Бірыңғай төлем: алмақтың да салмағы бар
Бірыңғай төлем: алмақтың да салмағы бар
725
оқылды
Ірі компаниядан бастап, қатардағы кәсіпкер мен ең­беккерге дейін табысын, жа­лақысын жасыруына мем­лекеттің өзі итерме­лейді. Себебі оның 35%-ына дейін­гі­сін бюджет – салыққа, ква­зи­­­мемлекеттік қорлар – жар­налар мен аударымдарға талап алып қояды. Содан жа­лақысы 100 мың теңге бо­латын бос жұмыс орнына жұрт қызықпайды: азамат­тар одан алым-салықтары шегерілгенде, қолына не­бәрі 65 мыңы тиетінін, ал ең төменгі жалақы көрсет­кі­шінен де төмен бұл жалақы қымбатшылық заманында түкке жетпейтінін жақсы бі­леді. Еңбекақы төлеу қорына түсетін ауыртпалықты азай­ту үшін 2023 жылы Бірыңғай төлем енгізілді. Бизнестің әлден одан көңілі қалып тұр. Неге? БЖТ мен БТ арасында адаспайық Қазақстандықтар 2019 жылдан бас­тап енгізілген Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) дегеннің не екенінен азды-көпті хабардар. Ол 4 түрлі төлемді біріктіреді: бұлар – жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы төлемдері, ме­дициналық сақтандыру аударымдары. Алдағы 2024 жылы Бірыңғай жиынтық төлем жойылады. Оның орнын биыл күшіне енген Бірыңғай төлем басуы мүмкін деп те айтылған. Бірақ баса алмайтыны енді белгілі болды. Кәсіпкер, есеп ісінің маманы Болат Ақайдар мұның бірнеше себебін атады.
«Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) мен Бірыңғай төлемді (БТ) шатастырмау керек. БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар деген санатты жою, оларды са­лық органдарында формалды емес жұ­мыспен қамтылғандар ретінде оңай­латылған тәртіппен тіркеу үшін енгізілді. Яғни, бұл инфлюенсерлерге, такси жүргізгендерге, алдындағы малынан тап­қан азын-аулақ өнімді сататын ауыл­дықтарға және басқасына арналған. Ал БТ шағын және ұсақ компанияларда, жеке кәсіпкерге ресми жұмыс істейтін жұмыскерлердің жалақысына түсетін ауыртпалықты азайтуға бағытталған. Тағы бір айырмашылығы – төлем кө­лемі. БЖТ мөлшері 0,5–1 АЕК (биыл 3 450 теңге) қана. Ал БТ мөлшері – осы жылы жалақының 20%-ын құрайды және алда өседі», – деді Б.Ақайдар.
Яғни, бұл еңбек қарым-қатынас­та­рының түрлі сегментін реттейтін әр­бас­қа тетіктер және бірін бірі алмастыра алмайды. Бірыңғай төлемнің «идеологиясы» да басқа. Кәсіпкерлердің айтуынша, Қа­зақстанда еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме жыл сайын артып ке­леді. Қа­зірдің өзінде бизнес әрбір жұ­мыскері үшін 6 түрлі төлем төлейді (оның басым көпшілігі қызметкер, жұмысшының жалақысынан ұсталады). Біріншісі – жеке табыс салығы. Екіншісі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рына аудары­латын зейнетақы жар­на­лары. Үшіншісі – әлеуметтік салық: оны жұмыс беруші төлейді. Төртіншісі – Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеу­меттік аударымдар. Егер жұмыскер жұ­мысынан айырылса, осыдан оған жұ­мысынан айырылуына байланысты жәр­демақы төленеді. Бе­сіншісі және алтын­шысы Әлеуметтік ме­дициналық сақтан­дыру қорына (ӘМСҚ) аударылады: бұлар міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жарналары (есепшілер оны ВОСМС атайды) және міндетті әлеу­мет­тік меди­циналық сақтандыруға ауда­рымдар (ООСМС) болып ажыратылады. Осылайша, жұмыс берушілер шта­тындағы әр жұмыскерге жалақысының 35%-ына дейін қосымша шығын шы­ғарады. Келесі 2024 жылы бұған әр жұ­мыскері үшін аударатын жұмыс бе­рушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) қосылады, сондай-ақ медсақ­тандыру жарналары мен аударымда­рының мөлшері тағы өседі. Салдарынан еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме кем дегенде 41%-ға жетпек. Кәсіпкерді тығырыққа тірегеннен не ұтады? Бизнес орта және «Атамекен» ұлттық палатасы осыған орай бұрыннан мәселе көтеріп келеді.
«Осы жүктеменің айтарлықтай артуы бірінші кезекте көлеңкеге кете­тіндердің санын арттырады. Кәсіпкер­лер дағдарыс шақта бизнесін сақтап қалу үшін амалсыздан, барлық амал-шар­ғыны қолданып, алым-салыққа шы­ғындарын қысқартуға тырысуы ықти­мал. Соның бір тәсілі – қыз­меткерлерінің ресми жалақысын тө­мендету. Ал бұл елде әлеуметтік кернеуді ушықтыруы мүм­кін», – деді ұлттық палатаның Жұ­мыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.
