Телефон «террористеріне» тоқтам жоқ
Телефон «террористеріне» тоқтам жоқ
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
616
оқылды
Бүгінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат беру еріккеннің ермегіне айналғандай. Мұндай әрекет заңмен қатаң қудаланатыны құзырлы ор­гандар тарапынан ескертілсе де, террорлық акт жайлы хабарлама тара­ту­шылардың саны азаяр емес. Күні кеше ғана Тараз қаласындағы психикалық денсаулық орталығының ғимаратын «жармақ» болған тағы бір азамат ұс­талды. «Жындыханадағы» жарылыс Жалпы оқиға желісіне тоқталсақ, «102» те­тігіне облыстық психикалық денсаулық ор­­талығының ғимаратына жарылғыш құ­рыл­ғы қойылғаны туралы хабарлама ке­ліп түскен. Аталған мекенжайға жедел жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеру нәтижесінде жарылғыш зат тап­па­ған. Алайда іздестіру шараларын жүргізу ба­рысында тәртіп сақшылары осы ме­ке­меде мәжбүрлі түрде емделіп жатқан облыс ор­талығының 21 жастағы тұрғынын анық­таған. Тергеу барысында күдікті жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат та­рату арқылы орталықтан қашуды жос­пар­лағанын айтқан. Осылайша, тұр­ғын­дардың үрейін алған азамат Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрі­неу жалған хабарлама) сотқа дейінгі уа­қыт­ша ұстау изоляторына қамалып отыр. Оқу орнын жармақ болған кім? Бұл – Жамбыл облысындағы жалғыз жағ­дай емес. Былтыр Тараз қа­ласындағы «Жамбыл политехникалық жо­ғары коллед­жіне жарылғыш зат қойыл­ды» деген ақпар тараздықтарды шулатты. Оқу орнын тәртіп сақшылары қоршауға ал­ғанын естіген ата-аналар балаларының аман­дығын білуге асықты. Алайда арнайы ма­мандардың тексерісінен кейін білім орда­сынан жарыл­ғыш зат табылмады. Бұл жө­нінде облыстық полиция департамен­ті­нің баспасөз қызметі ресми мәлімдеді. Әрине, жарылғыш заттың табылмағаны қуантады. Алайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Телеграм» чатына белгі­сіз нөмірден мынадай мәтінде хабар­ла­ма келіп түскен: «Во всех корпусах кол­лед­жа есть заложенная мною ВЗРЫВ­ЧАТ­КА. Детонация – ровно через час. Ваши со­баки вам не помогут. Тик-так, у вас мало вре­мени...». Байқап тұрсаңыз, үрей тудыратын ха­бар­лама. Ал, ең қорқыныштысы, ертесіне оқу орнының оқытушылары мен студент­тері тағы қауіпсіз жерге шығарылды. Оқу ор­нының «Telegram»-дағы ресми парақ­ша­сына келген анонимді хат мәтінінде білім ор­дасының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесінің бойындағы ғимараттарына бомба қойылғаны жазылған. Оқиға орнына полиция департаментінің жеке құрамы, са­перлер, кинологтар, ТЖД қызметі мен дәрі­герлер жедел жеткен. 1700 студент пен кол­ледж қызметкерлері жедел эвакуация­ланған. Алайда колледждің корпустарынан жарылғыш зат табылмады. Осылайша, белгісіз біреулер екі күн бойы тәртіп сақшылары мен оқу орнының ма­засын қашырды. Бұлай істеу кімге керек бол­ғаны белгісіз. Және құзырлы органдар жал­ған ақпарат таратушыны әлі күнге таба ал­май жатқаны да түсініксіз. Қалалық сотқа граната алып кірді Былтыр Тараз қаласындағы сот ғи­маратын шаһар тұрғыны жармақшы бо­лып, тағы дүрбелең туған. Қалалық соттың алды қоршауға алынып, арнайы жасақтың сарбаздары көлік қозғалысын тоқтатты. Мұн­дай көріністі көрген көпшілік 2011 жыл­ғы терактіні еске алды. Алайда облыс­тық полиция департаменті жағдай бақы­лау­ға алынғанын хабарлады. «5 қараша күні сағат 09.10-да облыстық поли­ция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіреберісінде бел­гісіз азамат граната жарылғыш затын жар­мақшы болып жатқаны туралы хабар­лама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жет­кен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұр­­­­­ғынын