Түркістан облысында өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Осы тұрғыда Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы көптеген нәтижелі істер атқаруда. Айталық, жергілікті партиялықтарға көкейлеріндегі сауалдары мен мұң-мұқтажын айтып келіп жатқан халықтың саны күн санап арта түсуде. Өйткені облыста азаматтардың мәселесін шешу мақсатында партияның қоғамдық қабылдаулары тұрақты түрде арнайы кездесулер ұйымдастыруды жақсы үрдіске айналдырған. Аудандық партия филиалына Сайрам ауданының Ақсукент, Көлкент, Қарасу ауылдарының тұрғындары газдандыру, автомобиль жолдарын салу және халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша көмек сұрай келді. Партиялықтардың атсалысуымен Ақсукент ауылы Зиябеков көшесі тұрғындарының өтініші қанағаттандырылды. Тарқатып айтсақ, аталған көше тұрғындары 2019 жылы Nur Otan партиясы Сайрам аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында болып, өтініштерін білдірген. Яғни, 18-ге жуық тұрғын үй, тәуелсіздік алған жылдардан бері табиғи газсыз отырғанын, аталған көшеде теміржол саласында жұмыс атқарған еңбек ардагерлері мен жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және зейнеткерлер тұрғанын және бірнеше қашықтықтан табиғи газды жүргізіп, үйлеріне орнатуға қаржылары жетпейтінін айтып, жәрдем сұраған. Мәселенің мән-жайын, көше тұрғындарын толық тыңдаған аудандық мәслихат депутаттары Б.Жамалбеков, М.Есалиев, Б.Зиятаев және жеке кәсіпкер А.Юсупов көше тұрғындарымен жеке кездесу өткізіп, табиғи газ мәселесі бойынша толықтай зерделеу жұмыстарын жүргізді. Белгілі болғаны, аталған көше ауданның картасында болмаған. Сол себепті ешқандай жоспарға енгізілмей қала беріпті. Осы жағдайларды ескерген аудандық мәслихат депутаттары өз қаражаты есебінен газ кіргізу жұмыстарын бастап, ақпан айында жалпы сомасы 4,5 млн теңгеге Зиябеков көшесін толықтай табиғи газбен қамтамасыз етіп берді. Көп жылдан бері газға қол жеткізе алмай келген көше тұрғындары игілікті ісі үшін партиялықтар мен депутаттарға алғысын жаудырды. Жергілікті партия қызметінің араласуымен шешімін тапқан тағы бір мәселе – жол мәселесі. Ол да нәтижелі болды. Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округіне қарасты Ханқорған елді мекенінің тұрғыны З.Бекбаева Ш.Уәлиханов атындағы көшенің бүгінгі жағдайы қиындық тудыратынын айтып, партияға өтініш білдірген болатын. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев мәселені бақылауға алып, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары А.Әбдрахманұлы, Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсенбаев және аудандық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі Б.Зиятаевқа Ш.Уәлиханов көшесінің жағдайымен танысып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты өз қаражаты есебінен алдағы 10-15 күннің ішінде көшені толықтай асфальттап беруге тапсырма берді. Нәтижесінде, Ханқорған елді мекеніндегі Ш.Уәлиханов көшесіне толықтай асфальт төселіп, пайдалануға беріліп, көше тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Көшесіне жол төселгеніне риза болған ауыл тұрғыны З.Бекбаева «Халыққа көмек» жобасы аясында азаматтармен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыра білген Nur Otan партиясы мен мәслихат депутаттарына және аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне көпшіліктің атынан алғыс айтты. Тағы бір шешімін тапқан мәселенің бірі – баспана мәселесі. Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты ана Дариға Аманбаеваға Nur Otan партиясы Қарасу Бастауыш партия ұйымы төрағасының ұйымдастыруымен баспана салып берді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қуаныш иелерінің шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен танысты. Баспаналы болған қуаныш иесі қонақтарды шашу шашып қарсы алды. Жақын уақытта Қарасу елді мекенінің тағы бір отбасы тұрғын үй тауқыметінен арылады. Қамқорлықты қажет ететін Абдуалиевтер отбасына тұрғын үй салынып жатыр. Аталған жұмысқа Бастауыш партия белсенділері, ауыл тұрғындары, мәслихат депутаттары демеушілік жасауда. Айта кетейік, «Қамқорлық» бағдарламасы аясында партиялықтар мен Қарасу ауылының кәсіпкерлері алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасыларға баспана салып беруді жалғастырады. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ. Тельман БЕЙСЕН