Жұмыс берушілер жұмыс көлемін аутсорсингке тапсыруда. Сонымен бірге штат санын қысқартып, персоналын аутстаффингке шығарады немесе олар­мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бекітеді. Аутстаффинг пен АҚС шарттарына көшірілген қызметкерлер қорғансыз: оларға жыл сайынғы еңбек демалысы берілмейді, сыйақы, бонус­тар, тіпті еңбекке жарамсыздық парағы төленбейді. Әлгі аталған 6 алым-са­лық­тың бәрі жұмыскердің төл жалақысынан ұсталады. Осының кесірінен, бір жағынан, Үкімет жұмысшылардың ашуын ту­ғызып, елде әлеуметтік кернеуді өршітті. Соңғы бес жыл бойы Қазақстанда ереуілдер жиі бас көтерді, былтыр да белең алды. Екінші жағынан, жұмыс берушілер де Үкіметтің бұл саясатынан түңіліп отыр. Бұл проблемаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейтінін, олардың табыс көзі – жалақы ғана екенін еске салған Мемлекет басшысы Үкіметке микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы қорына жиынтық жүктемені төмендетіп, Бірыңғай төлемді енгізуді жүктеді. Қ.Тоқаев бизнес үшін жиынтық сал­мақты 34 пайыздан 25 пайызға тө­мендетуді ұсынды. Оның байламынша, бұл шара бизнестің мыңдаған қызмет­керін «кө­леңкеден шығаруға» ынта­ландырады. Аталған тетікті 2023 жылғы 1 қаңтарда іске қосуды тапсырды. [caption id="attachment_235387" align="aligncenter" width="1417"]бірыңғай төлем © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Осыған қатысты заң жобасын Пар­ламент 2022 жыл соңында қабылдады. Оған сәйкес, Салық кодексіне «Бірың­ғай төлем» (БТ) аталатын жаңа 89-1 тарауы қосылды. Үкімет басшысы Әли­хан Смайыловтың айтуынша, БТ ең­бекақы төлеу қорына түсетін жүктемені биыл 35%-дан 20%-ға дейін төмендетеді. Бірақ мөлшері алда өседі. Жақсы жобаға жабысқан кесір Әйтсе де, Алматы қаласының Кә­сіпкерлер палатасының өңірлік кеңе­сінің төрағасы, бизнесмен Максим Барышев өз мәлімдемесінде бірыңғай төлемді қолдану игілігін ұсақ қана емес, орта бизнеске де ұсынуға табандай­тындарын жеткізді.
«Ұсыныстарымызды Үкімет ішінара ғана қолдады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 20 пайыздық бірыңғай тө­лемді тек шағын және микрокәсіпкерлер қолдана алатынын жариялады. Мұның сыртында олардың бәрі емес, тек ар­найы салық режимін қолданатын шағын кәсіпкерлер мен ЖШС-лар ғана пай­далана алатыны белгілі болды. Сон­дық­тан біз, кәсіпкерлер осы бірыңғай төлем барлық бизнес түріне де енгізілуі қажет деп ары қарай табандаймыз. Сонда Қа­зақстанда салық төлеу оңай әрі қолайлы болады», – деді Максим Барышев.
Сонымен, БТ жемісін жеңілдетілген декларация тапсыратын, арнайы салық режимін қолданатын микро және ша­ғын кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және фермер ша­руашылықтары тере алады. Бірақ тағы бір гәп бар: бұл кәсіпкерлер бі­рыңғай тө­лемге ерікті негізде көшеді. Яғни, бас­шылығы, бухгалтерлері әкім­шілендіруді қиынсынса, көшпеуіне де болады. Онда жұмыскерлердің жала­қы­сынан 35 (бо­лашақта 41) пайыздық алым-салықтар одан ары шегеріле береді. Ал көшкендері қызметкерінің жала­қысының 20 пайызы көлемінде БТ-ны «Азаматтарға арналған Үкімет» мем­лекеттік корпорациясына аударады. Корпорация оны үлесі бойынша бюджет пен қорларға бөліп, аударады. Бірыңғай төлем құрамына, яғни 20 пайызға міндетті зейнетақы жарналары (жалпы төлемнің 50%); жеке табыс са­лығы (9%-ы); МӘСҚ қорына әлеуметтік аударымдар (16%); міндетті медици­налық сақтандыруға жарналар мен аударымдар (25%) кіреді. БТ ставкасы 2024 жылы – 21,5%, 2025 жылы – 23,8%, 2026 жылы – 24,8%, 2027 жылы – 25,8%, 2028 жылы 26,3%-ға дейін артады. Бухгалтерлік есеп және салық салу саласының маманы Ольга Мурзинцева заңнамада қайшылықтар туындағанын айтады.
«Заңнамада медсақтандыру жарна­лары мен аударымдары бойынша 10 ең төменгі жалақы көлемінде шек бел­гіленген. Ал бірыңғай төлемде жалақы көлеміне шек бекітілмеген. Салдарынан есепшілердің басын қатыратын жағдай туындайды: жұмыскердің жалпы табысы 10 ЕТЖ-дан асады, айталық 800 мың теңге делік. Оның 20%-ы – 160 мың теңге. Яғни, осынша БТ ұсталады. Бірақ біз оның тек 155 мың теңгесін ғана аудара аламыз: зейнетақы жарнасы – 80 мың, жеке табыс салығы – 14 400, әлеу­меттік аударымдары – 25 600, мед­сақтандыру жарналары мен аударым­дары – 35 мың теңге. Себебі медсақтан­дыру бойынша алым алу лимиті ең тө­менгі жалақының 10 есе көрсеткішімен, яғни биыл 700 мың теңгемен шектелген. Заң солай», – деді О.Мурзинцева.
Сонда ай сайын ұсталатыннан ар­тылған 5 мың, жылдық 60 мың теңгені есепшілер қайда жібереді? Сұрақ көп. Оған мамандар құзырлы органдардан әзірге жауап ала алмапты. Жалпы, бірыңғай төлем – прези­дент­тік жақсы бастама. Сондықтан оның игілігін көруге кәсіпкерлер ын­тығып, табандады. Алайда игі бастамаға жолай жабысқан жай-жапсарлар оның құнын түсірмесе болғаны.