Жекеменшік оқу орны: білім сапасына әсері қандай?
Жекеменшік оқу орны: білім сапасына әсері қандай?
© коллаж: Елдар Қаба
Еліміздегі мемлекеттік мәр­те­бесі бар жоғары оқу орын­да­рының академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға ай­налғанына біраз болды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме тудырды. Мемлекеттік жоғары оқу орын­дары кейінірек жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Айталық, қазір еліміздегі университеттердің 72 пайызы – жекеменшік. Жалпы, жекеменшік білім ордаларының көбеюі білім сапасына қалай әсер етеді? Ака­демиялық еркіндік бейбе­ре­кет­сіздікке ұласпай ма? Сапа меншікке байланысты емес Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сәйкес, Қазақстанда биылғы оқу жылында жұмыс істеп тұрған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім меке­месінің саны – 116. Оның ішінде 105 ұйым магистранттарды, 73 ұйым докторанттарды және 18 ұйым-резидентура тыңдаушыларын даярлайды. Жоғары білім беру бағдар­ла­маларын жүзеге асыратын ұйымдардың 72,4 пайызы – жекеменшікте, 25,9 пайызы – мемлекеттік, 1,7 пайызы – шетелдік мен­шік­те. Қазақстан жоғары оқу орындары қа­уым­дастығының президенті Рахман Ал­шановтың айтуынша, нарықтық эконо­ми­када жоғары оқу орындарының жекеменшік болуы – қалыпты жағдай. Дамыған елдерде, Еуропа мен Америкада да бұл үрдіс бар.
– Жекеменшік оқу орнында оқу-оқымау – талапкердің өз таңдауына байланысты. Ешкім күштеп оқы деп жатқан жоқ. Қо­лы­нан келетіндер оқу орындарын ашып, заң бойынша жұмыс атқаруда. Ал сапасыз, та­лапқа сай емес университеттерді министрлік жапты. Көп елде жекеменшік университет­тердің білім деңгейі жоғары. Мысалы, әлем­дік деңгейде көш бастап тұрған Harvard University, Oxford университеттері жеке­мен­шік. Сондықтан мемлекеттік университет­тердің де, жекеменшік университеттердің де арасында мықтылары да, сапасыздары да бар. Сапа меншікке байланысты емес. Оны басқаратын ректоратқа, ғылыми кеңеске байланысты, – дейді Рахман Алшанов.
Мемлекеттік бюджет шектеулі болған жағдайда жоғары білімді жекеменшік ресурстар тарапынан қаржыландыру бұл салаға аса қажетті инвестициялардың құйылуын, сондай-ақ ЖОО арасында на­рық­тық бәсекелестіктің пайда болуына мүм­кіндік береді. Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы (ағылш. OECD) мамандарының ұсынысы бойынша мем­лекет тарапынан білім саласына бөлінетін қаржы мөлшері ЖІӨ-нің 5-6 пайызын құрауы қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2019 жылы – 3,4 пайыз, ал 2020 жылы 4,4 пайызға жеткен. Соңғы жылдары білім са­ласына бөлінетін мемлекеттік қаржы­лан­ды­рудың айтарлықтай өсіп жатқанына қа­ра­мастан, дамыған елдермен салыстыр­ғанда қаржыландыру жеткіліксіз. Бұл ретте білім саласына, соның ішінде жоғары білім сала­сына жекеменшік инвестицияның құйылуы саланың дамуына оң үрдісін берері анық.
– Қазір Қазақстан университеттерінің рейтингіне назар аударсақ, жоғары орын­дарда жекеменшік ЖОО (КИМЭП, КБТУ, AlmaU, КазГЮУ т.б) орналасқан. Бұл жеке және мемлекеттік университеттер білім сапасында айырмашылықтар бар екенін көр­сетеді. Әрине, мемлекеттік универси­тет­тер қатарында да мықты ірі зерттеу уни­верситеттері бар. Бірақ жекеменшік уни­верситеттердің қазіргі заманға сай универ­ситет кампустары, инновациялық білім бағдарламалары, оқытудың озық техноло­гиялары, зертханалары және түлектерге деген жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұраныстың болуы жекеменшік универ­ситеттердің беделін арттыра түседі. Айтыл­ғандардың барлығы қаржыға келіп тірелетіні анық, – дейді Aлматы менеджмент уни­верситетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын.
