Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісі бойынша басты сот отырысы онлайн форматта өтіп жатыр. Оған 12 айыпталушы қатысуда. Олардың қатарында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев айыптау қорытындысын оқыды. Одан белгілі болғандай, 2019 жылдың басында құрылған қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларға айына 20%-ға дейін, яғни жылына 240%-ды құрайтын депозиттер бойынша жоғары кепілдік берілген табысқа уәде берген. Осылайша, ACD Technology мен Astex ЖШС-ін тіркеген. Осы екі ЖШС тіркелгеннен бастап барлығы 2 миллиард теңгеден астам сомаға инвесторлармен келісімшарттар жасаған. Зардап шеккендер арасында 70, 80 және 125 миллион теңгеден астам қаржы салғандар да бар екен. Осы кезеңде олар өз қызметін сенімді және заңды етіп көрсету үшін қатарына танымал тұлғаларды Әзімжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязовты тартқан. Ал Mudarabah Capital ЖШС 2020 жылдың мамыр айында тіркелген. Әзимжан Саидбаев оның әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі керек болған. Сондай-ақ ол құрылтайшылар арасында қаржы бөлуге де атсалысты. Прокурордың айтуынша, 2020 жылдың қыркүйек айында Саидбаев, Шерниязов және басқалар қаржы пирамидасын танымал ету үшін әлеуметтік желілерде миллионнан аса оқырманы бар Мейіржан Төребаевқа жүгінген. Оған сыйақы уәде етіліп, бірлескен қылмыстық әрекеттерге тартылғаны айтылды.
«Төребаев ұсыныстың заңсыз екенін түсініп, пирамида істен шықса, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кете алатынына сенімді болып, келісімін беріп, ұйымдасқан қылмыстық топқа қосылған. Ол салымшыларға пайыз төлеу мүмкін емесін, бұл заңсыз қаржы пирамидасы екенін, жұмыстың табыстылығын бағалап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын түсіне отырып, жұмысқа кірісті. Барлық құрылтайшылардың жарғылық капиталда 11-11,5% үлесі болды», – деді Ерлан Құланбаев.Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова қарауда. Отырыс барысында Шерниязов пен Төребаев қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды деген айыппен келіспейтінін және кінәсін мойындамайтынын айтты.