Түркістанда жұмыссыздықты жою жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Түркістанда жұмыссыздықты жою жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Түркістан облысындағы тағы бір маңызды мәселе – жұмыс орындарының жоқтығы, халықтың табысының төмендігі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында өңірде жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі тіркелді – 5,2%. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артық. Сондықтан жергілікті әкімдік бар күш-жігерін жеке кәсіпкерлікті қолдауға, инвестиция тартуға, жаңа ауқымды өндірістерге қолайлы жағдай жасауға бағыттауда. Бұған Түлкібас ауданындағы 1 000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-ның инженерлік жүйесінің құрылысы жарқын мысал бола алады. Зауытта сумен, газбен, электрмен қамту бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс барысын Түркістан облысы әкімінің өзі аралап көрді. Кәсіпорын жеке инвестордың қаражатына салынып жатыр. Дархан Сатыбалды жобаны қолдап, отандық өнім түрлерін көбейтуді тапсырды. Дайын шикізатты қайта өңдеу және дайын өнім шығару бойынша өндірісті дамыту мәселесі де маңызды екенін атап өтті. Аймақ басшысы осы маңнан индустриялық аймақ салу мәселесіне тоқталды. Жоба 2024 жылдың маусым айында аяқталады деп күтіліп отыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 100 мың тонна күйдіргіш сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 миллион тонна цемент өндіретін болады. Жобаның жалпы құны 122 миллиард 850 миллион теңгені құрайды. Өңір басшысы Түлкібас ауданындағы «Қас-Бетон» ЖШС жұмысымен  танысты. 2008 жылы іске қосылған зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Мұнда әктас өндіріледі. Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвесторлармен жұмысты күшейтіп, өндіріс көлемін арттыруды міндеттеді. Ол кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымын құруды басты назарда ұстау керегін атап өтті. Бұл мәселе облыс тарапынан әрқашан қолдау табады. Бұдан кейін әкім Сайрам ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кәсіпкерлікті дамыту жөнінде пікір алмасты.

«Біз орталықтан түсетін бюджет қаражатына емес, кәсіпкерлік пен зауыттардан түсетін табысқа сенуіміз керек. Өнеркәсіптерді құруға басымдық беріледі. Халықты кәсіпкерлікке тарту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселесін назарда ұстау аса маңызды. Бұл басшылар жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі болмақ», - деді ол.