Ностальгия нүктесін дөп басамыз – Мадияр Тойболды
Ностальгия нүктесін дөп басамыз – Мадияр Тойболды
603
оқылды
Ne Prosto Orchestra – елімізде фильм саундтректерін орын­дайтын тұңғыш тәуелсіз симфониялық оркестр. Құрамында 65 музыканттың басын қосқан ансамбль бес жылдан аса уақыт ішінде «Сақиналар әміршісі», «Тақтар ойыны», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Хәрри Поттер», «Сү­леймен сұлтан», «Аватар», «Наруто», Disney фильмдері се­кіл­ді кинотуындылардың ең танымал саундтректерін нәшіне кел­тіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп ке­леді. Жуырда оркестр дирижері Мадияр Тойболдымен жүз­десіп, табысты жобасы туралы аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. – Сіздер елімізде фильмдердің саундтректерін орындайтын тұңғыш оркестрсіздер. Оны құру туралы идея қашан және қалай туды? – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3-кур­сында оқып жүргенімде симфо­ниялық оркестрдің дирижері болып жұмыс істей бастадым. Өзім сияқты, тіпті, өзімнен де үлкен студенттерден тұратын ұжымға жетекшілік ету педагогтің жұмысымен пара-пар еді. Бірақ әдетте мұғалім алдында 10 шақты студент отырса, симфониялық оркестр құрамында 90-ға жуық адам бар болатын. Біз сол кездері November Music Fest фестивалі аясында, Павлодар, сондай-ақ Алматы әкім­дігімен бірлесіп те бірнеше табысты жобаны өмірге әкелдік. Алғашқы жылдың соңына қарай консерва­торияда жоспарланған барлық концертті бітірдік, оқу жылы аяқ­талғанша сәл-пәл бос уақытымыз қал­ған еді. Осы мүмкіндікті пайда­ланып, мен басшылықтан өзіміздің жеке концертімізді қоюға рұқсат сұрадым. Консерватория – оқу орны болғандықтан, онда академиялық музыкаға көбірек көңіл бөлінеді, ал біз фильмдердегі әуендерді орын­дағымыз келді, өйткені ол жұрт­шы­лыққа қызық. Кинотеатрдан шыққан соң адамдар саундтректерді арнайы жүктеп алып, тыңдайды емес пе?! Қазақстанда да мұндай сұраныс бар, соның арқасында Ne Prosto Orchestra пайда болды. Оқуды бітірерге таман өзіміздің тұрақты ұжымымызды жинап, оны коммерциялық пайда әкелетіндей етіп ұйымдастыруды ойластырдым. Бұл арманыма 2017 жылғы 17 қа­ра­ша­да жеттім: Алматыдағы «Қазақ­кон­церт­тің» 450 орындық залында біз тұң­­ғыш рет екі күн бойы өнер көрсеттік. – Алғашқы концерттеріңіз есіңіз­де ме? Қалай өтіп еді? – Біз алғашқы концертімізді сол жылдары аты дүрілдеп тұрған «Са­қиналар әміршісі» мен «Тақтар ойыны» сериалдарындағы саунд­тректерге арнадық. Біздің өнерімізге риза болған жұрт тағы бір концерт қоюымызды өтінді. Біз тәуекелге бел буып, 9 желтоқсанда үшінші рет қой­дық. Үш концертте де билеттер түгел сатылып кетті. Біздің таңданысы­мызда шек болмады, ол кезде бәріміз де үлкен өмірге енді-енді қадам басып келе жатқан, бұрын-соңды коммерциялық қызметпен айналы­сып көрмеген студенттер едік. Ал­ғашқы концерттің ең қымбат би­леттері шамамен 7 жарым мың тең­гедей болатын, мұны көрген музы­канттар күмәнданып: «Сатып алар ма екен?» десті. Мен бізде басқа амал жоқ екенін, егер сатып алмаса, оларға төлейтін бірде-бір тиыным жоғын айттым. Расында, біздегі классикалық музыка орындаушылары үшін сим­фониялық оркестр концертіне ақша төлеп кіру көз үйренбеген құбылыс еді. Скрипка, виолончель, тром­бон­ды тыңдауға кім келе қояр дейсің?! Менің музыканттарым да солай ойлаған. Біз барлық шығармашылық және ұйымдастырушылық жұмыс­тарды бір ғана энтузаизмнің арқа­сында алып шықтық. Бастапқыда ешқандай бюджетіміз де, демеу­ші­леріміз де болмады. Алғашқы кон­цертімізде, тіпті өз ақшамызға залға қосымша орындықтар мен пюпитр­лер сатып алдық. Мені бәрінен бұ­рын сол кездегі адам сенгісіз ажиотаж таңғалдырды – біздің алғашқы үш концертіміз де аншлагпен өтті. Бізді жалпы саны екі мыңдай адам тың­дады, оның көбі жасөспірімдер мен жастар болды. – Жастарды симфониялық оркестрдің концертіне қызықтыру оңай емес. Дегенмен сіздердің кон­церт­те үнемі аншлаг және бір қуантатыны, баратындардың көбі жастар. Мұның құпиясы неде? – Біз ойнайтын музыкада (кү­ліп). Кино – бұқаралық өнердің бірі. Мейлі мультфильм, мейлі аниме, мейлі сериалдар, үлкен кино­кар­ти­налар болсын, әрбіріміздің