес мүшелері қатарына ардагерлерімізді тарту туралы ұсыныс жолдаудамыз. Еліміздегі мұнай-газ бағытында білім беретін жоғары оқу орындарының Қамқоршылық кеңестері мен Директорлар кеңестерінің жұмысына атсалысуға «МГКА» РҚБ қызметкерлері мен мүшелерінің қатысуына байланысты жұмыстар жүргізілуде. Бұл жас маман даярлауда ардагерлер көрсеткісі келетін қамқорлықтың бір бөлігі ғана. Мұның арғы жағында бірлестік мүшелерінің атқарып жатқан қыруар еңбегі тұр. Ардагерлер мен жастар арасында көпір болып, сабақтастық жібін үзбеуге ұмтылу сауапты іс. Оған қоса, ардагерлеріміздің бос уақытын пайдалы өткізуге септесу, сол арқылы қоғамдық өмірге белсенді араластыру үлкен күшті қажет етеді. Мұнай-газ кешені ардагерлер институтын қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу мақсатында бірлестік өз міндеттерін одан әрі жоғары дәрежеде атқара бермек. Бұл белсенділігіміз еліміздегі басқа сала ардагерлеріне де жақсы үлгі болады деген ойдамыз.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, «Мұнайгаз кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы