Бүгін жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. Палата спикері Ерлан Қошанов оған еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Еске сала кетейік, Елнұр Сабыржанұлы 4 қаңтарда «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалды. Елнұр Бейсенбаев 1986 жылы 27 маусымда қазіргі Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы «Саясаттану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2006-2008 жылдары – «Болашақ» РҚ жастар қанатының жетекшісі, волонтер, белсендісі. 2006 жылдан 2010 жылға дейін «Болашақ» РҚ төрағасының орынбасары, «Жастар Үні» журналы бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеді. 2010-2012 жылдары – «Жастар үні» ЖҚБ төрағасы. 2012-2015 жылдары Алматы қаласындағы № 48 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, ҚКХП Алматы қалалық филиалының хатшысы болды. 2015-2017 жылдары – Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы. 2019 жылдан 2020 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі болған. 2020-2021 жылғы 14 қаңтар аралығында «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы болды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен (2016 жыл), ҚР Президенті Н.Назарбаевтың (2016), ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың (2019) Алғыс хаттарымен марапатталған.