Ұлттық тәрбиеден алыстамауымыз керек – Ұлықпан Сыдықов
Ұлттық тәрбиеден алыстамауымыз керек – Ұлықпан Сыдықов
603
оқылды
Философия ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Ұлықпан Сыдықов 75 жасқа толды. Мерейтой иесімен сұхбатымыз жастар тәрбиесіндегі кемшін тұстарымыз бен кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолындағы соқтықпалы-соқпақты сәттері жайлы өрбіді. – Ұлықпан аға, 75 жылдық мерейлі жа­сыңыз құтты болсын! Белгілі тұлға, елі­­міздегі автоматика және есептеу тех­ни­касы саласындағы алғашқы ғалым­дардың бірі қандай бала болды? Өскен ортасы мен шыққан тегі қандай еді? – Менің атам Сыдық деген қария елге өте белгілі болған кісі екен. Асып-тасыған бай емес. Бірақ ақыл-пара­сатымен, шешендігімен, әділ­дігімен өз заманында айналасына абыройлы болыпты. Сол кісі бірінші әйелінен бір ғана қыз көреді. Одан кейін тағы да екі рет отбасын құрғанымен, ол жұбай­ларынан перзент сүйе алмапты. Жасы 65-ке келгенде өзінен 32 жас кіші менің әжеммен бас қосады. Содан менің әкем Есілхан дүниеге келіпті. Әкем жеті жасқа келгенде алдына алып отырып, «Сен келдің жетіге, мен келдім жетпіс екіге»,– деп отырады екен жарықтық. Бірақ «жалғыз бала» демей, жастайынан еңбекке салып тәрбиелепті. Әкем 17-ге жетер-жетпесте отау құрады. Одан өмірге мен келдім. Мен атам мен әжемнің баласы болып өстім. Себебі туғаннан бастап, әжемнің қойнында жатыппын. Төрт жасқа келгенде атам өмірден өтті. Әкем де тура өз әкесінің жолымен мені тек еңбекпен баулыды. Әлі есімде, 7-8 жасымда таңертеңнен ерте тұрып, отындық үшін тобылғы шабуға баратынмын. Мектепте де жақсы оқыдым. Өзім туған қазіргі Абай облысы Үржар ау­да­нында алғашқы болып мектепті алтын медальға бітірдім. Оқу мен еңбекті қатар алып жүру – отбасыдан көрген тәрбиемнің арқасы. Әкем ешуақытта сөзбен ақыл айтып көрген жоқ. Барлығын өз іс-әрекетімен көрсетті. Мен соны қайталап жүріп қана тәр­биелендім. – Мектепті медальмен бітірген соң жоғары оқу орнына да бірден түсіп кеткен боларсыз? – Иә, солай болды. Айтпақшы, мек­тепте оқып жүріп, 10-сыныпта «Батыс-Сібір-Қазақстан» деген олимпиадаға қатысып, математика пәні бойынша жүлдегер атандым. Содан кейін «Мәс­кеуге оқуға түстің» деген жолдама келді. Бірақ мен Алматыға келдім. Сол кездегі КСРО-ның басшысы болған Н. Хрущев деген кісінің «Алдағы аз жылда бүкіл тіршілік автоматтандырылады» деген ұран сөзі болатын. Сол сөз санамызға сіңіп қалған. Сөйтіп, 1965 жылы қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы университет, ол кездегі Политехникалық институттың автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түстім. Мен түскен жылы бұл оқу орнында қазақ мұғалімдері деген некен-саяқ болды. Сабақ беретін ұстаздарымыздың көпшілігі – орыс­тілділер. Дәрістер 95 пайыз орыс тілінде өтеді. Беріге дейін институт тікелей Мәскеуге бағынышты болып тұрыпты. Тағы бір қызығы, мен түскен факультеттегі 50 баланың 49-ы орыс мектептерін бітіріп келгендер болды. Қазақ мектебін бітіріп келген мен ғана екенмін. Жалпы, курста бар болғаны 3-ақ қазақ оқыдық. Сол абитуриент болып келіп, білім алған оқу орнымда әлі күнге дейін отырмын. Биыл 58 жыл болыпты. – «Абитуриент болып келдім, содан бері осы жердемін» дедіңіз. Ұстаздық еттіңіз. Факультет