Қоғамдық орындағы былапыт сөз үшін айыппұл 4 есе артып, қамауға алу 30 тәулікке дейін ұзарады

Қоғамдық орындағы былапыт сөз үшін айыппұл 4 есе артып, қамауға алу 30 тәулікке дейін ұзарады

Қоғамдық орында айтылған балағат сөздер үшін айыппұл 4 есеге артты және қамауға алу жазасы 5 күннен 30 күнге ұзарды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев министрліктің апталық брифингінде айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің жаңа нұсқасында «ұсақ бұзақылық» ұғымына: қоғамдық орындарда балағат сөздер айту; жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету; ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ пайдалану орындарына, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікке нұқсан келтіру; айналаға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады», - деді А.Құрымбаев.
Спикердің айтуынша, қазір сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алады. Ал жаңа редакцияда айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге) құрайды, қамауға алу 5-тен 30 тәулікке дейін ұзарады. «Аталған түзетулер алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - деді Азамат Құрымбаев. Биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.