Оның пікірінше, жекеменшік универ­ситеттерде студенттің көбі өз қаражаты есе­бінен оқиды. Егер мемлекеттік грант есе­бінен оқитын әрбір студентке мемлекет жылына орташа есеппен 750 мың -1 мил­лион 100 мың теңге төлейді деп ескерсек, ал жекеменшік университтерде оқу ақысы мемлекеттік грант мөлшерінен 2 есе артық. Осылайша, жекеменшік университеттердің өз дамуына көбірек инвестиция жұмсауға, озық технологияларды сатып алуға, білікті оқытушыларды тартуға, студенттерге артығырақ жағдай жасауға мүмкіндіктері бар. Бұған қоса, жекеменшік университеттер корпоративті басқару жүйесін пайдалануы арқылы мықты менеджменті арқасында инвестицияларды тиімді жұмсап, қызметін тиімді атқаратыны анық. Иә, жекеменшік жоғары оқу орында­рының арасында сапаға жұмыс істеп, үздік нәтижелерге жетіп жатқаны да, министр­ліктің үдесінен шыға алмай лицензияла­рынан айырылғандары да бар. Соңғы он жылда білімнен пайда іздеген кәсіпкерлер ғимаратты жалға алып, диплом таратумен айналысып кеткен еді. Осыған орай, 2020 жылдан бері 16 жоғары оқу орны жабылды. Биыл тағы да 15 университеттің жұмысы тексеріледі. Осылайша, сапасыз білім берген жоғары оқу орындарына қатаң реттеу принциптері қолданылады. Дегенмен білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының ай­туынша, жоғары оқу орындарын жеке не­месе мемлекеттік деп бөлуге болмайды. Мем­лекеттік университеттердің ішінде де, же­кеменшік университеттерде де сапасыз­дары мен мықтылары бар.
– Негізгі сапаны университеттердің менеджменті шешеді. Сондықтан меншіктің қалай болғанынан қорқудың қажеті жоқ. Менеджменттің және мемлекеттік бақылау­дың қандай болғанына қарау керек. Мем­лекеттік талап дұрыс, жүйелі қойылса, шешімдер уақытылы қабылданса, универ­ситтеттер не сапасын арттырады, не жабылады,– дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Реформа – ректорға тұсау Кезінде мемлекеттік мәртебесі бар жо­ғары оқу орындары академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға айналғанына біраз адам қарсы болды. Дегенмен Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатыл­майтыны жөнінде мәлімдеді.
– Енді университетті директорлар кеңесі басқарады. Оларға қоятын талапты күшейтуіміз қажет. Себебі директорлар кеңесінің мүшелері есеп беріп жүре береді. Ал іс жүзінде оқу орнында атқарылып жат­қан жұмыстар сол баяғыдай қала береді. Осыған байланысты кеңес мүшелерін арнайы оқытып, емтихан алуымыз керек. Ректорлар қолымызда билік қалмады, про­ректорларды да сайлай алмаймыз деп ша­ғымданады. Бірақ университеттегі қаржы – мемлекеттің ақшасы. Оны білікті дирек­тор­лар кеңесі ғана игеруі керек. Бұл реформа ойына келгенін істейтін бұрынғы ректор­ларды азайтты, – дейді Рахман Алшанов.
