Аrtsport-тың шикілігі көп
Аrtsport-тың шикілігі көп
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
578
оқылды
Былтырғы ең үлкен жырдың бірі – Аrtsport жобасы аясындағы дау болды. Әу баста, бас-аяғы жинақы, тәп-тәуір басталған жобаның соңы сиырқұйымшықтанып кетті. Науқан­шылдыққа салынатын әдетімізбен, өңірдегі осы саламен айналысатын жергілікті билік өкілдері бағдар­лама­ны дұрыс жүйелемей, бөлінген қар­жы­ны оңды-солды шашып, бір жыл­дық бюджетті 2-3 айда ғана таусып тастады. Салдарынан қалған айларға қаржы жетіспей, осы іспен тыңғылық­ты айналысамын деп барлық қаржы­сын құйған кәсіпкерлер тиісті ақша­сын ала алмай бірнеше айлап, әкім­дікті торуылдап жүрді. Одан бөлек, ең сорақысы, осынау жо­баға бөлінген қаржыны жымқыру әрекеті барлық өңірде әшкереленіп, талай лауа­зымды тұлғаның қолына кісен салынды. Яғни, қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ талай кәсіпкерлік әшкереленді. Есесіне, оларға құйылған қаржы әлдебіреулердің қалтасын қампайтты. Абырой болғанда, қазына қаржысын бақылаушылар мұндай сорақылықтарды дер кезінде анықтап, талайының жолын кесті. Осылайша, өткен жыл Аrtsport жобасы аясындағы айқай-шуы көптігімен де есте қалды. Спорт секция­лары мен өнер үйірмелеріне қаты­сатын балаларды мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру арқылы тегін ұйымдастыру бұдан әрі де жалғасын тауып, өміршең болады деген үміттеміз. Жауапты мамандар ендігі әбден пісіп, сақтықпен жұмыс істейтін шығар деген ойдамыз... Жүйесіз жүргізілген жобаның соңы... Жоба аясындағы дау-дамай Шымкент қаласында да өрбігені белгілі. Естеріңізде болса, қыркүйек айында тиісті қаржысын ала алмаған 100-ден аса кәсіпкер банкрот болудың алдында тұрмыз деп, әкімдік алдына наразылыққа шыққан. Жаз айла­рында 30 мың баланы өз қаржысы есебінен оқытқан олар бұдан ары жалғастыра ал­май­тынын айтқан-ды. «Қайыршыдан еш айырмашылығымыз қалмады. Ала таңнан кешке дейін әкімдіктің алдын торуыл­даймыз. Жауапкершілігі жоқ шенеунік­терден шаршадық» деп, екі айдан бері тиесілі қаржысын ала алмаған кәсіпкерлер шырылдаған болатын. Тіпті, біреулері несие алып, енді бірі мұғалімдердің жала­қысы мен ғимаратты жалдау ақысына қа­рызға батқан. Мұндай шикіліктің шы­ғуына осы салаға жауапты мәдениет басқармасы басшы­лығының ақшаны жым­қыру айыбымен ұсталғаны себеп болса керек. Наразылыққа шыққан кәсіпкерлердің алдына шыққан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов сол кезде «қанша талап етсеңіздер де, төлей алмаймыз» деп әңгімені шорт кескен. Осылайша, биліктен мардымды жауап ала алмай, сағы сынған кәсіпкерлер «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасына жүгінген.
«Бағдарлама операторы болып сана­латын Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқар­масы кәсіпкерлерге маусым айының соңында шілдеден бастап үйірмелердің қызметін қаржыландыруға қаражаттың болмайтынын айтып, хабарлаған. Деген­мен, келісімшарт іс жүзінде бұзылмай, кәсіпкерлер үйірмелер мен секциялардың жұмысына өз қаражаты мен несиелік қа­рыз­дарын сала отырып, жұмысын жалғастырды. Бірақ шілде мен тамыздағы жұмыс үшін ешқандай төлем жүргізілмеген. Кәсіпкерлер мұның себебі оператордың бағдарламаны іске асыруға немқұрайлық танытуы деп санайды. Себебі жоспарда 6 мың ваучер болуына қарамастан, оператор ваучерлерді оңды-солды таратып, 36 мыңға жеткізген. Салдарынан бір жылдық бюджет 3 айдың ішінде таусылған», – дейді Шым­кент қаласының Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бас­шысы Ақниет Әбдіқадірова.
Кәсіпкерлер мен оператор арасында есепсіз оңды-солды жүргізіліп жатқан келісімшарттардың шектен тыс көптігіне күмәнмен қараған бастапқы жеткізушілер жауапты билік өкілдеріне хабарласып, соңы ақша жетіспеушілігіне ұласуы мүмкін екенін ескерткен-ді. Алайда, оператор оған мән беріп жатпастан ваучерлер санын көбейте берген. Салдарынан соңы тығы­рыққа тірелді. Ал нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, кәсіпкер оператор тығырыққа тірелді екен деп жұмысын тоқ­тата алмайды. Ғимаратты кемі 1 жылға жалдауы тиіс екені бастапқы талапта көрсетілген. Сабақ беретін мұғалімдер де осындай талаппен алынған. Шілде және тамыз айында кәсіпкерлер мұғалімдердің жа­лақысын, ғимараттарды жалдауды, салықты өздері төлеп, шығын материал­дарын өз қаражаттарына сатып алады. Олардың көпшілігі бұл үшін банктер мен микрокредиттік ұйымдардан несие ресімдеген. Төленбеген екі ай шығар­ма­шылық үйірмелерді ұйымдастыру­шы­лардың бюджетіне қатты әсер етіп, әкімдік алдына митинг ұйымдастырса да нәтиже шығара алмаған. Шымкентте қарыз толығымен жабылды Палата заңгерлері мәселені Кәсіп­керлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің талқылауына шығарды. Сондай-ақ жеткізушілерге мәселені бизнес-омбудсменге айтуға мүмкіндік берді. Ат­қарылған жұмыс нәтижесінде қала про­кура­тура­сының әкімдікке көрсетілген қызметтерге ақы төлеу талабымен бұзу­шылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Міне, осылайша өткен жылдың соңғы айы­нан бастап кәсіпкерлер жаз айларын­дағы төлемін ала бастады. Сөйтіп, жуырда Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы Кәсіпкерлер палатасына 2022 жылғы шіл­де-тамызда қалыптасқан берешек бойын­ша балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде қарыздар толығымен өтелгені туралы хат жолдады. Оператор 172 қызмет көрсетушіге 392, 941 млн теңге төлем жүр­гізген. Жыл бойы тақырып тұздығына айна­лып келе жатқан бұл мәселе биыл жүйе­леніп, енді қайтып соқпайтын болармыз деген үміттеміз...

Шымкент қаласы