Қадірі қашпаған қолма-қол ақша
Қадірі қашпаған қолма-қол ақша
865
оқылды
Соңғы жылдары жұрт бұрынғыдай қолма-қол ақша ұстап жүруді ұмытқандай көрінетіні рас. Ел онлайн аударым арқылы төлем жасауға әбден әдеттенді. Осылай ойлағанымызбен, Қазақстанда қолма-қол ақша ұстайтын азаматтар әлі де көп екен. Мұны таяуда Ұлттық банк мәлімдеді. Сонымен, заман ілгері басқан кезеңде қолма-қол ақшаға сұраныс неге азаймай отыр? Сауалнама сыр аңғартты Қазақстандықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен есеп айырысады. Қазір әлем бойынша онлайн төлемдер қарқын алса да, қағаз ақшамен есеп айырысу негізгі төлем түрі болып қалуда. Ұлттық банктің «Қолма-қол ақшаны пайдаланудың ортамерзімді перспективалары» та­қырыбында жүргізген әлеуметтік зерт­теуінің нәтижесі осындай. Бас банк Қазақстандағы экономика субъек­тілерінің төлем қалауы туралы зерт­теуді алғаш рет жүргізген. Бұл зерт­теудің негізгі мақсат – қолма-қол ақша айналымының даму тенденцияларын, қолма-қол ақшаға сұранысты қалып­тастыратын факторларды анықтау, сондай-ақ экономика субъектілерінің қолма-қол ақша мен олардың но­миналды құрылымын пайдалануын зерттеу болған. Жалпы, сауалнамаға 9 628 рес­пон­дент қатысқан, оның ішінде: 6 095 – жеке тұлға, 3 533 – кәсіпкерлік субъек­ті. Зерттеу Қазақстанның 17 облысын және республикалық маңызы бар 3 қа­ланы қамтыпты. Зерттеу нәтиж­е­сінде мынандай тұжырымдар кел­ті­рілген: сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы – күнделікті есеп айырысуда әлі де қолма-қол ақша пайдаланады; 30-40 пайызы – бизнес субъектілерінің айналымындағы қолма-қол ақшаның орташа үлесі; 35 пайызы – пікіртерімге қатысқандардың шығысы қолма-қол ақшаға тиесілі. Зерттеу нәтижесін назарға ала отырып, Ұлттық банктің бұдан арғы іс-шаралары ҚАА инфра­құрылымын нығайтуға және өзекті мәселелерді шешуге бағытталмақ. Атап айтқанда, ел өңірлерін банк­ноталардың шағын номиналдарымен және монеталармен толықтыру; банк­ноталардың жай-күйін, әсіресе адам мен кассалық жабдыққа жарамды ша­ғын номиналдарды сақтау; банк­ноталардың түпнұсқалығын оңай және тез анықтауға мүмкіндік беретін банк­ноталардың негізгі қорғаныш эле­мент­тері туралы және Ұлттық банктің коллекциялық/инвестициялық моне­таларын сатып алу мүмкіндігі туралы халықтың кең ауқымын хабардар ету қолға алынбақ. қолма-қол ақша Енді біз бас банктің құзырына тие­сілі іс-шараларды тізбектеп жат­пай­мыз. Мұндағы бір мәселе – неге ха­лықтың көп бөлігі онлайн аударымдар дамыған кезеңде қолма-қол ақшаны қажет етіп жүр? Қоғамдағы процестер қарқыны Бұған дейін елімізде қолма-қол ақшамен жасалатын сауданың қар­қыны бәсеңдеп, онлайн төлемдердің қарқын алғаны жайлы жиі хабарла­натын. Мәселен, LS дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда онлайн төлемдер 14 есе өскен. Осылайша, 5 жылдың (2014-2015) ішінде қолма-қол ақша­сыз-ақ 1,1 трлн теңгеге сауда жасалған көрінеді. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2019 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгені құраған. Салыстыру үшін айтсақ, 2014 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 83 млрд теңге болыпты. Карточкаларды қол­дану арқылы жасалған транзакциялар көлемі де артып, 2014 жылғы 670,2 млрд теңгеден 2019 жылы 2,7 трлн тең­геге дейін өскен. Бұдан кейін қаржы сарапшыларының көбі елімізде он­лайн төлемдер үздіксіз қарқын алып, қолма-қол ақшамен жасалатын сау­даның деңгейі біз ойламағаннан бетер төмендейтінін болжаған. Банктердің көбі мобильді қосымшаларын жетіл­діріп, онлайн аударымдарды тіптен жылдамдатты. Дегенмен соңғы сауал­нама қолма-қол ақшаның «дәурені» әлі өте қоймағанын айғақтап тұр. Эко­номист Мақсат Халықтың айтуынша, елдің қолма-қол ақшаға жүгінуіне итер­мелейтін бірнеше фактор бар.
– Біріншіден, қазір қолма-қол ақша базар саудасында қатты сұра­нысқа ие. Екіншіден, қоғамда «рақмет айту», конвертке ақша салып беру секілді процестер әлі де толастамады. Үшіншіден, елдің барлық жерінде ин­тернет жоқ. Жолға шыққанда немесе ауылға барған кезде қолма-қол ақша ұстап жүруге мәжбүр боламыз. Осын­дай факторларды ескеріп, қолма-қол ақшаның әлі актуалды екенін көреміз. Психологияның нұсқауларын алға тартатындар да бар. «Қолға ұстап жүргеннің өз ерекшелігі, ақшаның өз иесі болады» дейтіндер де кездеседі. Менің көзқарасымда осыған сеніп, қолына ақша ұстайтындар көп емес. Ал әлемде қолма-қол ақшаның көп пайдаланылуына біздегідей онлайн аударымдардың қатты дамымауы себеп, – дейді маман.
Айтпақшы, былтыр Ұлттық банк цифрлы теңгені енгізетінін хабарлаған болатын. Әуелде жұртшылық бұл ха­барға елеңдей қоймағанымен, ұтымды тұстары көп-ақ. Дәл біз қозғап отырған қолма-қол ақша мәселесінде цифрлы теңгенің рөлі ерекше. Өйткені қалта­дағы бағалы қағазды осы цифрлы теңге ұмыттыруы мүмкін.
– Биылдан бастап Ұлттық банк цифрлы теңгені шығарып жатыр. Яғни, қолма-қол ақша мен банк кар­тасындағы қаржыдан бөлек, элек­трон­ды әмиян пайда болады. Әр теңгенің токен нөмірі болмақ. «Біреу ұрлап не­месе жұмсап қойса цифрлы іздері тез әшкереленеді, қауіпсіздігі жоға­ры» деп айтылуда. Тағы бір артықшы­лы­ғы – интернет бар-жоғы маңызды емес, электронды әмияннан ақша ау­дарып, төлем жасауға толық мүмкіндік болады. Егер осы жоспар жүзеге асса, қолма-қол ақшаның айналымы азая­тын сияқты, – деді Мақсат Халық.
Қорыта айтқанда, онлайн төлемдер қаншалықты дамығанымен, елде іші­нара қолма-қол ақша маңызын жой­майтынын анық аңғардық. Мұны жақ­сы не жаман үрдіске балаудың қа­жеті жоқ. АҚШ-тың өзінде халық түгелдей онлайн төлемге көшпеген. Ал таяуда енгізіледі деп күтілген цифрлы теңгенің әкелетін жаңалығы көп бо­латындай. Не десек те, азаматтардың арасында қағаз ақшаны қолға ұстауды «сән» немесе эстетикалық ерекшелік санайтындар жетерлік тәрізді.