Ne Prosto Orchestra – елімізде фильм саундтректерін орындайтын тұңғыш тәуелсіз симфониялық оркестр. Құрамында 65 музыканттың басын қосқан ансамбль бес жылдан аса уақыт ішінде «Сақиналар әміршісі», «Тақтар ойыны», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Хәрри Поттер», «Сүлеймен сұлтан», «Аватар», «Наруто», Disney фильмдері секілді кинотуындылардың ең танымал саундтректерін нәшіне келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жуырда оркестр дирижері Мадияр Тойболдымен жүздесіп, табысты жобасы туралы аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
– Сіздер елімізде фильмдердің саундтректерін орындайтын тұңғыш оркестрсіздер. Оны құру туралы идея қашан және қалай туды?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3-курсында оқып жүргенімде симфониялық оркестрдің дирижері болып жұмыс істей бастадым. Өзім сияқты, тіпті, өзімнен де үлкен студенттерден тұратын ұжымға жетекшілік ету педагогтің жұмысымен пара-пар еді. Бірақ әдетте мұғалім алдында 10 шақты студент отырса, симфониялық оркестр құрамында 90-ға жуық адам бар болатын. Біз сол кездері November Music Fest фестивалі аясында, Павлодар, сондай-ақ Алматы әкімдігімен бірлесіп те бірнеше табысты жобаны өмірге әкелдік. Алғашқы жылдың соңына қарай консерваторияда жоспарланған барлық концертті бітірдік, оқу жылы аяқталғанша сәл-пәл бос уақытымыз қалған еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен басшылықтан өзіміздің жеке концертімізді қоюға рұқсат сұрадым. Консерватория – оқу орны болғандықтан, онда академиялық музыкаға көбірек көңіл бөлінеді, ал біз фильмдердегі әуендерді орындағымыз келді, өйткені ол жұртшылыққа қызық. Кинотеатрдан шыққан соң адамдар саундтректерді арнайы жүктеп алып, тыңдайды емес пе?! Қазақстанда да мұндай сұраныс бар, соның арқасында Ne Prosto Orchestra пайда болды.
Оқуды бітірерге таман өзіміздің тұрақты ұжымымызды жинап, оны коммерциялық пайда әкелетіндей етіп ұйымдастыруды ойластырдым. Бұл арманыма 2017 жылғы 17 қарашада жеттім: Алматыдағы «Қазақконцерттің» 450 орындық залында біз тұңғыш рет екі күн бойы өнер көрсеттік.
– Алғашқы концерттеріңіз есіңізде ме? Қалай өтіп еді?
– Біз алғашқы концертімізді сол жылдары аты дүрілдеп тұрған «Сақиналар әміршісі» мен «Тақтар ойыны» сериалдарындағы саундтректерге арнадық. Біздің өнерімізге риза болған жұрт тағы бір концерт қоюымызды өтінді. Біз тәуекелге бел буып, 9 желтоқсанда үшінші рет қойдық. Үш концертте де билеттер түгел сатылып кетті. Біздің таңданысымызда шек болмады, ол кезде бәріміз де үлкен өмірге енді-енді қадам басып келе жатқан, бұрын-соңды коммерциялық қызметпен айналысып көрмеген студенттер едік. Алғашқы концерттің ең қымбат билеттері шамамен 7 жарым мың теңгедей болатын, мұны көрген музыканттар күмәнданып: «Сатып алар ма екен?» десті. Мен бізде басқа амал жоқ екенін, егер сатып алмаса, оларға төлейтін бірде-бір тиыным жоғын айттым.
Расында, біздегі классикалық музыка орындаушылары үшін симфониялық оркестр концертіне ақша төлеп кіру көз үйренбеген құбылыс еді. Скрипка, виолончель, тромбонды тыңдауға кім келе қояр дейсің?! Менің музыканттарым да солай ойлаған.
Біз барлық шығармашылық және ұйымдастырушылық жұмыстарды бір ғана энтузаизмнің арқасында алып шықтық. Бастапқыда ешқандай бюджетіміз де, демеушілеріміз де болмады. Алғашқы концертімізде, тіпті өз ақшамызға залға қосымша орындықтар мен пюпитрлер сатып алдық. Мені бәрінен бұрын сол кездегі адам сенгісіз ажиотаж таңғалдырды – біздің алғашқы үш концертіміз де аншлагпен өтті. Бізді жалпы саны екі мыңдай адам тыңдады, оның көбі жасөспірімдер мен жастар болды.
– Жастарды симфониялық оркестрдің концертіне қызықтыру оңай емес. Дегенмен сіздердің концертте үнемі аншлаг және бір қуантатыны, баратындардың көбі жастар. Мұның құпиясы неде?
– Біз ойнайтын музыкада (күліп). Кино – бұқаралық өнердің бірі. Мейлі мультфильм, мейлі аниме, мейлі сериалдар, үлкен кинокартиналар болсын, әрбіріміздің өмірімізде ол бар. Бюджеті 50 млн доллардан асатын Голливуд блокбастерлерінде үнемі симфониялық оркестр орындайтын саундтрек болады. Мысалы, тарихтағы алғашқы блокбастер саналатын Стивен Спилбергтің «Челюсти» фильміндегі басты музыканы Джон Уильямс жазған.
Кино көрерменге қаншалықты жақын болса, саундтрек те соншалықты таныс. Жастардың жүрегіне жол табуымыздың кілті де осы болған шығар.
– Концерттерге тақырыптарды қалай таңдайсыздар? Репертуар қалай құрылады?
– Біз концерттен соң әлеуметтік желідегі пікірлерді міндетті түрде оқимыз. Онда жұртшылық не тыңдағылары келетінін жазып отырады. Шынымды айтсам, осы бес жылда біз репертуар бойынша тым алысқа ұзамадық. Жұрттың жүрегіндегі кинотуындыларды ғана қамтыдық: «Сақиналар әміршісі», «Тақтар ойыны», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Хәрри Поттер», «Сүлеймен сұлтан», «Аватар», «Наруто», Disney фильмдері – бас-аяғы 30 шақты тақырып таңдаппыз.