өмі­рімізде ол бар. Бюджеті 50 млн дол­лардан асатын Голливуд блокбас­терлерінде үнемі симфониялық ор­кестр орындайтын саундтрек бо­лады. Мысалы, тарихтағы алғашқы блокбастер саналатын Стивен Спил­бергтің «Челюсти» фильміндегі бас­ты музыканы Джон Уильямс жазған. Кино көрерменге қаншалықты жақын болса, саундтрек те сонша­лықты таныс. Жастардың жүрегіне жол табуымыздың кілті де осы болған шығар. – Концерттерге тақырыптарды қалай таңдайсыздар? Репертуар қа­лай құрылады? – Біз концерттен соң әлеуметтік желідегі пікірлерді міндетті түрде оқимыз. Онда жұртшылық не тың­дағылары келетінін жазып отырады. Шынымды айтсам, осы бес жылда біз репертуар бойынша тым алысқа ұза­мадық. Жұрттың жүрегіндегі ки­но­туындыларды ғана қамтыдық: «Сақи­налар әміршісі», «Тақтар ойы­ны», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңі­зінің қарақшылары», «Хәрри Поттер», «Сүлеймен сұлтан», «Ава­тар», «Наруто», Disney фильмдері – бас-аяғы 30 шақты тақырып таңдаппыз. Ne Prosto Orchestra Меніңше, концерт залында му­зыканы орындаған кезде біз әркез «ностальгия нүктесін» дөп басатын тәріздіміз. Бұл – тыңдарманға көл-көсір эмоция сыйлауға мүмкіндік беретін үлкен «қармақ». Өткен шақ­қа оралғысы келу, сол кез туралы пайымдау кез келген адамға тән. Сондықтан ностальгияны да бағана қойған сұрағыңыздың тағы бір жауабы ретінде айтуға болады. – Саундтректердің кәдімгі сим­фониялық оркестрлер орындайтын классикалық музыкадан қандай айыр­машылығы бар? – Классикалық музыка әуелден тек симфониялық орындауға лайық­талып жазылады, онда ешқандай визуалдың қажеті жоқ. Адам әуенді естіп отырып, керек жерлерін ойша толықтырады. Қысқасы, классика­лық әуеннің өзі – толық туынды, оны түсіну, дамыту – әр адамның өз шаруасы. Ал киноның музыкасын осындай тұтас дүние деу қиын. Көбіне саундтректі естіп отырғанда міндетті түрде көз алдыңда видеолар шығуы керек. Әуен мен бейненің пропорциясы – 50/50, кейде хоррор фильмдерде 20/80 болады. Композитор Джон Уильямсқа бір кездері Джордж Лукастың былай дегені бар: «Жұлдыздар соғысы» жеткен табыстың көп бөлігі му­зыкаға тиесілі». Бүгінде біз әлгі саунд­трек­терді фильмнен «жұлып» алып та тыңдай береміз. Тіпті, әлгі фильмді ешқашан көрмеген кісінің өзі сауд­тректі біртұтас көркем туынды ре­тінде қабылдайды. Мұ­ның бәрі, әри­не, тыңдарманның дайынды­ғы­на, әуеннің бэкграундын қаншалық­ты жақсы білетініне де байланысты. – Танымал саундтректерді ор­кестрге бейімдеуде қандай қиын­дықтар туады? – Саундтректерді оркестрге бейімдеумен бізде аранжировка жасаушы мамандар айналысады. Кейбір саундтректер белгілі бір орын­даушылар құрамына лайық­талып қана жазылады, біз үлкен залдарда өнер көрсететініміз себепті, дыбыстың ауқымын кеңейтіп, бе­йім­деуге тура келеді. Композитор фильм музыкасын жазған соң ол цифрлық өңдеуден өтеді. Ал біз бәрін жанды түрде орындаймыз ғой. Сондықтан концерт барысында фильм монтажы кезінде енгізілген барлық тембр мен масштабтарды дәл беруге тырысамыз. Жұмыс оңай емес: композитор нені меңзегенін, қандай музыкалық амалдарды пайдаланғанын жақсы біліп, түсіну алу қажет. – «Сақиналар әміршісі» трилогия­сының авторы Толкин өзінің шығар­маларына арнап квенья және синдарин сияқты жиырмадан астам жасанды тіл ойлап тапқанын жұрт жақсы білер. Оркестр хоры тіпті сол тілдердегі мәтінді де әуенге қосты. Оны үйрену қиын болмады ма? – Иә, шынымен де хорға арнал­ған кейбір мәтіндер эльфтердің ті­лінде жазылған. Біз олардың латын әліпбиіндегі транскрипциясын тауып алып, хорға қостық. Біздің хор орындаушылар ұзақ дайындалып, оны дұрыс дыбыстауды меңгерді. Нәтижесі өте тамаша болып шықты. Шамасы, Қазақстанда әлі мұны ешкім де істемеген болса керек. – Саундтректерді коммерциялық мақсатта пайдаланғандарыңыз үшін оның авторларына роялти төлейсіздер ме? – Біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, қазақстандық авторлар қауымдас­тығына жүгіндік. Олар әлгі туынды­лардың құқық иелерімен хабарласып, келісімшартқа отырған. Енді біз роялти есебінде әр концерттен түс­кен қаражаттың 4 пайызын құқық иелеріне төлеп отырамыз. – Әңгімеңізге рақмет! Шығар­машылық табыс тілейміз.