деканы, көп жыл тәрбие ісі жөніндегі проректор болдыңыз. Сұрағым келіп отырғаны – бүгінгі жастар тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Біз жалпы соңғы уақытта осы бағытта неден ұтылып қалдық? Қай тұстан олқылық жіберіп қойдық деп ойлайсыз? – Осы сұрағыңа орай бір мысал айтайын. Ғалымдар осыдан үш мың жыл бұрынғы тасқа жазылған жазуды тауып алыпты. Ашып оқыса, «Бүгінгі жастар бұзылып барады» деген сөз жазылған екен. Айтқым келгені – бұл жерде екі мәселеге назар аудару керек. Біріншісі, жастар тәрбиесі қай кезде де маңызды болды. Екіншісі, кеше де, бүгін де және ертең де жастардың ойлау қабілетімен үлкендер арасындағы қарама-қайшылықтар болып тұра­ты­нын аңғаруға болады. Өз тәжірибеммен бөлісе отырып, жауап бергім келеді. 28 жасымда 2 200 студенті бар факультетке декан болып сайландым. Одан кейін ұзақ жыл проректор болдым. Осы жыл­дар ішінде біреулер секілді кабинетте жабысып отырған адам емеспін. Үнемі студенттердің арасында жүретінмін. Тіпті, жатақханаларды аралап жүргенде, жастармен бірге бөлмелеріне кіріп шай ішіп, отыра беретінмін. Ондағы ойым жастарға қарапайымдылық деген асыл қасиетті құр сөзбен емес, ісіммен көрсетсем дейтінмін. Тағы бір ойым – сондай ортада отырып жастарға өзімнің өткен өмірім мен үлкендерден естіген есті әңгімелерімді жиі айтамын. Сол әңгімелердің бірі болмаса бірі санасында қалып қойса, ертеңгі өмірінде бір жерде қажетіне жарасын деймін ғой сол. Айтпағым, жас ұрпақ тәрбиесінде үл­кендер жағы көбіне іспен үлгі көрсетіп, тәр­биелей алуымыз қажет деп санай­мын. Неден ұтылып қалдық деген сауал­ға келер болсақ, соңғы кезде ұлт­тық тәрбие мен идеология жағынан ақсап жатқанымыз көрініп тұр. Осы мәселеге өте ыждағаттылықпен қарауы­мыз керек сияқты. Сосын көп, жастар­дың бойындағы өнерге, ұлттық салт-дәстүрге деген қызығушылығын ояту жағын қолға алуымыз қажет. Жалпы алғанда, айтқым келгені, ұлттық тәр­бие­­ден алыстамауымыз керек. Әйтпесе, бүгінгі телефонға телмірген жас ұрпақтан елсүйер ерлер шығару қиын болып қалады-ау деп қорқамын. – Өзіңіз іргетасын қалағандардың бірі болған әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі орындап жүрген бірнеше әннің сөзін жаздыңыз. Оның ішінде «Той жыры» әні жарты ғасырдан астам уақыт­тан бері қазақ даласында шырқалып ке­леді. Жалпы, әдебиетке деген құмарлық қайдан келді? – Мен сөзімнің басында мектепте барлық сабақтан өте жақсы оқығанымды айттым ғой. Соның ішінде әдебиет те бар. Оқушы кезімде оқыған кітап­тарымды қойын дәптеріме тізіп жазып жүретінмін. Кейін санасам, 700-дей әдеби кітап оқыған екенмін. Одан бөлек, батырлар жырын жата-жастана оқып өстік. Соның әсері болар, аздап арасында өлең де жаза бастадым. Сту­дент кезімде өзің айтып өткендей, бірге оқыған өнерлі жігіттер бірігіп, «Дос-Мұқасанды» құрдық. Сол кезде бізге жаңа әндер керек болды. Өзіміз әнін, мәтінін жаза бастадық. Осылайша, бірнеше әнге сөз жаздым. – Ақындық демекші, сіз студент кезіңізде осы техникалық оқу орнының ішінен «Бәйшешек» деген әдеби клуб ашқаныңызды білеміз. Сол клубтан елімізге танымал бірталай ақын шықты. Бұл ұйымды ашуға не себеп болды? – «Дос-Мұқасанды» ашамыз деп талантты жастарды іздей бастадық. Сол кезде техникалық бағыттағы оқу орны болса да