Ол бүгін тағы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Мазасызданғаны – құрама Әлем чемпионатының алғашқы ойынында Сауд Арабиясынан жеңілді. Месси сол матчтан соң өзін жайсыз сезінген-ді. Себебі күллі Аргентина артқан сенімді осы жолы ақтамаса бәрі бекер. Арманға бастар ұзақ жол Ойына бірден ұлттық құраманың негізгі құрамына тап болған кезі түсті. Сондағысы алаңға шыққасын екі минут өтер-өтпестен қызыл қағаз алған. Он сегіздегі жас қыранға бұл сәт ауыр тиген-ді. Арада он жеті жыл өткесін Аргентина сапындағы соңғы әлем чемпионаты тұсында топтан шыға алмаса, атағына сын. Атағына дейміз-ау, ұлт алдындағы берешегі дегеніміз дұрыс болар. Себебі альбиселестаның Мессиден күтері көп. Сол үшін Катарда барынша еркін көсілуге бекінген. Бірақ мына жағдайдың қайда бастап барары белгісіз. БАӘ-ге табаны тиген сәтке дейін Аргентинаны фаворит санағандар көп. Енді бір сәтте ортаңқол командаға айналып шыға келді. Не де болса мәселені ертең командамен түскі аста талқылауды жөн көрді. Аргентина құрамасы өзіне берілген бесжұлдызды қонақүйден бас тартып, Катар университеті кампусына орналасқан. Мұнда он мың жанкүйерге арналған футбол алаңы, жаттығу залы мен кең алаңқай бар. Себебі альбиселеста басшылығы кең жерде барбекю жасап, асадо жеуді қалаған. Сол үшін Латын Америкасынан бір тоннаға жуық ет әкелгені тағы бар. Бас бапкер Скалони да бұл жігіттердің өзін туған жерде жүргендей сезініп, құнарлы астан дәм татуына септігі тиетінін айтқан. Содан ба, бүгін түсте тағы да қақталған еттің иісі шығып жатыр.
...Үстел басында сөз алған Лео команданың еңсесін көтергісі келеді-ақ. «Бәрің білесіңдер, бұл Ди Мария екеуміз қатысатын соңғы әлем чемпионаты. Отамендиді қоспаған себебім ол қорғаушы ретінде қырыққа келсе де ойнаса болады. Айтпағым, Аргентина жұрты осы мундиальдың біздікі екеніне барынша сенеді. Мұны әр ойын сайын байқап жүрсіңдер. Әрі бұл – менің де, сенің де, оның да арманы. Копа Америкаға да оңайшылықпен жетпедік. Сондықтан осы жолы альбиселестаның күшін көрсетейік. Бізді қолдауға келген жақындарымыз бен жанкүйерлерді жерге қаратпайық. Бұл кубок біздікі болатынына сенемін», – деді ол.Жұлып алғандай Де Пауль да «Лео, екі ай бұрын жолдастық кездесуде бөлмеңе хат қалдырып едім. Сонда әлем кубогын жеңетінімізді жазғанмын. Ал менің айтқаным келеді» деп жұртты бір күлдіріп алды. Осыдан кейін олар алдағы Польша мен Мексикаға қарсы кездесу жайын талқылады. Күткен күн жетіп, Мексикамен матч басталған. Месси Аргентина жанкүйерлері жайғасқан трибунадан әлдекімді іздейтіндей. Бір сәт жүзіне күлкі үйірілді. Жары Антонелла үш ұлын ертіп, ойын тамашалауға келген екен. Алғашында Катар ыстық болғаннан балаларды плей-оффқа өтіп жатса, ертіп келетін болып келіскен. Алайда осы жолы да Рокуццо ақылмен шешім қабылдап, Мессиге қолдау керек екенін түсінгендей. Әрі оның жанында Ди Марияның да әйелі мен қыздары отыр. Тьягоның қол бұлғап, Матеоның «бүгін не істей аласың?» деп сұрай қараған жанары Лионельге шабыт бергендей. Алаңды барлай қарап, командаға әлдене айтқысы келгендей жүгіре басып жігіттерге жетті.
