Қостанай облысында банк операциялары арқылы есірткі сату схемасы анықталды
Қостанай облысында банк операциялары арқылы есірткі сату схемасы анықталды
Фото: 24.kz
Қаржы мониторингі агенттігі терроризмді, есірткі бизнесі мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы департаментінің қызметкерлері ІІМ-нен телеграм-канал арқылы есірткі сату туралы келіп түскен ақпарат шеңберінде талдау жүргізіп, Қостанай облысында есірткі сатушыларды анықтады. Заманауи технологияларды қолданудың арқасында банктік шоттар бойынша күдікті операциялар көзге түсті, сол арқылы қылмыстық схеманы ашу мүмкіндігі туды.
"Талдау нәтижесінде 350-ден астам есірткі тұтынушы мен есірткі таратушылардың ұйымдастырушылары анықталды. Талдау көрсеткендей, маусымнан қыркүйекке дейін заңсыз әрекеттің айналымы 41 млн теңгеден асты" делінген хабарламада.
Қаржылық операциялардың талдау нәтижелері сатушыларды тұтқындау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Қаржылық мониторинг агенттігі ел азаматтарының денсаулығына орны толмас зиян келтіретін қылмыстарды анықтау және жолын кесу жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыратын болады.