тарихқа, әдебиетке құмар жастар бұл жерде де бар екенін байқап қалдым. Содан барып, «неге осындай замандастарымыздың басын қосатын бір клуб ашпасқа?» деген ой келді. Сосын әр факультеттен талантты қыз-жігіттердің басын қосып, «Бәйшешекті» құрдық. Аптасына бір рет бас қосып, әдебиет төңірегінде өзара пікрталас жүргіземіз. Мықты ақындардың өлең­дерін оқимыз. Одан бөлек, өлеңнің техникасы, стихиясы деген секілді мәселелерде лекциялар тыңдаймыз. Клубтың алғашқы мүшелерінің арасында бұл күнде елге танымал ақын Иран-Ғайып, сатирик жазушы Таңдай Кенеев, фантаст жазушы Шәмшидин Әбдірамановтар болды. Кейін сол клубтан Қасымхан Бегманов сияқты көптеген ақын жетіліп шықты. – Ол кездерде мұндай клубтар ашу деген мәселе, әсіресе жастардың басын қосатын ұйымдар қатаң бақылауда бо­латын еді ғой. Сіздерде қандай да бір қиындықтар болмады ма? – Болғанда қандай. Әдеби үйірмеміз жұмысын енді бастаған кез болатын. Бір күні аяқастынан «деканатқа шақырып жатыр» деді. Барсам, бір орыс жігіт тұр екен. Мені жеке алып шығып, қызметтік куәлігін көрсетті. Сол кездегі МҚК, қазірше айтқанда, ҰҚК қызметкері екен. Бірден сұрақтың астына алды. Әңгімесін «Мемлекетке төңкеріс жасайтын ұйым құрып жүр екенсің» деп бастады. Сол кездегі Мәскеуде Мұрат Әуезовтер бастаған қазақ жастарынан құрал­ған «Жас тұлпар» ұйымымен қандай да бір байланыстарың бар ма?» деп сұрады. Басқа да бірнеше сұрақ қойып, қыспаққа ала бастады. Мен «Жас тұлпармен» ешқандай байла­нысымыз жоқтығын, ол ұйымның басында жүрген азаматтарды мүлдем танымай­тынымды айтып түсінік жазып бердім. Сонда да қыр соңымнан қалмай қойды. – Содан олардан қалай құтылдыңыз? – Осы институтта қазақша тақия киген бір кісіні ылғи сырттай байқап жүретінмін. Сұрастыра жүріп, ол кісінің осы жерде кафедра меңгерушісі, әйгілі ғалым, алғашқы фарабитанушы Ақжан әл-Машани екенін біліп алдым. Мектепте оқып жүргенде ол кісінің газет-журналдардағы мақалаларын оқып жүретінмін. Бір күні аңдып тұрып, «Ассалаумағалейкум, ата» деп кіріп барып едім, жүзі жылып, орнынан атып тұрды. «Уағалайкумассалам, балам» дегенде көзімнен жас шығып кетті. Келген шаруамды айттым. Әдебиетке құмар қыз-жігіттердің басын қосып, клуб ашқанымызды, сол үшін арнайы қызмет өкілдері ізіме түскенін тәптіштеп айтып бердім. Ол кісі алдымен кеңкілдеп тұрып күліп алды. Артынан: «Балам, былай істе, Қазақстан жазушылар одағына бар. Сол жерде Ілияс Есен­берлин деген ағаң бар. Сол кісіге мен жіберді деп айт. Қалғанын сол ағаң өзі реттейді» деді. Тура Ақжан аға айтқандай істедім. Ілияс аға бәрін тыңдап алып: «Қам жеме, бәрі дұрыс болады» деп арқамнан қағып, шығарып салды. Кетіп бара жатқанымда «Ректорыңа сәлем айт. Алдағы аптада институт­тарыңа кездесуге барамын», – деді. Көп ұзамай Есенберлин бізге кездесуге келді. Залда ине шаншар орын болмады. Осыдан кейін әлгі арнайы қызметтің қызметкерінен біржола құтылдым. Одан кейін де бірнеше марқасқа тұлғамызбен кездесу өткіздік. Солардың арасында Сәбит Мұқановтың келгені естен кетпейді. Қасына ақын Тұрсынай Әбдірахманова мен жазушы Сәкен Жүнісовті ерте келіпті. Тұрсынай апа мен Сәкен аға арасында ән салды. Сондағы Сәбит ағаның: «Неше жыл Алматыда тұрып дәл осындай институт бар екенін бүгін білдім ғой» деп жұртты ду күлдіргені есімде қалып қойыпты. – Аты аңызға айналып кеткен әйгілі «Дос Мұқасанның» әндеріне сөз жазушы ғана емес, сол ұжымды құрғандардың қатарындасыз. Өнер ұжымының аяққа тұрып кетуіне тікелей кімдер қол ұшын созды?