Елімізде енді қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандардың әрекеті «ұсақ бұзақылық» деп танылып, айыппұл түрінде не қамауға алу түрінде жаза қатайтылуы мүмкін.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жаңа редакциясында қоғамдық орындарда былапыт сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және айналасындағыларға құрметпен қарамайтын, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Азамат Күрімбаев журналистерге берген брифингте.Қазір ұсақ бұзақылыққа 5 АЕК – 17 250 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау түріндегі жаза тағайындалады. Ал жаңа редакция бойынша 20 АЕК, яки 69 мың теңге айыппұл және 5-30 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Түзетулер алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.