Цифрлы картаның маңызы бөлек
Цифрлы картаның маңызы бөлек
547
оқылды
Құжат жинау – кез келгенді қажытатын іс. Әсіресе, жәрдемақы алу жайына келгенде тіпті қиындап кетеді. Осы түйінді тарқату үшін елімізде отбасының цифрлы картасы іске қосылады. Жауаптылар бұл жоба көптің жүгін жеңілдетерін айтып берді. Жаңа жүйенің жаңалығы Елімізде 19,6 миллион халық тұрады десек, соның ішінде 6,5 мил­лионнан аса отбасы бар. Жо­баның басым тұсы – атаулы әлеу­­меттік көмек алу кезіндегі қи­­тұрқы әрекеттің жолын кесу. Әрі аталған жәрдемақы алудың бірыңғай жүйесін құру. Расымен, атаулы әлеуметтік көмек алу ке­зінде түрлі заңсыз іс тір­келгенін білеміз. Мәселен, былтыр Түркістан облысында 331 отбасы осы көмекті алу үшін табысы мен жыл­жымайтын мүлкін жа­сырған. Нәти­жесінде, 38,5 мил­лион теңге көлемінде заңсыз жәр­демақы тө­ленген. Оның 27 миллионы бюд­жетке қайтарыл­ған. Шым­кентте де дәл осы жағ­дай қайта­ланып, мемлекет қазы­насына 30 мил­лион теңге шығын келген. Ал сала ма­мандарының айтуынша, цифрлы карта іске қосылса, мем­лекеттік көмек діттеген жерін, мұқтаж адамды адаспай табады.
«Биыл 1 қаңтардан бастап мем­лекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. ОЦК Smart Data Ukimet ана­ли­тикалық жүйесімен интегра­цияланған, жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және тағы басқа әртүрлі ақпарат қамтылған. Қол­да бар деректер негізінде эконо­микалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қада­ғалауға мүмкіндік беретін тал­даулар жүргізіледі. Ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік тө­лемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алу­шыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады», – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Айта кетерлігі, жобаның аты отбасының цифрлы картасы деп аталғасын, көпшілікте «картаны қалай іске қосамын?» деген сұрақ тууы мүмкін. Жүйеге деректер ав­­томат түрде жиналады. Мыса­лы, кімнің атында үй, мүлік, не­сие бары жүйеде көрсетіледі. Сон­­дық­тан мұны дәлелдеп, қо­сымша құ­жат жинаудың керегі жоқ. Мұндай карта кімге керек? Иә, жауаптылар былтырғы 1 қыркүйектен бастап цифр­лы картаны пилот режимде іске қосты. Апробация кезеңінде 56,9 мың адамға SMS-хабарлама жі­беріліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа көмек көрсетілген. Бұл бір жағынан халықтың цифрлы сауатын көтеруге көмектеседі. Өйткені үйден шықпай-ақ құжат жинауға болатынын білген тұр­ғын механизмді үйренуге әрекет етері анық. Жалпы, ОЦК-да жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің тоғыз түрі бойынша қызмет алу мүм­кіндігі бар. Мәселен, жүктілікке және босануға байланысты та­бысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; бала күтіміне байланысты табысынан айы­рылған жағдайда әлеуметтік тө­лем; жұмысынан айырылған жағ­дайда әлеуметтік төлем; асы­раушысынан айырылған жағ­дайда әлеуметтік төлем; мүге­дек­тігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы; көпбалалы отбасы­ларға берілетін жәрдемақы бар. Оған қоса «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен ма­рапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек қамтылған. Сондай-ақ ОЦК арқылы зей­нетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама келеді. Ескерерлігі, алданып қал­мас үшін тек 1414 байланыс нө­мірінен келген хабарламаға ғана жауап беру керек. [caption id="attachment_235378" align="aligncenter" width="1200"]Цифрлы карта коллаж © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Жауаптылардың сөзінше, 2023 жылы әлеуметтік қорғау са­ласындағы қызметтер тізбесі ке­ңейтіледі. Келер жылы 1 қаңтар­дан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мем­лекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қам­тылмақ. Бала босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда алатын әлеуметтік көмектің мер­зімі ұзарғанын білеміз. Енді олар бала 1,5 жасқа толғанша жәрде­мақы алады. Байқасаңыз, 2022 жылы туған балалар автомат түр­де аталған төлемге ілігіп кетті. Бұл мәселе бойынша құжат жинап, ХҚКО-да кезекте тұрған ешкімді байқамадық.
«Жүйенің жаңалығы цифрлы карта жәрдемақыны проактивті форматта, дәлірек айтсақ, азамат­тан өтініш түсуін күтпей-ақ та­ғайындауды қарастырады. Мәсе­лен, отбасында бала өмірге келсе, бала туғанын дәлелдемей-ақ жәр­демақы төленеді. Бұрындары босанған ана өз атынан өтініш, құжат көшірмесін әкеліп, бала туғанын дәлелдейтін. Қазір бала өмірге келгені туралы дерек бір­ден базаға шығады. Төрт және одан да көп баласы бар отбасы олар 18-ге толғанша мемлекеттен кө­мек алады. Олар туралы мәлімет те жүйеде сақталған. Сондықтан отбасының цифрлы картасы еш­қандай да тұлғаның дербес шоты немесе банк картасы аналогы емес», – дейді жауапты орган өкі­лі Руслан Мухамадеев.

Айбике ЖАНАСЫЛ