Көрген түстей болған Катарға «саяхат» аяқталуға жақын. Финалда Аргентина Францияға қарсылас атанды. Бірден ойыншылардың есіне Ресейде өткен мундиальдың плей-офф кезеңінде француздарға жол бергені түсті. Оның үстіне, олардың биыл қарқыны бөлек. Мбаппелер «кім бар кәне?» деп жүргендей. Ас ішіп, финалды талқылап отырғанда Месси сөз алды. «Мойындау керек, финалда біздің жеңіске жетерімізге ешкім кепілдік бермейді. Бірақ осыншама жолды жүріп өттік. Біріңнің қызың, біріңнің ұлың дүниеге келді. Оларды құшақтап, иіскеудің орнына ел кезіп, доп ойнап жүрдік. Не үшін? Аргентина артқан сенімді ақтау үшін. Байқасаңдар, бізбен еріп келген қарапайым жұмысшыға дейін барын салып жүр. Хорватиямен ойыннан соң жанкүйерлер қалай масаттанды? Кеудесінде кубок біздікі болады деген сенім оты маздай түсті. Сол жалынды сөндіріп алмайық, жігіттер. Мұндай мүмкіндік келе бермейді. Бәріміздің ұл-қызымыз осында жүр. Соларға ерекше естелік сыйлап, Аргентина жұртының арманын орындайықшы», – деді ол....Франция жігіттері де ірі денелі, шетінен шапшаң. Бірақ бұл альбиселестені үркіткен жоқ. Себебі Нидерландтан алған тәжірибе бар. Десе дегендей, Аргентина допты өзінде ұстап, көпке дейін есепте алда тұрды. Жанкүйерлер де мундиальды бір қолымен ұстап тұрғанына сеніп үлгерген. Бір сәтте құйын-перідей қимылдаған Мбаппе есепті қысқартты. Өң мен түстің арасында есеп еселенді. Месси де жас жүйріктің мұнысына іштей таңғалған. Жағдай тура ширек финалдағы ойынды еске түсірді. Бірақ ешкімнің пенальтеге таласқысы жоқ. Себебі футбол лотереясы кімнің жағында боларын ешкім білмейді. Сондықтан овер таймда гол соғу – міндет. Алаңда тың шыққан Лаутаро екі мүмкіндікті жіберіп алды. Лионель бір сәт алаңда Игуаинның көлеңкесін көргендей күй кешті. Бар қауқарды жинап өзі гол соқпаса болмайтындай. Әдетіне басып, төрт-бес қорғаушыны жанына үйіріп алды. Сөйтіп жүргенде доп та менмұндалағандай аяғына дәл келіп, қақпаға тоғытты. Бір үміт. Бірақ ойын әрмен қарай жалғасты. Францияның екінші тынысы ашылғандай, қарқыны алапат. Мбаппеде Мессиге «үздік ойыншы сен бе едің?» дегендей үшінші голын соғып кетті. Алаңда қияң кескі ұрыс жүріп жатқандай. Франция қауіпті шабуылды үдеткен үстіне үдете түсті. Овер тайм аяқталуға жақын қалғандағы соққысы Аргентина жанкүйерлерін тік тұрғызды. Қақпашы Мартинес шеберлік танытпағанда, Франция қатарынан екінші рет әлем чемпионы атанар еді. Бірақ... Бірақ тарих Аргентинаның үшінші рет әлем чемпионы болғанын күткен екен. Ойын пенальтиге жалғасты. Мартинес те, Льорис те сақ қимылдайды. Қос құрама ойыншылары пенальтиді төпелеткен үстіне төпелетіп жатыр. Кезек Команға келгенде француз мүлт кетті. Трибунадағы жұрт тік тұрды. Парадес болса салқынқанды соққы жасап, мүмкіндігін жібермеді. Чуамени бағыттаған доп қақпадан қиыс кеткенде күллі стадион дүр сілкінді. Енді Монтиель қателеспесе, Аргентина тойлауды бастайды. Айтқандай, оның соққысы қақпаға дәл тигенін көрген Месси газонға құлай кетті. Көзін жұмды да, терең тыныс алды. Арқасынан жүк түскендей. Жан-жағындағы у-шуды естіген жоқ. Ішінен «Әже, сенің және Аргентинаның үмітін ақтадым» деп күбірледі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