Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің атына әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің атына әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы депутаттық сауал жолдады
© ktk.kz
2,319
оқылды
Мәжіліс депутаттары  Премьер-министрдің атына әйелдердің зейнет жасын қысқарту туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әлеуметтік желіде хабарлады. 
Депутаттың айтуынша, өткен жылы Мемлекет басшысы әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты үлкен қоғамдық сұрау салуға жауап берді. Әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде тоқтата тұру туралы Заңға қол қойылды. Зейнеткерлік жас шегі 2028 жылға дейін бекітілді.
Осы уақыт ішінде Үкімет зейнетақы жүйесін қайта жүктеу үшін оңтайлы шешімді табуы керек. Әрі бұл үшін зейнеткерлік жасты көтеру міндетті емес.
"Еңбек және халықты қорғау министрлігінің зейнеткерлік жасты көтеру үшін мынадай екі негізгі дәлелі бар. Біріншісі – бұл өмір сүру ұзақтығының өсуі. Екіншісі – бұл зейнеткерлік жасты ұлғайту есебінен зейнетақының өсуі. Бірақ статистикаға жүгінсек, соңғы үш жылда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға төмендеген. Сондықтан қазақстандық әйелдердің өмір сүрген кезінде демалғысы келетіні де әбден заңды нәрсе. Ал зейнеткерлік жасты ұлғайту есебінен зейнетақыны арттыру – бұл итті өзінің кесіп тастаған құйрығымен тамақтандырумен бірдей. «AMANAT» партиясының жанындағы Экономика жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте біз зейнеткерлік жасты төмендетуді қолдауын жалғастырып жатқан әйелдер қозғалысының белсенділерімен бірнеше рет кездестік. Кеңес олардың дәлелдерімен мұқият танысып шықты. Кейбір позициялар бойынша олар қисынды, негізді әрі иланымды болып көрінеді. Осыны негізге ала отырып, осы мәселе бойынша келесі ұсыныспен бөліскім келеді", – деп жазды ол.
Аманжан Жамалов әйелдер үшін төмендетілген зейнеткерлік жас кеңес дәуірінде жекелеген салалардың жұмыскерлері үшін белгіленгенін айтады.
"Содан кейін бұл салалар тізбесі оған барлық әйелдер кіргенше кеңейтілген еді. Сол жылдары әйелдер 5-6 бала туып, ауыр үй жұмысын орындаған, өндірісте еңбек еткен. Сондықтан зейнетке ерте шығу әйелдер мен аналардың еңбегі үшін әділ өтемақы болған.
Қазіргі әлемде әйелдердің жұмыс және тұрмыс жағдайлары өзгерді. Біз гендерлік теңдікке ұмтылудамыз. Еңбек және өндіріс жағдайлары жақсарып жатыр. Үй міндеттері анағұрлым тең, жеңіл және қауіпсіз болуда.
Алайда, бір факт өзгеріссіз қалды. Бұл бала туу. Қазақстандағы бала туудың жиынтық коэффициенті 3,13-ке тең. Бұл әрбір әйел өз өмірінде орта есеппен үш бала туады дегенді білдіреді. Бала туу әйелдерді жұмыстан уақытша кетіп, дағдылары мен құзыреттерін жоғалтуға, мансабы мен кәсіби тәжірибесін құрбан етуге мәжбүрлейді. Осы кезеңде олар зейнетақы жарналарын аудармайды, тиісінше зейнетақысы жағынан ұтылады. Бұл шығындардың зейнетке ерте шығу құқығымен өтелуге тиіс екені сөзсіз. Бірақ бұл құқық қазіргі болмысты ескере отырып, әділ әрі негізді болуға тиіс", – деп есептейді депутат.
Халық қалаулысы қазіргі таңда, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа дейін, дәлірек айтқанда, 53 жаста зейнетке 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана шығатынын айтып, әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныс жасаған.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет баласы бар әйелдер үшін зейнеткерлік жасты төмендету нұсқасын тұтастай қарастыруы қажет деп есептеймін. Әр баланы туғаны үшін зейнеткерлік жасты 2 жылға, бірақ 10 жылдан аспайтындай төмендету керек. Осылайша, үш баланы дүниеге әкелген әйелдің 6 жыл бұрын зейнетке шығуға құқығы болады. Бүгінгі таңда әйелдер үшін зейнеткерлік жастың тоқтатыла тұрғанын ескере отырып, бұл 55 жылды құрар еді. Егер әйелдер үшін жалпы зейнеткерлік жас 63 жасқа дейін өссе, онда ол 57 жасында зейнетке шыға алады. Бұл әділ шешім болады, біздің әйелдерімізді қолдайды және ең бастысы, бала тууды ынталандырады деп есептеймін", – деп аяқтады сөзін Аманжан Жамалов.