ұстады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек, ұсталған күдікті ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тір­кеуде тұрғаны белгілі болды», – деді де­пар­таменттің баспасөз қызметі. Осылайша, ақыл-есі кем ретінде тір­кеуде тұрған екінші азамат облыс орта­лы­ғында «жарылыс» ұйымдастырмақ болды. Мұғалім мектепке бомба қойды Бұл аз десеңіз, Шу ауданында мектеп мұ­ға­лімі ашық сабағын өткізбеу үшін «бі­лім ордасында бомба бар» деп жұрттың «жа­ғасын» ұстатты. Ұстаз ашық сабаққа дайын бол­мағандықтан, «мектепте бомба бар» деп по­лицияға хабар берген. Мектеп бас­шы­лығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр бо­лып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Ең қы­зығы, жалған хабар берген мұғалім ба­ла­ларды эвакуациялауға көмек беріп жүр­ген. Жалпы жас мұғалім басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бі­рақ оған еш дайындықсыз келген соң, са­бақты тоқтату үшін осындай сұмдық қу­лыққа барған. Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құры­лым­дары жедел жетіп, ұстаздар мен оқу­шы­ларды дереу далаға шығарып, ғимаратты тін­тіп шыққан. Алайда күдікті ешқандай зат табылмаған. Есесіне, жалған мәлімет бер­ген ұстаз жылдам анықталған. Ол мек­теп­тің 25 жастағы жас маманы болып шық­ты. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қыз­ме­тінен қуылып, «қылжақбастың» үстінен қыл­мыстық іс қозғалды. Гродиково ауылындағы «лаңкестік» Өңір тұрғындарының үрейін алған тағы бір оқиға Жамбыл ауданына қарасты Гро­диково ауылындағы орта мектепте болған. Мұнда да белгісіз адам білім ордасына жарыл­ғыш зат қойылғаны туралы жалған ақ­парат таратқан. Оқиға орнына жедел жеткен маман­дар­дың жүргізген арнайы іс-шарасы бары­сын­да жарылғыш зат табылмаған. Төтенше оқиғаның алдын алуға ҚР ТЖМ Жамбыл облыстық төтенше жағдай­лар департаменті жеке құрамының 30 ма­ма­н­ы мен 9 техникасы жұмылдырылған. Меркі шипажайынан шыққан шу Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпа­рат Меркі шипажайынан да шыққан. Тараз қалалық ПБ-ның Жедел бақылау орта­лы­ғы­на белгісіз адам 33 жастағы тұрғын Мер­кі шипажайына сөмкесіне жарылғыш зат салып апара жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен аудандық по­лицейлер тексеріс барысында ешқандай жа­рылғыш зат пен күдіктіні анықтамаған. Меркі аудандық ПБ және ҰҚК қыз­мет­керлерiнiң жедел iздестiру шаралары нә­тижесінде жалған ақпарат берген 41 жас­та­ғы тараздық тұрғын ұсталған. Күдікті кі­нәсін толық мойындап, аудандық уақыт­ша ұстау изоляторына қамалған. Жамбыл облыстық полиция депар­та­менті бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық ко­декстiң 273-бабы (Терроризм актiсi тура­лы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша іс қоз­ғады.   P.S:
Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, былтыр терроризм ак­тісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін 8 азаматтың үстінен қылмыстық іс қол­ғалған екен. 5 күдікті сот шешімімен 2 жыл­ға бас бостандығынан айырылса, 3 дерек бойын­ша тергеп тексеру жұмыстары әлі жүр­гізілуде. Ал өткен жылы дәл осындай 7 фак­ті тіркеліпті. 6 адам жауапкершілікке тар­тылып, бір іс өндірістен қысқартылған. Бай­қап тұрсаңыздар, жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беру Жамбылда теріс үрдіске айналып барады. Бір хабарламаның анық-қанығын тексеру үшін жүздеген маман жұмылдырылып, мыңдаған адам эва­куацияланып жатса, бұл қазына қаржысына үлкен шығын. Сондықтан жалған ақпарат таратушыларға тоқтам салу үшін заң жо­ба­сын қатаңдату керек сияқты. Бәлкім, сонда ойнап жүріп от басуға болатынын тұрғындар түсінетін шығар...

Жамбыл облысы