Атап айта аласыз ба? – Әрине, кез келген игі істің бастау­шысымен бірге оның қолдаушысы болмаса қанат жайып кетуі мүмкін емес нәрсе ғой. Сол сияқты «Дос-Мұқасан» да бірден осылай даңқты болып кете қойған жоқ. Өнер ұжымының өз мүмкіндігін барынша көрсете алуына бірден-бір қолын созған адамдар сол кездегі осы институттың ректорынан басшылық құрамы болды. Біз алғашында ескі-құсқы, кейбірін өзіміз қолдан жасап алған аспаптармен ойнап жүрдік. Арнайы аспап сатып алайық десек қымбат тұрады. Ондай ақша жалаңаяқ студенттерде қайдан болсын? Содан бір күні ректорға көмек сұрап кірейік деп шештік. Ректорымыз Баян Рақышевтың қабылдауына алдын ала жазылып кіруге барсақ, алдында келбетті келген бір кісі отыр екен. Ол кісі біздің институттың түлегі, сол кезде Текелі қаласындағы комбинаттың директоры Ибрагим Еділбаев деген кісі екен. Ректорға бұйымтайымызды айта бастап едік, әлгі кісі «Мен көмектесейін жігіттерге. Өздері сұрап отырған чехословакиялық музыкалық аспап­тарын түгелімен алып берейін»,–деді. Қуанғаннан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Артынша ол кісі уәде­сінде тұрып, сол кездегі заманауи болып саналатын ансамбльге қажет аспаптың бәрін алып берді. Артынан білдік, ректорымыз ол кісіге бұған дейін де біз туралы «Бізде осындай талантты балалар бар. Қолдап жіберейік десек, қолымызда ондай мүмкіндік жоқ» деп жиі айтып жүреді екен. Содан кейін тағы бір асыл ағамыз, сол жылдарды институттың партия ұйымының хат­шысы болған әйгілі ғалым Досмұхаммед Кішібековтің қолдау, көмегін көп көрдік. Одан кейін бізге партиялық жағынан арнайы куратор болып сай­ланған Тұрсын Омаров деген ағамыздың әкеміздей қамқорлығын көрдік. Ол кісі әйгілі әнші Жамал Омарованың туған бауыры еді. Болмыс-бітімі барынша қазақи, соғысқа қатысқан, сондай мейірімді адам еді. Міне, осындай асыл ағалардың арқасында «Дос-Мұқа­санның» даңқы аспандап кетті.  – Өмірде сеніп жүрген адамдарыңыз тарапынан сатқындыққа тап болған кезіңіз болды ма? – Иә, өмір болған соң ондай сәттер болып тұрады ғой. Менде де кейбір доспын деп жүрген азаматтар арасында ондай пендешілікке жол беріп қой­ғандары болды. Бірақ көпшілігі артынан өз қателігін түсініп, кешірім сұрап жүрді. – Кешірімшілсіз бе? – Солай деп айта аламын. Сосын ешқашан ешкімге кек сақтаған адам емеспін. Көп жағдайда маған қиянат жасаған адамдар өздері іштей тынып, қиналып жүргенін байқаймын. Бір ғана мысал айтайын. Студент кезімде үздік оқығанымды айттым ғой. Тек беске оқитындарға тағайындалатын лениндік шәкіртақы иегері едім. 4-курс­та бір ұстазымыз өз-өзінен қырсығып, маған бір сабақтан әділетсіз түрде «төрт» деген баға қойды. Артынан декан шақырып жөндетпекші болып еді, өзім көнбей қойдым. Осылайша, сол жылы лениндік жоғары шәкірт­ақыдан айырылып қалдым. Кейін сол кісі мен декан болған жылдары қол астымда жұмыс істеді. Бірақ бірде-бір рет бетіне басып айтқан жоқпын. Осы жасыма дейін соған ұқсас бірнеше жағдай болды. Ондайда әркімнің өзінің арына қалдырғанды жөн санаймын. – Әңгімеңізге рақмет!