Екібастұздық оқушылар демалыстан оралып жатыр
Екібастұздық оқушылар демалыстан оралып жатыр
471
оқылды
Екібастұз қаласының оқушылары қысқы демалыстан үйіне қайтып жатыр. Қазақстанның әртүрлі шипажайында өткен демалысты «AMANAT» партиясының мүшелері ұйымдастырды. 1 мыңнан астам бала бос уақытын көңілді өткізіп қана қоймай, құрбы-құрдастарымен танысып, жаңа оқу тоқсаны қарсаңында күш-қуат жинады. Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде «AMANAT» партиясының волонтерлері мен белсенділері алғашқы күннен бастап қала тұрғындарына гуманитарлық көмек таратуға атсалысқан болатын. Тұрғындарға жылытқыштар, жылы көрпелер, қажетті заттар таратылды. Аманаттықтар аталған көмекпен шектеліп қалмай, балалардың қысқы демалысын ұйымдастырды. Осылайша, 50 оқушыдан тұратын топ қысқы демалысын Түркістан облысындағы «Бәйшешек» лагерінде өткізді. Партиялықтар оларға арнап тартымды да қызықты бағдарлама ұйымдастырды: спорттық жарыстар, тауға сапар, Түркістанның киелі орындарына экскурсия. Балалар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Farab кітапханасына, «Керуен сарай» орталығына және тағы да басқа орындарға барды.
«Маған Түркістан қаласы тұрғындарының қонақжайлығы өте ұнады. Өскенде осы шаһарға көшіп келемін деп шештім. Түркістан өте әсем қала. «Алтын Самұрық» театры да ұнап қалды. Сонымен қатар, біз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бардық. Ол жерде маған ата-бабаларымыздың қанжарлары мен кітаптары ұнады», – деді Мақсат Құмарбек есімді мектеп оқушысы.
Алматыда Іле Алатауының етегінде орналасқан «Қазақстан» шипажайында  Екібастұз қаласынан келген 30 бала демалды. Партиялықтар оларға арнап көрікті жерлерде экскурсия ұйымдастырды. Балалар цирк қойылымын тамашалап, «Медеу» мұз айдынында коньки тепті.
«Алматыға алғаш рет келіп отырмын. Маған бәрі ұнады. Осы қалаға келуді үнемі армандайтын едім. Таулар да өте әдемі. Демалысымыз шынымен де ертегідегідей өтіп жатыр», – деп атап өтті Нұрсая Боранбек есімді оқушы.
Оңтүстік өңірден оралған оқушылар Қарағандыда аялдап, аманаттықтар оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Әртүрлі сыйлық табыс етті. Ал балалармен бірге еріп жүрген тәрбиешілер мен медицина қызметкерлеріне Алғыс хат ұсынылды. «AMANAT» партиясының мүшелері Павлодарға келген оқушылар тобын да қарсы алды. Партиялықтар балаларды вокзалдан күтіп алып, Екібастұзға жеткізетін автобустарға отырғызды.
«Оқушылар шаттық сезімге, таңғажайып әсерге бөленді. Балалар жақсы демалып, көтеріңкі көңіл күймен оралды. Біздің мақсатымыз қысқы демалыс кезінде балаларды уайымнан арылтып, денсаулығын нығайту болды. Осы уақыт аралығында әрбір балақай үшін алаңдап отырдық. Олардың аттап басқан әр адымын, лагерьлердегі бос уақытын, жалпы эмоционалдық жағдайын бақылауда ұстадық. Өз баламыздай алаңдадық», – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айнұр Мұхамедьярова.