Ал Әсел Арынның айтуынша, акаде­миялық еркіндіктің артуы еліміздегі ЖОО-ға әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге мүм­кіндік береді. Көптеген жекеменшік ЖОО-ның са­палы білім беруі осы академиялық еркін­діктің арқасында мүмкін болып отыр. Ака­демиялық еркіндік ЖОО-ға айрықша ин­новациялық бағдарламаларын әзірлеуге, халықаралық ынтымақтастықтарын дамы­туға, оқытуда озық технологияларды пай­далануға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік ЖОО-ның АҚ-ға айна­луы – жағымды үрдіс. Осылайша, ЖОО-да корпоративтік басқару механизмдері енгі­зіліп, ЖОО-да Қамқоршылар кеңесі (Ди­ректорлар кеңесі) құрылуда. Бұл мемлекеттік университеттерде тиімді менеджмент құ­ралдарын енгізуге мүмкіндік береді. Мы­са­лы, AlmaU-да Қамқоршылар кеңесі ең жо­ғары шешім қабылдайтын тәуелсіз орган болып отыр. Аталған орган университеттің даму стратегиясынан бастап жылдық бюд­жетін бекітуге дейінгі өзекті сұрақтарды қарастырады. Бұл университетке нарықтағы беделді сарапшылардың университет өмі­рін­дегі маңызды сұрақтарына қатысты ашық, тәуелсіз, тиімді, озық шешімдер қа­был­дауға септігін тигізеді,– дейді Әсел Арын.
Академиялық еркіндік ЖОО-ға оқу са­пасын арттыруға және оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға, жұмыс беру­шілердің, кәсіби қауымдастықтардың сұра­нысына сәйкес әзірлеуге септігін тигізеді. Дегенмен грантты мемлекет бөлгенімен, оқу ақысын университеттер бекітеді. Яғни, оқу орнының базасын жаңарту, жатақхана салу, оқу ақысы туралы бюджеттің бәрін ди­ректорлар кеңесі шешеді. Соған бай­ланысты қазір университеттер арасында теңсіздік байқалуда. Кейбір университеттер магистранттарды шетелдік тәжірибеге жібере алмай отырса, кейбірі жатақхана мәселесіне бейжай қарайды.
– Жатақхана салу – ол бөлек мәселе. Ол қомақты қаржыландыруды талап етеді. ЖОО-ның өз есебінен жатақхана салуға мүмкіндігі аз. Бұл ретте мемлекеттің қолда­уы қажет. Қазір қаржы орталығы арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қаржыландыру механизмі бар. Бірақ бұл бағдарлама инвесторлардың қызығушы­лығын тудырмайтындықтан, жұмыс істемей жатыр, – дейді Ә.Арын.
Ал Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, академиялық еркіндіктен кейінгі сапаның қалай болуы университеттегі кадрлардың сапасына байланысты. Сондықтан еркіндік дұрыс. Бірақ мемлекет уақытылы қадағалап отыруы керек. Академиялық еркіндік бей­берекетсіздікке әкелмеуі тиіс. Универ­си­теттердегі бюджеттердің дұрыс игерілмеуі мемлекеттік талаптың дұрыс қойылмауына байланысты. Екіншіден, жоғары оқу орын­дары арасында бәсекелестік жоқ.
– Шыны керек, университеттерді мем­лекет асырап отыр. Олар жылына 70 мың грант бөлінген кезде бәсекелестікті ойла­майды. Қазір студенттердің шәкіртақысын екі есе көтереміз деп жатыр. Алайда педа­гогикалық құрамның жалақысы ше? Қазір докторанттан аз алатын педагогикалық оқу орындарының мамандары бар. Студенттің шәкіртақысын көтергенмен, ол жатақханада жатып оқи алмаса, мәселе шешілмейді. Шәкіртақысының барлығын пәтер жалдауға жұмсайды. Одан да шәкіртақы көтеретін қаражатқа университеттің материалдық базасын, жатақхана мәселесін шешу керек. Студент 100 мың теңге стипендия алсын, бірақ үйренетін лаборатория болмаса, білім сапасы артпайды. Сондықтан бірінші ке­зекте шешілуі керек шаруа мен оныншы ке­зекте шешілуі қажет шаруаны шатыс­тыр­мауымыз керек, – дейді білім сарапшысы.
Иә, таяқтың екі ұшы бар. Академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға ай­налған жоғары оқу орындары мен жеке­меншік университеттердің жүйелі жұмыс істеуі үшін ең бірінші мемлекеттік бақы­лауды күшейту керек. Сонымен қатар сту­денттің қажеттілігі мен оқу ордасының ба­засы да білім сапасына тікелей әсер етеді.